Гена кезекті жекпе-жегін сәуірде өткізеді

Қазақстанның мақтанышы, Бокстан WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкин 23 сәуір күні шаршы алаңға шықпақшы.

Vesti.kz таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер кезекті жекпе-жекті Нью-Йорктағы Madison Square Garden аренасында өткізу туралы өтініш беріп үлгерген. Бірақ Генаның қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз.
Мамандар 23 сәуірде Генадиймен қолғап түйістіруі мүмкін боксы ретінде Туреано Джонсонның есімін атауда. Багам аралдарының 31 жастағы өкілі IBF чемпиондық атағына міндетті үміткерлердің бірі. Сонымен қатар, GGG менеджерінің айтуынша, қазақстандық боксшыға Билли Джо Сондерстің де қарсылас болуы ықтимал. Алайда 26 жастағы боксшы Геннадий Головкинмен жұдырықтасу үшін берілетін ақшалай сыйақы мөлшеріне келіспей отыр. Ал спорт сарапшылары ұлыбританиялық боксшының бұл қылығын «жеңіс үшін емес, тек ақша үшін жұыдырықтаспақшы, жеңіліс табарын жақсы біледі» деп бағалап отыр.
WBC бұған дейін Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің кездесуін міндеттеген болатын. Кейіннен екі боксшы да өзара жұдырықтасар алдында бір жекпе-жектен өткізіп алуға келіскен еді. Боксшылардың командасы мамыр айының соңына дейін бір-бірімен келіссөздер жүргізіп, кездесу уақытын белгілеуі тиіс. Болжам бойынша, Головкин мен Альварестің шаршы алаңдағы шайқасы 2016 жылдың қыркүйек айында өтеді. Халықаралық танымал басылымдар рейтингінде топ жарып, 2015 жылдың үздік спортшысы атанған жерлесімізбен жұдырықтасуға кімнің батылдығы жетерін уақыт көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button