2016 жылдан не күтеміз?

2016 жылдан не күтеміз?

2016 жылдан не күтеміз?
ашық дереккөзі
Қазақша жыл санау үрдісіне сай мешін жылы әлі есік ашқан жоқ, әз – Наурызда табалдрықтан маңғаздана аттайды. Бірақ әлемдік есепте кезекті күнтізбелік жыл тарих қойнауына енді. 2015 жылы аяқталмаған талай шаруа 2016 жылдың еншісіне қалды. Сириядағы соғыс, Еуропадағы мигранттар дағдарысы, Ресей мен Батыс арасындағы экономикалық санкциялар, Украинадағы тұрақсыздық, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауы, әлемдік экономика өсімінің тежелуі, дамушы нарықтардағы тоқырау, тіпті кері кету – ғаламдық деңгейде қордаланып тұрған түйткілді мәселелер жетерлік.

КӘРІ ҚҰРЛЫҚ ӨЗІНЕ СЕНІМСІЗ

Мешін жылында Еуропа өткен жылдарда шешімін таппаған шаруалармен әлек болмақ. Былтырғы жыл кәрі құрлық Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан қаптаған мигранттардың қалың нөпіріне төтеп бере алмай, ішкі қайшылықтарға ұрынды. Тіпті Шенген аймағының келешегіне қауіп төнді, себебі кейбір еуропалық мемлекеттер босқындардан сақтану үшін өз шекараларын уақытша жабуға мәжбүр болды. Дегенмен, мигранттардың басым көпшілігі Германия аумағына өткендіктен, немістер тұтас Еуропа үшін бар шығынды өздерінің көтергенін айтып, наразылық таныта бастады. 2015 жылы кәрі құрлыққа миллионға жуық мигрант келген екен. Еуроодақ елдері оларға көмек ретінде әрі жағдайды реттеу үшін миллиардтаған еуро бөлгенімен, мигранттар дағдарысынан шығар оңды жол табылмады. Соңғы шара – заңсыз және экономикалық мигранттарды Еуроодақ аумағынан күшпен шығаруды қолға алды. Оның үстіне, Ұлыбритания Еуро­одақтан шығу не ұйым құрамын­да қалу мәселесіне қатысты референ­дум­ды биыл өткізетін болды. Лондон Еуропаның мигранттар мәселесіндегі солқылдақ саясатына наразы, сондықтан өз нарығын келімсектерден қорғауға мүдделі. Мұның бәрі Еуроодақтың келешегіне күмәнмен қарауға жетелейді.

УКРАИНАНЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

Украина – ғаламдық саясаттағы шешуі қиын түйіннің біріне айналды. Дегенмен, «жыланды үш кессең де, кесірткелік әлі бар» демекші, алдағы дамудан үміті зор. Биыл Украина Еуроодаққа одан әрі жақындай түспек. Себебі қаңтардан бастап Еуропалық одақпен еркін сауда-саттық аймағы толық күшіне енді. Былтыр Украина экспортының 33 пайызы Еуроодақ елдеріне тасымалданған болатын. Елдің экономика министрлігінің дерегіне жүгінсек, қазіргі таңда Еуроодақ Украинаның басты сауда әріптесі. Енді еуропалық тауарлар Украинаға баж салығынсыз кіргізілетін болды. Ал Ресейге жіберілетін украиндық экспорт 12,7 пайызға дейін қысқарған. Биылдан бастап Ресей Украинадан келетін азық-түлік, шикізат пен ауылшаруашылық өнімдерін өз жеріне енгізуге үзілді-кесілді тыйым салды. Украина премьер-министрі Арсений Яценюк ресейлік эмбаргодан биылдың өзінде 600 миллион долларға дейін шығын келуі мүмкін екенін жариялады. Бірақ Киев те айылын жияр емес: егер Ресей райынан қайтпаса, олар ресейлік тауарларды Украина аумағына кіргізуге тыйым салмақ. Осылайша, экономикалық соғыс қызып тұр. Бірақ Киев сасатын емес. Украи­на­ның президенті Петр Порошенко: «Біз артқа – экономикалық агрессия, саяси бопсалау және империялық астамшылық билік құрған нарыққа оралмаймыз. Біз еуропалық және әлемнің басқа да еркін нарықтарында жұмыс істейміз» – деді. Украинада ақпараттық техно­логиялар, пошта, теңіз, дистрбью­тер­лік салалар жақсы дамыған деседі, енді осы салалардағы тауарлар мен қызметтерді Еуропаға тасымалдамақ. Осының бәрі Украинаның эконо­микасы үшін тың серпін беруі мүмкін. Кейбір сыбыстарға қарағанда, ал­дағы күзде Украинада кезектен тыс парламент сайлауы өтуі мүмкін. Сондай-ақ Еуропалық одақпен визасыз жүйе енгізілетіні жөнінде саяси шешім қабылданған, енді бәрін заңды түрде рәсімдеу қалды. Бірақ Украинада қашан тұрақ­тылық пен тыныштық орнайтыны бел­гісіз. Былтыр ақпан айында қабыл­данған екінші Минск келісімі Украинаның шығысындағы әскери қимылдарды тоқтатуды көздеді. Бірақ бұдан соң да қарулы қақтығыстар болып тұрды. 1 қыркүйектен бастап Ресей, Украина, Донбасс аймағы бірлесіп тыныштық сақтау туралы келісімдерді қайта пысықтады. Мешін жылы Минск келісімдері өз күшінде қалмақ. Еуропалық Одақ былтыр жыл соңында өткен соңғы басқосуында Ресейге қатысты санкцияларды алты айға дейін өз күшінде қалдырды. Шілденің соңына дейін Минскі келісімдері толықтай жүзеге асады деген үміт бар. Егер ол кезге дейін Украинада оқ ату тоқталмаса, мәселе қайтадан талқыға түспек.

