Ұлттық музейде «Елбасы және мәдениет» көрмесі ашылды
Ұлттық музейде «Елбасы және мәдениет» көрмесі ашылды
26 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы жинағынан «Елбасы және мәдениет» көрмесі ашылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күніне арналған көрменің мақсаты – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мәдениетті қайта жандандырудағы, көп ұлтты Қазақстан халқының негізгі рухани құндылықтарын әлемдік деңгейде ілгерілетудегі рөлін көрсету.
Шараның ашылу салтанатына Игорь Рогов, Куаныш Сұлтанов, Дархан Мыңбай, Азат Перуашев, т.б. қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев елдің тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуды, сақтауды және насихаттауды мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасы және мәдениет» көрмесінде Елбасы кітапханасының мұрағаттық материалдар жинағы, әртүрлі жанрдағы 170-тен астам құжаттары ұсынылды.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рақымжанов: «Құрметті, ағайындар! Тұңғыш Президент күні мерекесі баршаңыз үшін берекелі болсын! Біз сіздерді Елбасының зор еңбегіне арналған бүгінгі көрмеден ерекше әсер алады деп сенеміз. Бүгінде Қазақстан бойынша әр облыс, әр аудан, университет, мектептерде Тұңғыш Президент күніне арналған түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішіндегі бүгінгі көрме маңызды шаралардың бірі болып табылады. Себебі Елбасының білім, денсаулық сақтау саласы, жан-жақты салалар бойынша жасаған еңбектерін өздеріңіз білесіздер. Ал мәдениет саласында жасаған еңбегін осы көрмеден көре аласыздар», -деді.