Түркістан облысындағы жол апаты: 4 көлік соқтығысып, 15 адам зардап шекті

Түркістан облысында төрт көлік соқтығысып, 15 адам зардап шекті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Апаттың мән-жайын «Қазавтожол» ҰК баспасөз қызметі түсіндірді.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 24 қарашада таңғы сағат 11:00 шамасында Hyundai Accent автокөлігінің жүргізушісі Сарыағаш-Шымкент бағыты бойынша келе жатып тежегіші істен шыққан, нәтижесінде екі Daewoo Nexia автокөлігімен соқтығысқан. Осылайша Hyundai Accent жана бастаған. Осы бағытта келе жатқан төртінші көлік жүргізушісі басқалармен апатқа түспеу үшін тосқауылға келіп тиген», – деп хабарлады Ұлттық компания баспасөз қызметінің жетекшісі Маржан Ордабай.

Оқиға болған жерде Түркістан облысы ПД тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары болған жағдайды анықтауға кірісті. Ал Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жол жүру ережесін сақтау және ауа райы нашар жерлерде сақ болу керек екенін ескертті.

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының соңғы мәліметтеріне сәйкес, жол-көлік оқиғасынан 15 адам зардап шеккен.

«Қазығұрт аудандық ауруханасына 14 адам жеткізілді. Біреуі қалды, ол дәрігерлердің көмегіне мұқтаж болмады. Жеті адам жансақтау бөліміне жеткізілді, жағдайлары ауыр. Травматологияда үшеуі жатыр, төртеуі үйіне жіберілді. Облыстық аурухананың нейрохирургтері аудандық ауруханаға санавиациямен келді. Бір науқасқа ота жасалып жатыр, екіншісін де дәрігерлер отаға дайындау үстінде», – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

 

Back to top button