Шұбат пен қымыз Қытайға экспортталады

Еліміздің құрғақ шұбаты мен қымызына Қытай тарапынан қызығушылық мол. Дүниежүзілік стандарттар күніне орай өткен форумда отандық кәсіпкерлердің өнімді экспортқа шығаратыны мәлім болды.

«Түркістан облысында «Gol­den Camel» деп аталатын үлкен инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл компанияның өнімдері Қытай стандарттарына сәйкес келеді», – деді «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК бас директорының орынбасары Еркежан Әмірханова.

Бұдан бөлек, Қытайдың стандарттау органы – сүт өнімдері қауымдастығы стандарты негізінде ұлттық стандартты жасау қолға алынды. Бұл тұрғыда Е.Әмірханова «Қытай стандартын қазақстандық өнімге қолдануға рұқсат алуымыз керек болды. Қажетті құжатты жіберіп, рұқсат алдық. Енді қазақстандық компанияға Қытайдағы сүт өнімдері қауымдастығының стандартын қабылдауға құқық берілді. Бүгінгі таңда құрғақ шұбат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық талаптары бойынша қол қойған хаттамаға кіргізілді. Бұл хаттама осы өнімді экспорттауға жол ашады», – деді.

Қымыз – ерекше сусын. Қытайлар оны көп тұтына бермейді, бірақ, бүгінгі таңда олардың қымызға қызығушылықтары артып келеді. Алайда, қымызға қатысты оларда стандарт жоқ болғандықтан, өзіміздің ұлттық стандарт қытай тіліне аударып берілді. Ол алдағы кезде Қытайдың денсаулық сақтау министрлігінде талқыланып, арнайы зерттеуден өтетін көрінеді.

 

 

 

Back to top button