Созақта «Таңбалы тас» ескерткіші ашылды
Созақта «Таңбалы тас» ескерткіші ашылды
Түркістан облысы Созақ ауданында «Таңбалы тас» тарихи ескерткішінің ашылу рәсімі болды. Бетбақдала төсіндегі ескерткіш «Аппақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен қайта жаңғыртылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тағылымы мол шараға өскелең ұрпаққа Отан тарихын насихаттау мақсатын көздеген жас ұстаздар мен өлке тарихын тануға құмар белсенді жастар арнайы қатысты. Ескерткіштің ашылу рәсімінде Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов сөз алып, «Таңбалы тастың» қазақ тарихында алатын орны айырықша екеніне тоқталды. «Түркі дүниесі үшін Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жазулары қандай құнды болса, қазақ үшін Таңбалы тас та сондай құнды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген серіктестіктің Бас директоры Александр Авдеев пен ұжымға алғыс айтамын»,- деді аудан әкімі.
Шарада сондай-ақ, Созақ ауданының Құрметті азаматы Созақбай Әбдіқұлов, «ҚазАтомПром» ҰАК өндіріс жөніндегі Бас директоры Дәурен Құнанбаев, «Аппақ» ЖШС Бас директоры Александр Авдеев, Созақ ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов Қазақ тарихының шоқтығы биік ескерткіші «Таңбалы тас» жайында, оның құндылығы жөнінде сөз қозғады.
Тарихшы Сүлеймен Тәбірізұлы тарихтың түпқазығы «Таңбалы тас» туралы ғалымдардың деректерін келтіре отырып кеңінен әңгімелеп берді. «Қазақ халқы ғасырлар бойы тарихи даму барысында көптеген әдет-ғұрпы, тілі, діні бір туыстас ру-тайпалардан құралып, халық болғандығы байқалады. Қасиетті «Таңбалы тас» - бабаларымыздың сан ғасырлық ұлтты қалыптастыру жолындағы қажымай-талмай күрескен ерлік ісінің жемісі», - деді Сүлеймен Тәбірізұлы.
Айта кетейік, «Таңбалы тас» тарихи ескерткіші 2008 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне, 2017 жылы Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына енген тарихи құнды жәдігер саналады.