Қазақ-қырғыз шекарасы: «Қордай» бекеті күрделі жөндеуден өтеді
Қазақ-қырғыз шекарасы: «Қордай» бекеті күрделі жөндеуден өтеді
Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы халық пен көлік ең көп өтетін «Қордай» бекеті ағымдағы жылдың желтоқсан айынан бастап күрделі қайта жөндеуден өткізіледі. Бұл туралы Қордай ауданында екі елдің министрлері басқосқан кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған кездесуге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, Шекара қызметінің директоры Д.Дильманов, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Дауылбаев, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Көлік және жол министрі Ж.Бейшенов, Қырғыз Республикасы Көлік және жолдар Министрлігі жанындағы автомобиль, су көлігі бақылау агенттігінің директоры және Шекара қызметінің басшылары қатысты.
Жиын барысында Қордай өткізу пункті жөндеу жұмысына жабылғанға дейін Қырғызстан мен арадағы негізгі шекаралық бақылау-өткізу бекеттерін жаңарту туралы әңгіме қозғалды.
Сондай-ақ, «Сортөбе» және «Ауқатты» автомобиль өткізу пунктерінің мәртебесін екіжақты өткізу пунктерінен «көпжақты халықаралық» өткізу пунктеріне ауыстыру көзделіп отырғандығы айтылды. Яғни алдағы уақытта барлық транзиттік жол көліктері осы екі бекет арқылы өтуі мүмкін. «Қарасу», «Сортөбе», «Ауқатты» бақылау бекеттеріндегі шекара арқылы өтушілерге арналған бақылау кабиналарының қатарын көбейту, екі ел арасындағы шекара сызығында орналасқан көпірді реконструкциялап, кеңейту сынды өзекті мәселелер де қозғалды.
Жөндеу жұмыстары жүргізілетін кезеңде Қордай ауданы әкімдігі тарапынан «Қордай» бақылау бекетінен күнделікті өтетін азаматтар үшін «Қордай-Қарасу» бағытында арнайы қоғамдық көліктер ұйымдастыралатын болады. Көтерілген мәселелер транспорттық дәліздің жұмысын кеңейтіп, шекарадағы кедергілерді азайтуға септігін тигізбек. Осы тұста екі бірдей бақылау бекеттерінде халықаралық мәртебе берілгендіктен ауданның автожолдары республикалық мәндегі автожол болуы әбден мүмкін.
Айта кетейік, қазіргі таңда екі ел арасында 11 автокөлік өткізу пункті бар. Олардың бесеуі – көпжақты халықаралық, ал алтауы – екіжақты. Екіжақты өткізу пунктерінің төртеуінен өтетін адамдар мен көліктердің қарқыны төмен болғандықтан, олар 2010 жылы жабылған. Ал, қазір жұмыс істеп тұрған жеті өткізу бекетінен жылына 11 миллиондай адам, 1 миллион 300 мыңдай жеңіл көлік және 400 мыңнан астам жүк көлігі өтеді екен. Ал, екі ел арасындағы халық пен көлік ең көп өтетін пункт – Қордай бекеті.