«Жақсылар, дастан айтайын...»

«Жақсылар, дастан айтайын...»

«Жақсылар, дастан айтайын...»
ашық дереккөзі
Түркістанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас жыршылардың алғырлығы мен білімділігін анықтайтын «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауы өтті. Жас ұрпақты намысты, қайсар етіп тәрбиелеу, оларды халқымыздың рухани құндылықтарымен сусындату мақсатында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйымдастыруымен дәстүрлі байқау үшінші рет өтіп отыр. «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауының мақсаты – балалар арасында кітап оқуды және қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, балаларды қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухына, намысшылдық  пен қайсарлық қасиеттерге баулу.  Байқаудың алғашқы жылы «Қамбар батыр» жырын, одан кейінгі жылы «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан сынға түссе, биылғы байқау «Қобыланды батыр» жырына арналды. Байқаудың алғашқы кезеңінде батырлар жырын жатқа айтудан сүрінбей өткен үміткерлер екінші кезеңде әдебиет, руханият тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап беріп, бағын сынады. Екі кезеңде де ең жоғары ұпай жинаған таланттар шешуші сында «Қобыланды батыр» жырындағы көнерген сөздердің мағынасын ашу бойынша қазылардың сұрақтарына жауап берді. Байқауда жеңіске жеткен Созақ ауданының тумасы Өсер Тұран бірінші орын алып, 1 млн теңге, оны дайындаған ұстазы Асылзат Әметоваға  2 млн теңге қаржылай сыйлық берілді. Екінші орынды иеленген Созақ ауданының үміткері Рәбия Шалтайға 600 мың теңге, ұстазы Жазира Сәнкібаеваға 1 млн 200 мың теңге берілді. Жүлделі үшінші орын иегері Төле би ауданынан қатысқан Нұрсұлтан Тұрмаханға 300 мың теңге, ұстазы Ләззат Сәндібаеваға 600 мың теңге ақшалай сыйақы табысталды. Аталған байқау ең алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырылып, содан бері республика көлемінде кеңінен қолдау тауып, барлық өңірде өткізіліп келеді.

Арайлым Бимендиева