РЕСЕЙ РЕЦЕССИЯДАН БИЫЛ ШЫҚПАЙДЫ

Жаңа жылдан бастап Қырым тұрғындары тек ресейлік төлқұжатпен жүре алады. Екі айдың ішінде басқа мемлекеттің азаматтығы бар тұрғындар өз еркімен төлқұжаттарын тапсыруы керек. Егер украиндық төлқұжаттарын осы уақыт ішінде өткізбесе, ол азаматтарға 2350 доллар шамасында айыппұл салынады немесе 400 сағат мәжбүрлі түрде жұмыс істеуге жаза кесіледі. Осылайша, мешін жылы қырымдықтарға жаңа тәртіп, тосын қиындықтар әкелмек. Биыл күзде Ресейде Мемлекеттік дума сайлауы өтеді. Депутаттардың жартысы партиялық тізіммен, қалған жартысы бір мандатты округтерден сайланбақ. Қазірдің өзінде, оппозиция «Единая Россия» ешкімге жетекшілікті бермейді деп қынжылыс білдіруде. Ресей батыстық экономикалық санк­цияларға жауап ретінде бір­қа­тар елдердің тауарларына эмбар­го жариялаған болатын. Биыл олар­дың тізіміне Украинаны да қосты. Былтырдан бері Ресейдің еуро­палық азық-түлік тауарларын қалай тонналап өртеп, көзін жойып жатқаны ғаламторда әжуа-сықаққа айналды. Ресейдің қаржы министрі Антон Си­луанов 2016 жылы Резервтік қор бітеді деп болжаған еді. Ресей Орталық банкі де Резервтік қордағы қаржы 2017 жылдың ортасына дейін ғана жетеді, ал Ұлттық әл-ауқат қорының қаржысы 2018 жылы біржола түгесіледі деп жариялады. Ресей экономикасы мешін жы­лы рецессиядан шығуы қиын де­се­ді. Резервтік қор әзірше Ресей эконо­микасын қатты құлдыраудан сақтауы мүмкін, бірақ жалпы ахуалдың жақсара қоюы екіұдай. Биылғы жылдың бюджеті мұнай бағасының 50 доллар болуына орай деп жоспарланды. Егер жыл бойы мұнай баррелінің құны 35-50 доллардан аспаса, онда ресейлік ЖІӨ көлемі азайып, өмір сүру деңгейі одан әрі төмендей түсуі мүмкін. Халықтың тұтынушылық қабілеті азая түссе, әлеуметтік наразылықтың артуы да ғажап емес.

ЕҢ ЫҚПАЛДЫ ПРЕЗИДЕНТ КІМ?

