Жаңалықтар

«Астана Опера» театры «Коппелияны» сахналады

ашық дереккөзі

«Астана Опера» театры «Коппелияны» сахналады

«Астана Опера» театрының сахнасында  «Коппелия» күлдіргі балетінің премьерасы өтті. 22 және 23 қараша күндері елорда тұрғындары мен қала қонақтары Ролан Петидің хореографиясындағы спектакльдің француздық нұсқасын тамашалады.  Екі жарым сағаттық балет бір демде өтті. «Коппелия» сюжетінің негізіне Гофманның «Құм адам» новелласы алынған. Алайда қойылымды жасаушылар неміс жазушысының тылсымға толы туындысын комедияға айналдырып, Коппелиус есімді шебердің механикалық қуыршағына ғашық жас жігіт жайында баяндаған. Осылайша, балеттегі барлық романтикалық сезімдер келеке етіледі, дегенмен, көрерменге профессор Коппелиустың Сванильда бейнесінде жасалған механикалық қуыршаққа деген жауапсыз махаббаты туралы ой тасталды. Спектакль басында кейіпкерлер әскери бөлімшеде ұсынылған, сондағы декорациялар сарбаздардың бірқалыпты өміріне сай келеді. Қаланың жас қыздары айбынды жігіттерге көз қырын салып, олармен бірге жеңіл де еркін биде шыр айналуда. Көрнекті суретшілер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапиноның қызғылт және көгілдір түстерде жасаған сәнді костюмдері көрермен қауымның назарын өздеріне аударды. Сұр казарма аясында көңіл көтеретін би өте әсерлі көрінді. Жеңілтек бозбала Франц (Бақтияр Адамжан, Арман Оразов), оның қызғаншақ қалыңдығы Сванильда (Әйгерім Бекетаева, Шұғыла Әдепхан) және үйінің терезесінде желпуіш ұстап отырған жұмбақ қызы бар бапшыл Коппелиус (Луиджи Бонино, Рүстем Сейітбеков) сезімдер үштігінен гөрі махаббаттың төртбұрышына тап болады. Бейтаныс қызға қызығушылығы артқан Франц онымен танысуға құмартып, жасырын түрде Коппелиустың үйіне кіреді. Ол жерге Сванильда да келіп, профессорды әшкерелейді. Комедия жанры болғандықтан, соңы бақытты аяқталады: Франц пен Сванильда үйленеді, қала қонақтары қуанышқа бөленеді, тек Коппелиус қана қолында сынған қуыршағы және жаралы жүрегімен оңаша қалады. Қоюшының түпкі ойына сәйкес, спектакльдің басынан аяғына дейін кейіпкерлер көрермен залымен байланыста болды. Театрдың жетекші солистері бұл балетті нағыз француз әзілімен орындап шықты. Жұртшылық күлкіге қарық болып, сахнада өтіп жатқан жағдайға жандана әрекет етіп отырды. Екі күнде де өз кейіпкерін әр әртіс өзінше ұсынды. Сөзсіз, Бақтияр Адамжан сомдаған Франц өте шебер әрі актерлік тұрғыдан жеңіл, күлкілі әрі тартымды болып шықты. Арман Оразов болса, дәлдікке негізделген дене қалыптарын көрсетті, оның Францы Ролан Пети ойластырғандай жел мінезді жігіт еді. Сванильданың рөлінде бірінші күні сахна төріне мінсіз сұлу, сұңғақ бойлы, пішіні сымдай тартылған, ақсүйектік тән балерина Әйгерім Бекетаева шықты. Оның Сванильдасы – ерке қыз, қызыққұмар әрі қызғаншақ. Әртістің ым-ишарасынан да, көзқарасынан да – барлығынан балалық аңғалдық танылып тұрды, жас кербездің бейнесін дәл сомдау оның қолынан келді. Ол Р.Петидің күрделі хореографиясын лайықты деңгейде алып шықты. Жанр мен стильдің заңдылықтарын сақтай отырып, ол аяқ қимылдарымен ғажап дүниелерді көз алдымызға әкелді. «Астана Опера» балет труппасының жас әртісі Шұғыла Әдепхан Сванильданың рөлін премьераның екінші күні орындады. Бұл партияның хореографиясы тіпті тәжірибелі балериналардың өзіне оңай соқпайды, алайда солист бар қиындықтарды еңсеріп, қоюшы балетмейстердің үмітін ақтай алды.