Алматыда «Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумы өтті
Алматыда «Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумы өтті.
Форумды ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Жандану әлемі» қоры, «Zhas Otan» жастар қанаты, Қазақстан Жазушылар одағы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы әкімдігі ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты – инновация мен шығармашылықты ұштастыру арқылы патриотизмді дамыту. Форум ұйымдастырушыларының айтуынша, шара бағдарламасына 2013 жылдан бастап дәстүрлі түрде «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэтикалық шығарма және патриоттық тақырыптағы әндер сайысы кіреді. «Жыл сайын Ұйымдастыру комитетіне түскен жобалар мен шығармашылық жұмыстар санының артуы - байқаудың танымалдылығы мен қажеттілігінің дәлелі. Форум ел көлемінде жастардың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін және зияткерлік-шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды», - дейді ұйымдастырушылар.
Жастар жылы - жастар бастамаларын ынталандыруға және қолдауға жаңаша серпін берді. Форум қоржынына парасаттылық қағидаттарын студенттік ортада ілгерілету бойынша жобалар, сондай-ақ жұмыс істейтін жастар өкілдерінің идеялары қосылды. «Биыл ұйымдастыру алқасына байқауға қатысу үшін еліміздің барлық аймағындағы 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар. Беделді сарапшылардан, қоғам қайраткерлерінен, мемлекеттік құрылым, БАҚ пен бизнес өкілдерінен, ғалымдар, дін, мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған тәуелсіз қазылар алқасы келіп түскен жұмыстар ішінен 620-дан астам үздік жұмысты таңдап алды», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орын иегерлеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты беріледі, үміткерлердің шығармашылық жұмыстары арнайы жинақта жарық көреді.
Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне Вице-премьер Б.М. Сапарбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О. Бектенов, ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Ә. Абаев, Алматы қ. әкімінің орынбасары Е.Ж. Бабақұмаров, әл-Фараби ҚазҰУ ректоры академик Ғ.М. Мұтанов, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміздің әр өңірінен келген жастар қатысты.