Кейбір елдерде президент сайлауы болсын, парламент сайлауы болсын – өтіп-өтпегені басқаларға білінбей де қалады. Алайда әр төрт жыл сайын барша әлем Америка президентінің келесі сайлауын демін ішіне алып бақылайды. Британдық «The Independent» газеті бір жолы «ақыры АҚШ прези­денті бүкіл әлемге ықпал ететін тұлға екен, ендеше оны америкалықтар ғана сайламасын да» деп жазған еді. Әрбір қалжың сөзде шындық бар, ғаламдық саясаттың бір тұтқасы Ақ үй қожайынының қолында екені рас. Сон­дықтан да бір жыл бұрын-ақ бұл елдегі сайлауалды оқиғаларға барша әлем көз тігіп отыр. Мешін жылы қараша айында АҚШ жаңа президентінің сайлауы өткізілмек. Екі ірі саяси партияның бірегей үміткерлері әлі анықтаған жоқ. Алдағы ақпан айынан бастап шілдеге дейін басты үміткерлердің есімі белгілі болады. Әзірше, Республикалық партия­ның мүшесі Дональд Трамп пен Демокр­тиялық партияның өкілі Хиллари Клинтонның бәсі жүріп тұр. Трамптың соңғы сенсациялық мәлім­демелерінің бірі – ол АҚШ прези­денті Барак Обама мен бұрынғы Мемле­кеттік хатшы Хиллари Клин­тонды «Ислам мемлекеті» экстремис­тік тобының пайда болуына қатысы бар деп айыптады. Қазіргі таңда Д.Трамп – Республи­ка­лық партияның он екі үміткерінің ішіндегі ең танымалы. Ал демократтар Х.Клинтоннан басқаны көзге ілгісі жоқ. Дегенмен, алдағы он айда кімнің айы оңынан туады – болжап білу қиын. Сегіз жыл бұрын қара нәсілді тұр­ғынды президент сайлаған Америка енді әйел президентті теріс көрмес, бәлкім?

СИРИЯ ӘЛІ ДЕ ДОДАҒА ТҮСУДЕ

Сирияның бір шенеунігі Астанаға келген бір жиында «Біздің елде 77 мемлекеттің мүддесі қайшыласты» деген еді. Бірнеше жыл бұрын айтылған осы сөздің шындығы бүгінде толықтай әшкереленді. Бес жылдан бері соғыс қимылдары толастамаған Сирияны былтырдан бері АҚШ бастаған коалициялық елдер бомбының астына алды. Енді батыстық демократиялық мем­лекеттер әуеден атқылаумен қатар бұл мемлекет жеріне шетелдік әскер кіргізудің қажеттігі жайлы айта бастады. ДАИШ деп аталған террористік ұйымды жою желеуімен Сирияны алпауыт елдер әскери ұрыс қимыл алаңына айналдырды. Ресей президенті Путин бұл елді ашықтан-ашық «әскери жаттығу алаңы» деп атады. Алпауыттардың теке-тірес ала­ңына, күш сынасу орнына айналған Сирияда бейбіт өмір орнайды дегенге сену қиын. Оның үстіне, Сирияның президенті Башар Асадтың тағдырының не болары белгісіз. Таяу Шы­ғысты жіті бақылап отырған сарап­шылар Сирияда жақын арада әділ сайлау өтіп, тұрақтылық орнайды дегенге күмәнмен қарайды. Мешін жылы бұл дағдарыстың шешімі табылуы екіталай.

ҚАРА АЛТЫН ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

«Bloomberg» агенттігі арнайы зерт­теу жүргізіп, АҚШ доллары келесі жылдың соңына дейін әлем­дік валюталарға қарағанда нарқы арта түседі деп болжаған. Канада доллары, британдық фунт стерлинг, норвегиялық крон ғана қазіргі бағамын сақтап қалады. Басқа валюталардың бәрі долларға қарағанда құнсызданды. Ал мұнайдың Brent маркасының бір баррелі бағасы 37 доллардан төмен­деп кетті. Бұл соңғы 11 жыл­дағы ең төменгі көрсеткіш. Бірақ мешін жылы қара алтынның бағасы көтерілуі екіталай. Себебі биылдан бастап Иран өз мұнайын сауда нарығына шығармақ, сондықтан ОПЕК елдері желтоқсан айында мұнай өндірісін азайтуға шешім шығарғанмен, қара алтынға деген сұраныс артпайды. Оның үстіне, АҚШ соңғы қырық жылдан бері күшінде болған қара алтын экспортына салынған тыйымды алып тастады. Сондықтан мешін жылы мұнай бағасы қазіргіден арзандамаса, қымбаттамайды деседі. 2020 жылға дейін мұнайдың бір баррелі 50-60 доллардан аспайды деген болжам бар. Ал ОПЕК елдері мешін жылынан бастап мұнайға деген сұраныс біртіндеп артады деп үміттеніп отыр. Бірақ әлемдік сұраныстың өсуі өте баяу жүзеге аспақ, соның нәтижесінде мұнайдың бағасы жылына 5 долларға ғана артып отырады да, 2020 жылға қарай орташа баға бір барреліне 80 долларға жетуі мүмкін.

