Д.Ақышев: Теңге депозиттерінің кірістілігін арттырмақпыз

Д.Ақышев: Теңге депозиттерінің кірістілігін арттырмақпыз

Д.Ақышев: Теңге депозиттерінің кірістілігін арттырмақпыз
ашық дереккөзі

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев КТК телеарнасына берген Ұлттық сұхбатында экономиканы долларсыздандырудың қиындықтары жайлы айтып берді. «Халық пен кәсіпорындар теңге бағамының өзгергеніне емес, оның өз теңгерім нүктесін іздей бастауына, яғни екі тарапқа кезек-кезек ауытқуына наразы болды. Ол алғашқы күндері айтарлықтай нығайса, одан кейін қайта құлдырады. Проблема Ұлттық банктің қайта интервенцияға кірісуінен пайда болды. Сол сәтте қалыптасқан бағам, меніңше, өз теңгерім нүктесін таба алған жоқ. Яғни, мұнай бағасы қайта құлдырай бастап, ресейлік рубль құнсыздана бастады. Ал Ресей – біздер үшін ең бірінші кезекте импорт бойынша негізгі сауда серіктесіміз. Біздің оларға тәуелділігіміз бар, бірыңғай экономикалық одақтамыз. Соған сәйкес біз олардың ақша-несие саясаттарының өзгеруіне қарай әрекет етуге мәжбүр болдық. Сондықтан 5 қарашада Ұлттық банк тағы да валюта нарығына қатысуын азайтатындығы туралы мәлімдеме жасады. Ол кезде бағам бір долларға 282 теңге болатын. Біз бұл жайында жария еткеннен кейін және 5 қарашадан соң бағам бір долларға 312-313 теңгеге дейін әлсіреді», – деді Ұлттық банк төрағасы. Д.Ақышевтың айтуынша, қараша айында Ұлттық банк валюта сатып алды. Өйткені, бастапқы төмендеуден кейін теңге бағамы қайта нығая бастаған еді. Банк бұл қадамға бюджет зардап шекпеуі үшін барып отыр. Себебі, ол экспорттаушылардың есебінен толығады, ал экспорт үшін теңге бағамының төмен болуы тиімді. Бұған қоса, қазақстандық тауарлар барынша қымбаттап кетпеуі үшін, яғни отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін осындай қадамға баруға тура келді. 1-30 қараша аралығында Ұлттық банк 940 млн. доллар сатып алды. Қазіргі уақытта Ұлттық банктің басты саясаты – теңге бағамының күрт өзгеруіне жол бермеу. Ал теңге бағамын тұрақты түрде бір деңгейде ұстап тұруды Ұлттық банктің мақсаты емес. Ұлттық банк төрағасы банктің теңге депозиттерінің кірістілігін арттыруды жоспарлап отырғанын мәлім етті. «Долларсыздандыру процесінің өзінің ауыртпалығы мол әрі ел экономикасы үшін теріс әсерлері бар. Түрлі психологиялық факторлардан бөлек бірінші кезекте экономикалық ықпалы да айтарлықтай. Қалай десек те, Қазақстан – бұл өзіндік экономикалық саясат жүргізетін егемен ел. Біз теңгеге деген сенімді қалпына келтіруге міндеттіміз. Ал бұл қажетті механизмдерді құру арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Ең бірінші кезекте адамдар теңгемен сақтау тиімді болуы үшін жаңа тетіктердің кірістілігі жоғары болуы қажет. Екіншіден, мен қазіргі уақытта өзінің жинағын сақтауға тырысып, шетелдік валюта сатып алатын адамдарды түсінемін. Банк жүйесіндегі жеке тұлғалардың валюталық депозиттерінің үлесі 80 пайызды құрайды», – деді Ұлттық банк төрағасы.