Грузия астанасында мыңдаған адам наразылыққа шықты
Грузия астанасында мыңдаған адам наразылыққа шықты
Тбилисиде парламент ғимараты алдына оппозицияның мыңдаған жақтастары шығып, мажоритарлы-пропорционалдық аралас жүйеде сайлау өткізуге үзілді-кесілді қарсы шығып, 2020 жылы парламент сайлауы тек партиялық тізіммен өтуі тиіс деген талап қойып жатыр. Бұл туралы Орталық Азияның жаңалықтар қызметі хабарлады.
Біріккен оппозиция лидерінің мәлімдеуінше, "Грузин арманы" деп аталатын басқарушы партия жетекшісі, миллиардер Бидзина Иванишвили ортақ мәмілеге келуден бас тартқан. Енді олар сейсенбі күні парламент ғимараты алдына тағы шығып, пленарлық сессия өткізуге мүмкіндік бермейміз деп отыр.
"Еуропалық Грузия" партиясының негізін қалаушы Гига Бокерия журналистерге билік күшін қолданса да, талабымызды орындатпай қоймаймыз деп мәлімдеді.
Бүгінде Грузия парламентін мыңдаған әскер қоршап тұр. Онда су шашатын көлік те әкеп қойған.
Осының алдында "Грузин арманы" партиясының хатшысы Кахи Каладзе парламенттегі көпшілік сайлау жүйесін қайта қарауды көздемейді деп мәлімдеген. Ол оппозицияны 2020 жылдың 31 қазанында өтетін сайлауға дайындалуға шақырған.
Полиция парламент ғимараты алдына отын, шатыр, жылы көрпе, азық-түлік тасыған жүк көліктерін ұстады.