Ақмарал Леубаева, айқын: Біздер жайлы аңыздардың бәрі мұң...
Ақмарал Леубаева, айқын: Біздер жайлы аңыздардың бәрі мұң...
Белгілі айтыскер ақын, тыңдарманы көп әйгілі әндердің авторы Ақмарал Леубаеваны іздеп, «сол қыз қайда жүр?» деуші оқырман аз емес. Оқырманның осы бір аманатын арқалап, Ақмарал ақынды арнайы іздеп барып ек... «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей, өрнегі өзгеше өрілген осы бір сыр-сұхбатты оқырманымызға қаз-қалпында беруді жөн санадық.
– Қайда жүрсіз десем, «Тауда жүрмін тұманды ойдан арылып, Ауасы мүлдем кеткен соң қала тарылып, далаға ғана айтатын сырын айқайлап, тағы бір атым – тағылық», – дейсіз. Көп болды көрінбейсіз десем, не дер едіңіз?
– Осындамын...
Ақын дейтін мен бір бақша бұлбұлы,
Кеудесінің шырылы өлең – шындығы.
Қайда жүр деп іздегендер түсінер,
Түсінбеске түсіндірер кім мұны.
Өз сауытын өзі соққан батырдай,
Жауынан да көрсем дейтін құндыны.
Алла сынақ берген екен, кешірім
Сұрасын деп күнәсіне бұл құлы.
Жаратқанға жайған қолым бос қайтпас,
Дертке шипа сұрағаным күн – түні.
Түрілгенде тәтті мұңның түндігі,
Оянғандай дүр сілкініп қыр гүлі,
Жанарыммен сүйіп бүтін әлемді,
Жарқ етермін бір күні!
– Біз арқылы оқырманның білгісі келетіні айтыстың ақтангері Ақмаралдың жағдайы қалай? «Жұмыссыз дейді, жүдеп жүрген жоқ па екен» – дейді жанашырлық танытқан көп оқырман...
– Жағдайың қалай деймісіз...
...жай ғана емес бұл жолы,
Жанашыр жан байқадым,
Көп сұрағын көңілдің,
Көзіңе жиып сұрадың.
Түсінемін, жел сөздің,
Кім білуші ед тұрағын...
«Әжептеуір қызмет еді,
Кімге жақпай қалдың екен шырағым?»
Дәл осылай атам да,
Қояды кейде сұрағын.
– Заман солай, – дейді сосын,
Бір қисайтып тұмағын.
– Кешірші ата, шындықтың,
Шекпенін киген шыдамым.
Қайыры бар мұның да,
Қайырымды Алла Тағала,
Жібермес бекер сынағын.
Дәрежесі дүниеге тәуелді,
Дәрменсіздің баса алмадым құмарын.
Жүрегімнің тыныштығы мекенім,
Қорықпаңыз, одан биік тұрамын.
АЛЛА берген адал ризық несібем,
Өлең дейтін жарқырап тұр шырағым.
Алты алаштың ақ батасы бойыма,
Абыройдың тағып берген тұмарын.
Тақ түгілі, бәтеңкемнің бауын да,
Құдіреті күшті Алладан сұрадым!!!
– Сізді ұғынғысы келетіндерге неге суықсыз? Ішкі ойдың қақпасын құлыптап алып, соңғы кезде тым томаға-тұйық боп кетпедіңіз бе? «Қадірлей алмай басымды, Қорқаулар етті әңгүдік. Аққан жас түгілі жатқан тас, сөйлейді кетсе жан бітіп» – дегеніңізді оқыдым. Содан түйген ой осы... не дейсіз?
– Не дерім бар ма....
Тарқатар айтсам шер ішім,
өлең болсын жауабым,
түсіне білер ел үшін.
Жеңілгендерім – жеңісім!!!
....Басынуға айналғалы көп ісің,
Басын шұлғып тұрса дейсің сен үшін.
«Шылбырыңды ұстат» дейді қолыма,
Шеңберінен шығармайтын өрісің.
Өз шындығын жасыратын сендегі,
Өтірікке бере алмаймын келісім!
Шаңын сүрте қоймайды деп ренжиді,
Босағадан төрге озған кебісің.
Саған несін өкпелеймін барың ғой
Ертелі-кеш жазалайтын арың ғой.
«Қолдың кірі» қызмет қымбат сен үшін
Қисық біткен түзелмейді таным-ой
Ал мен үшін АДАМ болып қалу мен,
Ақындыққа адал болу – АБЫРОЙ!!
- Ақындық дегеннен шығады... Айтыстан көрінбеген соң ел «Ақмарал айтысты қойыпты» деп жүр. Айтыстан ертерек кеттім деп ойламайсыз ба?
– Қойып кеттің бе...
Талабымды тасқа қайрап таным деген,
Бұл өлеңді анам маған «бағың» деген.