МЕШІН ЖЫЛДЫҢ ТАҒЫ БІР ҚАТЕРІ – ЭЛЬ-НИНЬО

Ғаламдық климаттың өзгерісі былтыр Париж қаласында өткен тұңғыш саммитте талқыланған еді. Қазіргі кездегі ірі климаттық қатер – Тынық мұхитының экваторға жақын аймағындағы су температурасының құбылуынан пайда болған Эль-Ниньо феномені. Эль-Ниньо ағысының кесірінен Жер бетіндегі ауа райы өзгеріп, миллиондаған адамдардың өмірі мен ден­саулығына қауіп төнуі мүмкін. Себебі ол Африка құрлығы сияқты көп­теген аймақтарда құрғақшылық тудыр­са, басқа жерлерде, керісінше, тасқын суға себепкер болуы мүмкін. Мешін жылының алғашқы жартысында Оңтүстік және Орталық Америка, Кариб маңы аймағындағы елдер табиғаттың тосын мінезінен зардап шегуі әбден ықтимал. Қазірдің өзінде Африкада 31 миллион адам азық-түліктен тап­шылық көруде. Гуманитарлық ұйым­дар климаттық өзгерістердің салдарынан аштық пен тапшылыққа ұшыраған адамдардың саны күрт көбеюі мүмкін деп қауіптенеді. ЮНИСЕФ ұйымы Эль-Ниньо Африкадағы 11 миллион баланы ас-сусыз қалдырады деп болжап отыр. Оған қоса, бұл аймақтарда түрлі эпидемиялардың өршу қаупі зор. Ал Бүкіләлемдік банкі егіс өнімінің азаюының салдарынан Оңтүстік Азияда 2030 жылға қарай 62 миллион адам кедейшілік қамытын киюі мүмкін деп болжайды. Бұдан қоса, азық-түлік бағасы қымбаттап, адамдардың денсаулығығы нашарлауы да мүмкін. Ғаламдық жылыну үрдісі Эль-Ниньо сияқты тосын құбылыстардың санын көбейте түсуі ықтимал.

Тінту мен тексеріс артады

Париждегі өткен қарашадағы қанды оқиғадан соң бақуатты Еуропа елдері түнде тыныш ұйықтаудан қалды. Соғыс өрті шарпыған Африка, Таяу Шығыс елдері ғана емес, дамыған қоғамдардың өзінде кез келген уақытта жарылыс болып, оқ атылуы әбден ықтимал екеніне көз жетті. АҚШ-тың Калифорния штатындағы айдың-күннің аманында 14 адамның кісі қолынан қаза табуы үрейдің жалынын үрлей түсті. Жаңа жылдың алдында Парижді 60 мың әскер мен полиция қосымша күзетке алды. Лаңкестердің әрекетінен қорыққан Брюссель жаңа жылдық отшашу салтанатынан бас тартты. Әлемдік ірі қалаларда тінту мен тексеріс көбейді. Париж, Берлин, Нью-Йорк, Мадрид, Пекин секілді әлем астана­ла­рында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, Токиода қоғамдық орын­дар мен метроларда тұрғындарды сақтыққа шақыратын үнқағаздар көптеп жапсырылды. Куала-лумпурда соңғы екі жылда «Ислам мемлекеті» ұйымына қатысы бар деген күдікпен 150 адам ұсталған екен, сондықтан малайлық шенеуніктер де лаңкестерден барынша сақтанудың қамын жасады. АҚШ әскері Ауғанстанда 2017 жылға дейін қалады. Барак Обама америкалық әскер биылша осы елде қалып, ауған әскерін жаттықтырумен айналысады әрі әскери іс-қимыл шараларына қатысады деп мәлімдеген. «The Guardian» газетінің жазуынша, қазір «Талибан» қозғалысы Ауғанс­тан­ның 30 пайызын уысында ұстап отыр. Халықаралық сарапшылар америкалық әскер біржола тастап шыққаннан кейінгі Ауғанстанның тағдырына алаңдаушылықпен қарады. Мешін жылын әлем осылайша жаппай қорқыныш, үрей мен сенімсіздік құшағында қарсы алды.

ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ

Қазақстан әлемдік экономикадағы ау­малы-төкпелі күйді қара ал­тын бағасының түсуі мен ұлттық валю­таның девальвацияға ұшырауынан-ақ сезініп отыр. Былтыр Қазақстан Пре­зи­денті Н.Назарбаев «Шын дағдарыс енді басталды» деп ашық мәлімдеме жасап, қиын күндерге тас-түйін дайын болуға шақырды. Сондықтан, мешін жылы алаңымыз көп болғалы тұр, шамасы. Біріншіден, шикізаттық экономика шеке­мізді шылқытпасына осы жиырма төрт жылда көзіміз әбден жетсе де, әлемдік нарықтағы мұнай бағасына әлі тәуелдіміз. Бірақ әзірге қара алтынға сұраныс төмен, ендеше, мешін жылғы бюджеттің кіріс көлемі көңіл көншітерлік емес. Екіншіден, ұлттық валютаның тұрақ­сыздығы қазақстандықтардың мазасын қашырды. Былтыр қазақс­тан­дық Google іздеу парақшасында ең көп қойылған сұрау «Доллардың теңгеге шаққан бағамы» болған екен. Осының өзінен-ақ қоғамдағы көңіл-күйді байқауға болады. Ұлттық банкің жаңа төрағасы Данияр Ақышевтің өзі Қазақстан ұлттық валютасы үшін мұнайдың Brent маркасының бағасы өте маңызды индикатор екенін мойындауға мәжбүр болды. Қара алтынның нарқы әзірге өспейтіні анық болып тұр, ендеше, көптеген қазақстандықтардың мешін жылын пессимистік көңіл-күймен қарсы алу себебі түсінікті де. Үшіншіден, азық-түлік, комму­налды қызметтер, жалпы өмір сүру деңгейі орташа табыс көлемінен алшақтап барады. Ал жалақы мен әлеуметтік төлемдер көлемі көбіне сол күйі қалды, тіпті, инфляция мен девальвацияны есепке алғанда, олардың деңгейі былтырғымен салыстырғанда төмендеген. Өткен қараша айында, инфляция­ның жылдық деңгейі 12,8 пайыз болған. Ұлттық банк мешін жылдың соңында инфляция деңгейін 8 пайыздан асырмауға уәде беріп отыр, бірақ оның көрсеткіші жыл бойы жоғары деңгейде қалатынын да ескертеді. Елбасы Жолдауында айтылғандай, әлеу­меттік қолдау саясаты одан әрі жүргізіле бермек. Мешін жылын­да денсаулық сақтау саласы қызмет­керлерінің айлығы 28 пайызға, білім беру қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға, ал әлеуметтік қорғау жұмыскерлерінің жалақысы 40 пайызға көбейтіледі. Әлеуметтік төлемдер мен шәкіртақы көлемі 25 пайызға өсірілді. Зейнетақы көлеміне инфляция деңгейіне сай 2 пайыз қосылып, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 30 пайызға көбейтілді. Мешін жылы Қазақтан Парламенті төменгі палатасы депутаттарының сайлауы өтуі тиіс. Былтыр жыл бойы «Парламент сайлауы кезектен тыс өтеді екен», «Екі палатаны біріктіріп, бір палаталы Парламент жасақталады екен» деген түрлі сыбыстар өрттей қаулағаны белгілі. Бірақ қос палаталы Парламент қой жылын әдеттегі тәртіпте аяқтады. Бірақ Мәжілістің жылды қорытындылап, 2015 жылы қанша заң жобасын қабылдап, қандай жұмыстар атқарғаны жөнінде есеп бергендей болғаны ойландырады. Әдетте, Парламент палаталары күнтізбелік жылды емес, әр сессияны бөлек, яғни қыркүйектен басталған жұмыстың нәтижесін маусым айының соңында ғана жариялаушы еді. Шамасы, Мәжіліс мешін жылғы сайлауға ішкі дайындықты бастап та кетті. Енді сайлаудың қай айда өтерін анықтау ғана қалды. Қазақстан «Сайлау туралы» заңына сәйкес, Парламент Мәжілісінің сайлауы кемі екі ай бұрын жариялануы тиіс. Сондай-ақ сайлау қараша айына дейін өтуі тиіс. Яғни, биыл ақпан – қазан аралығында жаңа саяси науқанды күте беріңіз. Мешін жылы – Қазақстан үшін айшықты жыл болғалы тұр. Себебі биыл желтоқсан айында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тойланады. Ширек ғасырлық шежіре хатталып, барымыз бен жоғымыз түгенделеді. Қоғамдық, әлеуметтік, рухани, идеологиялық жетістіктеріміз бен жеңілістеріміз сарапқа салынар есепті кезең бұл. Сондықтан да мешін жылға жеткенде, бір жағынан, өткеннен сабақ алып, келешек бағытымызды дұрыстауға, екінші жағынан, бүгінімізге шүкір етіп, ертеңімізге үмітпен қарайтын жайымыз бар.  

Гүлбиғаш ОМАР