Жаңалықтар

Голливудтық мамандар Әміре Қашаубаев жайлы фильм түсірмек

ашық дереккөзі

Голливудтық мамандар Әміре Қашаубаев жайлы фильм түсірмек

Жуырда қазақтың дарынды перзенттерінің бірі – Әміре Қашаубаевтың өмірі жайлы фильм түсіріледі. Фильмнің түсіріліміне голливудтық продюсерлер Кери Гранат және Эд Джонс қазақстандық Moviq кинокомпаниясымен бірлесе отырып кіріспек. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады. Ақпарат көзінің хабарлауынша, картинада белгілі әнші әрі актер Әміре Қашаубаевтың шығармашылығының шыңына шыққан кезеңі баяндалады. Фильмге әншінің орындауындағы сегіз ән алынған. Әміре Қашаубаев Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабында туған. Кедей шаруа отбасында туып өскен Әміре 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келген. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарда ән салғызады. Көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады. Әміре Қашаубаев 1921-1924 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі мен 1927 жылы Мәскеуде болған Кеңестердің IV съезіне делегат ретінде қатысып, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен. 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде этнографиялық концертте «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан», тағы басқа әндерді орындап екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды. Moviq кинокомпаниясының өкілі Андрей Распутиннің айтуынша, фильмнің түсірілім жұмыстары сәуір айында басталады. Түсірілім жұмыстарының көбі Еуропа қалаларында, кейбірі Алматыда өтпек. Картина қазақстандық, сонымен қатар, шетелдік прокатқа да шығады. Фильмді түсіруге “Қазақфильм” киностудиясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдірді. Айта кетерлік жайт, 1 желтоқсаннан бастап басты рөлде ойнайтын актерге кастинг жарияланды. “Әміре Қашаубаев” картинасы ағылшын тілінде шығатындықтан басты рөлде ойнайтын актердің ағылшын тілін білуі – басты шарт.