Өлең деген әдемі әлемімді,
Содан бері қорғап келем арымменен.
Құдай берген өлеңді қалай қоям,
Жақсы көріп жазатын жанымменен.
Қойған жоқпын,
Өлеңіме сыр ашып шағынуды,
Өткен күннің парағын сағынуды.
Қойған жоқпын тарқатып өкпе, реніш,
Өлең жазып өкініштен арылуды.
Осы өлең, көрсеткен құламауды,
Өксіп- өксіп алып, бірақ жыламауды.
Өз жолымды табу үшін күрестіріп,
Өзгелерді үйретті сынамауды.
Ия, солай...
Қойып кеттім біреуге өкпелеуді,
Қойып кеттім, біреуді кінәлауды.
Қойып кеттім дүние жинағанды,
Өз өзімді біреу үшін қинағанды.
Қойып кеттім өтірік күле салып,
Көңілі үшін дұшпанды сыйлағанды.
Қойып кеттім жалған намыс әрекетті,
Мені босқа ол мінез дөрекі етті.
Қойып кеттім сырымды шашуды да,
Пайдаланып соны дос келеке етті.
Қойып кеттім біреуді жазалауды,
Шорт кесуді, берместен соза дауды.
Қойып кеттім өздері іздемесе,
Өзім деген досты да мазалауды.
Ел сұраса сырымды баяндаймын,
Сабыр етіп, биікке аяңдаймын.
Бәрін қоя салуым мүмкін, бірақ,
Өлең сені ешқашан қоя алмаймын.
– Сахнада үзеңгілес болған достарыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай? Хабарласып тұрасыз ба?
– Біздің жарыс...
Өзгереме тағдырға сызылған іс,
Өмір деген өткінші қызық жарыс.
Өз өзіне сүйсінген пенделер көп,
Тек айнадан көретін жүзін таныс.
Есеп түгіл, өнбес дау өсегі жоқ,
Өлең дейтін өнеге біздің жарыс.
Шапағатқа бөленсе бүкіл демім.
Қанағатпен көңілім бүтін менің.
Жаратушы Иенің құдіреті,
Осы күнге жеткізген, шүкір дедім.
Досыма дос, дүние өзгерсе де,
Өзгермейтін өміршең пікірдемін....
Жүрегіме ақыл дәнін егемін,
Күндестіктің күлін күнде көмемін.
Дос түгілі дұшпанға да ақ тілек,
Айтып тұрып ақидамен жеңемін.
Солай досым,
Сырым, шыным бәрі де осы ақтарар,
Пешенеде лаухы махфуз тақта бар.
Өзің көрген, өзгермеген сәлемнен,
Сол баяғы, Ақмарал!
– «Сен маған сүюді үйреттің...» деген өлеңіңізге жазылған ән талайдың жүрек қылын шертті. Ал өзіңіз кімге не үйреттіңіз? «Ақмаралдың шәкірті» дейтін өрендер бар ма өнерде?
– Бұл өлеңге келдім құрмет ізетпен,
Табанымнан талай рет сыз өткен.
Жарылқасын Дәулет ағам жанашыр,
Шимайымды ең алғашқы түзеткен.
Мұғалімдер тыйым салып жазуға,
Тіпті, бала жүрегімді мұз еткен.
Қайран марқұм Тойтан анам еді ғой,
Өлеңімді сөзден қорғап күзеткен.
Тума талант жарып шығар кемерді,
Біржан Байту шәкіртім бар кемелді.
Бізге әлі үйретумен келеді,
Өмір дейтін ұстазымыз өлеңді.
Өлең-өмір, таразысын теңдеп көр,
Бәлкім біреу тәтті емес кермек дер.
Жүрегіне адамдардың жол тапсын,
Жүрегімнен шыққан жазу өрнектер.
– Байқаймын, жиі күрсінесіз. Өкпе-назды бір сәтке ысырып, сезімнің қылын шертсек қалай қарайсыз?
«Ақ қағаз бен сиясы көк қалам бар,
Көргенімше көңіл іздеп алаңдар.
Жалған дүние, мынау жарық өмірде,
Сізді шексіз сүйетін бір адам бар», – дейсіз. Ол кім дегім келіп отыр...
– Кім деймісің, кім екенін білемін ғой,
Мен сонымен бірге өмір сүремін ғой.
Жаратушым жасап берген жұдырықтай,
Жақсы көре алатын жүрегім ғой...
Жүрегім ғой...
Арада бар байланыс үзбейтұғын,
Айдыныңды қайтем қатар
жүзбейтұғын.
Жанарымның ішінен көрсем деп бір,
Жүрегім ғой... сыңарын іздейтұғын.
Содан сұра сұрайсың несін менен,
Жұмбақ жансың шешуі шешілмеген
Жазғанымды шимайлап тастап едім,
Жүрегім ғой...атыңды өшірмеген.
