Жаңалықтар

Мұқтаж жанға көмек  берер кеш

ашық дереккөзі

Мұқтаж жанға көмек  берер кеш

Нұр-Сұлтан қаласында желтоқсан айының 8-інде ХІІ Қысқы қайырымдылық балы өтеді. Дәстүрлі шара биыл осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Шараның ұйымдастырушысы – «Болашақ» қайырымдылық қоры. Бал қысқы ертегі желісімен өтеді. Әдеттегідей, кеш дебютанттардың орындауындағы тамаша бимен ашылады. Бұл жолы балға қатысушылар классикалық вальстен бастап аргентиналық тангоға дейін билейтін болады. Сонымен қатар биыл да әдеттегідей ерекше туындылар аукционға қойылып, бағалы сыйлықтар ойнатылады. Ең бастысы, қысқы қайырымдылық балына қатысу арқылы дамуында ауытқуы бар (аутизм, БЦС, даун синдромы сынды аурулармен ауыратын) балаларға арналған инклюзивті жобалардың ілгерілеуіне үлес қоса аласыз. Өйткені балдан түскен барлық қаражат «Әр бала мектепке лайықты»  және «Жол жүру гранттары» бағдарламаларын жүзеге асыруға жұмсалады. Айта кетейік, «Әр бала мектепке лайықты» жобасы білім беру ұйымдарында аутизммен ауыратын балаларға инклюзивті білім беру моделін енгізуді көздейді. Ал «Жол жүру гранттары» жобасы талантты жасөспірімдерді қолдауға бағытталған. Яғни, облыстық, республикалық немесе халықаралық байқауларға қатысуға мүмкіндігі бола бермейтін балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, интернаттар мен мектепте білім алатын оқушыларға көмек қолын созады.