Полиция қызметкерінің басынан таспен ұрған жүргізушінің есірткі қолданғаны анықталды
Полиция қызметкерінің басынан таспен ұрған жүргізушінің есірткі қолданғаны анықталды
Маңғыстау облысында мас жүргізуші қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкерінің басынан таспен ұрды, деп хабарлайды Lada.kz.
Cайттың Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап берген мәліметтері бойынша, оқиға 15 қараша күні сағат 21-30-дар шамасында болған.
Ақтау-Шетпе-Бейнеу трассасының бойымен келе жатқан «Toyota Camry» жүргізушісі көлікке ие бола алмай, оны аударып алған. Осы уақытта күндізгі кезекшілігін өткізіп келе жатқан полиция лейтенанты жол-көлік оқиғасын көрген соң, зардап шеккендерге көмектеспек болған.
«Құқық қорғау органының қызметкеріне ешқандай себепсіз жол апатына түскен көліктің жүргізушісі өте дөрекі түрде тап беріп, оны басынан таспен ұрған. Полицей Шетпе ауданының орталық ауруханасына қаралуға мәжбүр болды. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі де медицина мамандарының көмегіне жүгінді. Жол апатының салдарынан ол жабық бассүйек жарақатын алды. Сондай-ақ оның миы шайқалып, кеуде клеткаларына зақым келген»,-деп хабарлаған ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция қызметкері мен жол апатына түскен жүргізуші медициналық тексеруден өтті. Тексеру нәтижесі бойынша жүргізуші алкогольдік ішімдік пен каннабинойд препараттарын қабылдағандығы анықталды. Ал полиция қызметкерінен ештеңе анықталмады. Оқиға сотқа дейінгі тергеу реестріне ҚР Қылмыстық Кодексінің 380 бабы, 1 бөлігі негізінде тіркелді. Заң бұзған жүргізушіден ешқайда шықпау туралы қолхат алынды»,-делінген Полиция департаментінің ақпаратында.