Бұл не деген сағыныш басылмайтын,
Бола ма екен ғашықтық осындай шын.
Тас қамалдай бекініс салғаныммен,
Жүрегім ғой...ештеңе жасырмайтын.
Оянсам ғой дидарын көріп таңнан,
Егізімді елден жырақ серік болған.
– Жақсы көрем мен сені деген еді,
Жүрегім ғой ...сол сөзге сеніп қалған.
– Сабырлылыққа үндейтін ислам діні парасатты дін. Байқаймын, соңғы кезде сіз де медет болар пайымды Ислам іздерінен іздеп жүргендейсіз. Себебі «Көндіктім Алла құдіретіңе құлшылық еттім, Тырмысып жүріп арбамды сүйреп, тіршілік еттім. Сүріндім талай дұшпаным шалып аяқтан, Құлаған сайын өмір сүру үшін құлшынып кеттім», – дейсіз. Бұл жолдағы құлшылығыңыз қаншалықты ерік-жігерге толы?
– Иә...
Адамның бәрін дос көріп,
алтын сарай салғанмын.
Жаттан емес, жанымда
жүрген жаннан алдандым.
Далада қалып дал болып,
дәруіш талай болғанмын.
Сосын, бастап басынан,
бақыт дейтін балшықтан,
«шүкірлік» дейтін шатырдан,
шаңырақ жасап алғанмын.
Босағасы үйімнің,
шыдам, сабыр, төзімнен.
Төрі – тілек, жайнамаз,
Берілер ниет мәзірмен.
Қабырғасы – Мейірім,
жылуы жанға сезілген.
Ошағы – ыстық махаббат,
тұтанар жалын көзімнен.
Ақ сандыққа жиған жүк,
Дәулеті тасып езілген.
Дастарқаны қанағат,
Ырыстың орап бөзімен.
Тіршілігім – құлшылық,
жасырар не бар өзіңнен.
Есігім ашық адалға,
сыбаға жылы сөзімнен.
Несін айта беремін,
көрсінші келіп көзімен...
– Басыңыздан жаулығыңыз түспейді. «Оранып алыпты, еңсесін сонша түсіріп, жас қой әлі, басын көтерсін де...» деп сәлемдеме айтқан бір апаңыз бар... Біреу емес-ау, осы ойда жүрген апаларыңыз көп сияқты. Оларға не дер едіңіз?
– Сезем...
мүлдем бəрінен бейхабарсыз,
Ары кетсе, ел айтқанды айта аларсыз .
Жауабын да күтпестен қайта-қайта,
Көп сауалды тек іштей қайталарсыз....
Жас адамның көрсетпесе заңдылығын,
Кінəсі жоқ Ақмаралдың жаулығының.
«Еңсесін көтерсін», – деп ескерткенің,
Есіме көп жағдайды салды бүгін.
Елден ерек күйім емес дараланған,
Жаным аулақ жұрт ойлар жорамалдан.
Арымның адалдығын қорғау үшін,
Орамалмен осылай орап алғам.
Мүмкін жанға айналғанмын басқа,
білем,
Жұмбақ болып барамын досқа кілең.
Бір тал шашым секілді көрінбейтін,
Құпиямды жасырдым ақ шəлімен.
Адамды адам ар керек сүймегі үшін,
Тура жолды табу мендік күйдегі сын.
Ұялта да алмайды ешкім мені,
Ұятымның кимешек кигені үшін.
Бəрі тозар, өзгертер түсін, мейлі,
Тек орамал тозбайды, кішірмейді.
Абыройдың аманат бұл пердесі,
Ешқашанда еңсемді түсірмейді!
– Бәрекелді! Айтқызбақ болғаным да осы еді... Еңсеңізді ешқашан түсірмейтін абыройдың басыңыздағы аманатын кір шалмасын! Аман болыңыз!
– Рахмет! Біраз сырды ақтардық...
Біздер осы, ақын дейтін елденбіз,
Аш болып та, тоқ болып та көргенбіз.
Қайрат дейтін қылыш ойды құшақтап,
Намыс дейтін найзағайға сенгенбіз.
Өлеңімді алмаса тек болды деп,
Көген алсақ бәрін жұртқа бергенбіз.
Жарамызды жалап жазып қасқырдай,
Қайғыны да күліп тұрып жеңгенбіз.
Біздер солай ақын дейтін халықпыз,
Жарқ ететін қараңғыда жарықпыз.
Бүкіл елді аузымызға қаратып,
Бір күйеуге жалтақтайтын ғәріппіз.
Біз басқаның тыңдамаймыз әмірін,
Біздер жайлы аңыздардың бәрі мұң.
Бізді солай бақытты етіп жаратты,
«Өлең» дейтін өмір беріп Тәңірім.
Сұхбаттасқан Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