«Ұлы дала халықтарының құндылықтары»
«Ұлы дала халықтарының құндылықтары»
«Ел-шежіре» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Ұлы даланың жеті қыры: ұлттық тарих уақыты» («Ұлы дала халықтарының құндылықтары») ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.
Конференцияның мақсаты – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының контекстіндегі жаһандық тарихтағы қазақ халқының рөлін талқылау үшін алаң ұйымдастыру, қазақ халқының тарихи тамырларын қарастыру, қазіргі заманның жаһандық мәселелерін зерттеуде отандық ғалымдардың халықаралық ынтымақтастығының негізгі бағыттарын анықтау.
Аталған конференцияға 170 адам, соның ішінде Түркі тілдес елдерден (Түркия, Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б.) шетелдік сарапшылар қатысты. Атап айтқанда:
· Гатин Марат Салаватович – Тарих ғылымдарының кандидаты, Қазан университетінің тарих және қоғамтану білім беру кафедрасының доценті (Татарстан);
· Миңнегулов Хатип Юсупович – Қазан университетінің еңбек сіңірген профессоры, филология ғылымдарының докторы (Татарстан);
· Мусаев Сыртбай – И.Арабаев атындағы ҚМУ Лингвистика институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор (Қырғызстан);
· Юлдашев Қазақбай – Ташкент Мемлекеттік университеті, Өзбек тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы (Өзбекстан);
· Утанова Сирдарехон – Өзбекстан Республикасы Фанлар академиясы, Өзбек тілі мен әдебиеті және фольклоры институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор (Өзбекстан);
· Назаров Насриддин Атакулович – Ташкент Сәулет-құрылыс институты, философия ғылымдарының докторы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор (Өзбекстан);
· Бахадырова Сарыгул – Өзбекстан Ғылымдар академиясының Қарақалпақстан бөлімі ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор (Қарақалпақстан).
· Ислам Жеменей – «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.
· Шәмші Бауыржан – М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы.
Конференцияға сонымен қатар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Төлеков Елдар Мырзабекұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлы Қалқаманов қатысты.
Конференцияны құттықтау сөзімен филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек ашты. Одан кейінгі сөз кезегі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Е.М. Төлековке, Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.А. Қалқамановқа берілді.
Конференцияның бірінші күні пленарлық және секциялық отырыстар өткізілді. Конференцияның қорытындысы бойынша қарар қабылданып, ғалымдар мен сарапшылар өз ойларын білдірді.
Атап айтқанда, ұтымды ұсыныстардың маңызды мәселелерін тізіп өтейік:
1) Түрік әлеміндегі ортақ құндылықтардың қайта қалыптасуы мен баяндылығын қамтамасыз ету үшін әліппе (алфавит) бірлігін қайта қарау ұсынылды, (Мысалы: Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан жеке әліппелерін дайындауда. Әркімнің жеке әліппесі әр елдің қиындықтарын туындатады. Бұл болашақта түрік әлеміндегі интеграциялық процесіне кері әсерін береді, бірлік болмайды.
2) Түрік халықтары мен мемлекеттерінің тарихын зерттеу және оқытудың ортақ әдістемесін қалыптастыру.
3) Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан заманауи түркітану және ғылыми-методологиялық зерттеудің платформасы ретінде ғылыми журнал шығару (SCOPUS және т.б. жоғары индексті журналдар).
4) Түркі халықтарына ортақ тарихи ұлы есімдерді ұлылау, насихаттаудың орталықтандырылған жүйесін құру (мысалы, Абай, әл-Фараби, Беруни).
5) Келешекте түркітану бағытындағы ортақ терминдерін қалыптастыру мәселесі.
6) Түркологияға еңбегі сіңген ғалым тұлғалардың мұрасы мен тәжірибесін насихатта мақсатында арнайы оқу кешенін қалыптасту (мысалы, Абай оқулары, Шәкәрім оқулары және т.б.).