Мемлекеттік қызметшілер ауылдық әкімдіктерге жіберіледі
Мемлекеттік қызметшілер ауылдық әкімдіктерге жіберіледі
Ауылды жерлерде әкімдікте жұмыс істейтін мамандар тапшы. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мемлекеттік қызметшілерді "Дипломмен ауылға" бағдарламасына қосуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik.
"Ауылда кадр жетіспеушілігін шешу үшін мемлекеттік қызметшілерді "Дипломмен ауылға" жобасына қосуды ұсынамыз. Барлық ұсыныстар біз әзірлеп жатқан заң жобасында қарастырылады", - деді Дәленов мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Ресми мәліметке сәйкес, ауылдық әкімдіктерде 450 орын бос тұр. Кадр жетіспеушілігі барынша байқалады. Ал мемлекеттік қызметшілер жалақының төмендігін сылтау етіп, ауылға барғысы келмейді.
"Ауылға баратын мамандарды қолдау қажет. "Дипломмен ауылға" бағдарламасында мемлекеттік қызметшілер болуы тиіс. Осы бағдарлама 2009 жылдан бастап қолға алынды. Содан бері 60 мыңнан астам маман қолдау тапты. Соның ішінде 27 мыңнан аса маман тұрғын үй алған. Ауылға келетін мамандарға 250 000 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй алуға 4 миллион теңгеге дейін 0,01 процентпен кредит беріледі", - деп атап көрсетті Дәленов.
Министрдің сөзіне қарағанда, жыл сайын "Дипломмен ауылға" бағдарламасына республикалық бюджеттен 14 миллиард теңге бөлініп тұрады. Президенттің тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап қаржыландыру көлемі 20 миллиард теңгеге дейін өседі.