Алматыда ауыр дертке шалдыққан азаматты ұрған студент оқудан шығарылады
Алматыда ауыр дертке шалдыққан азаматты ұрған студент оқудан шығарылады
Жатақханадағы көршісінен таяқ жеген клоун Самат Рамазанов бір-екі күнде ауруханадан шығуы мүмкін. Бұл туралы Бұл туралы Алматы қалалық жедел көмек көрсету ауруханасының дәрігерлеріне сілтеме жасап «Хабар 24» хабарлады.
Мукополисахаридоз генетикалық дертіне шалдыққан Самат Рамазановты жатақханада бірге тұратын студент соққыға жыққан. Екеуі де – Тұран университетінің студенттері. Қыркүйектен бері бір бөлмеде тұрған. Келеңсіз жайттан бір күн ілгері Самат денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртады. Тексеруден соң дәрігерлер тыныштық керектігін айтқан.
– Ол күні бойы демалып, ұйықтайды. Көршісі қайта-қайта терезені аша берген соң Самат оған ескерту жасайды. Ол сөз қайтарады. Саматтың айтуы бойынша, есікті ішінен құлыптап алып, оны соққыға жыққан, - дейді қоғамдық қордың төрайымы Эльмира Әлиева.
Осы жағдайдан соң Самат дереу ауруханаға жеткізіледі. Бас сүйегіне рентген жасалып, терапевт, кардиолог тескереді.
– Бас жарақаты, бастың шашты бөлімінің, беттің жұмсақ тіндерінің жарақаты бар. Жағдайы бірқалыпты. Қазір керекті емінің бәрін алып жатыр. Тыныштық қалыпта. Нейрохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайына қарап 1-2 күн шамасында ауруханадан шығарамыз, - дейді қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім басшысы Бақытжан Әбдіқадыров,
Самат өз дертіне қарамастан, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында клоун болып істейді. Екі күннен бері Саматтың жұмыс орны бос тұр. Бұл жерде ол әртүрлі кітапшалар жасап, онкологиялық ауруға шалдыққан балақайларға сыйлап, көңілдерін аулайтын еді. Сол бүлдіршіндер Саматты асыға күтіп жүр.
Бұл жағдай қоғамда қызу пікірталас тудырды. Самат Рамазанов Бостандық аудандық полиция басқармасына арыз берген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сараптама қорытындысына сәйкес процессуалды шешім қабылданады. Университет басшылығы да бей-жай қарамайтындарын жеткізді. 30 жастағы клоунға қол жұмсаған 18 жастағы студент оқудан шығарылатын болды.
– Екі жақтан да ата-аналар келді. Аналары жылап отыр. Алдын ала келіскен екен. Кешіретінін айтыпты. Бірақ біз , кешірді ме, кешірмеді ме? Кешірсе, арызды алатын болса, онда іс қозғалмауы мүмкін. Бірақ біз оны кешірмейміз. Біз ол баланы оқудан шығарамыз. Кейін қайтып келемін десе, өзі біледі, - дейді «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов.
Туа бітті тұқым қуалайтын мукополисахаридоз дертіне елімізде 47 адам шалдыққан. Әзірге бұл дерттің емі жоқ. Қымбат терапия ауруды тек тежейді. Сондықтан ауыр соққы түгілі, артық сөздің өзі Саматтың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.