Алматыда Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы аталып өтті
Алматыда Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы аталып өтті
Күміс көмей, жезтаңдай әншінің құрметіне арналған концерт Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында ұйымдастырылды. Онда қазақстандық және шетелдік композиторларының ариялары, халық әндері және романстер орындалды.
Халқымыздың сүйікті әншісін мерекелік мерейтойымен құттықтауға келушілердің саны өте көп. Тіпті, концерттік залда ине шаншар орын да қалған жоқ, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.
Аты аңызға айналған әншінің дауысын есту үшін жиналған әншінің өнеріне тағзым етушілер Бибігүл Төлегеноваға ыстық ықыластарын білдіріп, құттықтау білдірді. Концерттік шара барысында әріптестері мен шәкірттері де өнер көрсетті. Семей облысының тумасы Бибігүл Төлегенова өзінің өнегелі өмір жолында мұғалім де болған, Қазақ радиосында да жұмыс жасап, фильмдерге де түскен еді. Бибігүл Төлегенованың репертуарында тек қана қазақтың халық әндері ғана емес, сонымен қатар шетелдік классикалық шығармалар да бар.
«Әлі күнге дейін қолымнан келгенше еліме пайдамды тигізгім келеді. Өйткені мен сахнаға шығып, ән айтқанда қаншама адам осында отырып, нәр, күш алып кетті. Мен үшін сол – өте үлкен дәреже. Содан артық ештеңе жоқ. Әрдайым ел алдында тіземді бүгіп, иіліп сәлем берген сайын халыққа сүйсінетінмін. Жасым үлкейген сайын халық аяғынан тік тұрып, мені қарсы алады. Одан өткен бақыт, одан үлкен байлық жоқ», – деді КСРО және ҚР Халық әртісі Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Мерейтой концертте халықтың ыстық ықыласына бөленген Бибігүл Төлегенова сахнаға өзі шығып, Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады. Жезтаңдай әншінің жасы ұлғайғанымен, әлі де құдіретті талантына тәнті болған көрермендер ду қол шапалақ ұрудан шаршаған жоқ.
Концерттің осы Құрманғазы атындағы консерваторияда өтуінің өзіндік ерекше себебі бар екен. Мұнда Бибігүл Төлегенова білім алып, қазіргі уақытқа дейін студенттерге сабақ берген.
«Ұлыларымызды дәріптеп, осы қазіргі жастарға үлгі насихат болатындай қылып жеткізу керек. Соның бірі, әрине, біздің ақ жарқын, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Ахметовна Төлегенова. 90 жылдығы құтты болсын апамыздың. Мерей жасы ұзақ болсын. Осы 90 жылдықтың қарсаңында көптеген іс-шаралар жүріп жатыр», - деді Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының ректоры Арман ЖҮДЕБАЕВ.
Концертте Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер конкурсының лауреаттары Расул Жармағамбетов, Мадина Оразбай, Балуан Беркенов, Халықаралық конкурстардың лауреаты Мади Мадияров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Ян Рудковский жетекшілік ететін консерваторияның аралас хоры, және т.б дарынды жастар өнер көрсеткен болатын. Концерт барысында сахнада әнін ұстазына арнаған Толқын Забирова өзінің Бибігүл Төлегенова сияқты қазақтың біртуар әншісінің шәкірті болғанын мақтан тұтатынын айтты.
«Апайымыздың Қазақстан бойынша қаншама филармонияларда, жалпы өнер саласында істеп жүрген шәкірттері өте көп. Яғни, мен жалғыз шәкірті емеспін. Алайда «Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың шәкірті деген» ұлы атаққа ие болғанымды мақтан етемін. Мен үшін ол – үлкен мәртебе», – деді әнші Толқын ЗАБИРОВА.
Халқының жүрегінде мәіңгілік мекендейтін Бибігүл Ахметқызының өнер жолын жалғастырамын дейтіндер көп. Бұлбұл әншінің көптеген шәкірттері бүгінде елімізге еңбек сіңірген әртістер атанып, Қазақстан мәдениеті мен музыка өнерінің дамуына өз үлестерін қосуда.