Басты міндет – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру

Басты міндет – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру

Басты міндет – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру
ашық дереккөзі
Бұрнағы күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен экономикалық мәселелер жөнінде кеңес өтті. Жиын барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жоспарланған меженің орындалуы, қаржы-несиелік саясатты жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы, әлеуметтік даму және жұмыспен қамту мәселелері қаралды.  Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жалпы елдегі макроэкономикалық жағдай тұрақты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Алайда, отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қол же­тім­дігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ. Мемлекет басшысының пікірінше, стратегиялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті халықтың өмір сүру деңгейін арттырғанда ғана орындалады. Президент әлемдегі әртүрлі жағдайларды ескере отырып, нақты есептелген, елдің макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын сақтау жөнінде кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Президент шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керек деп санайды. Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграция еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Президент ЕАЭО ұйымында біздің елдің мүддесін нығайту мақсатында сараптамалық жұмыстарды күшейтіп, өнімдерін еуразиялық нарыққа экспорттайтын отандық тауар өндірушілерді қорғау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол инвестиция тарту ел экономикасын жаңғыртудың аса маңызды міндеті болып саналатынын айтты. – Біз инвестициялық ахуалды үнемі жақсартып келеміз. Бірақ  мұндай жағдай инвестиция көлеміне қаншалықты әсер етіп отыр? Неге айтарлықтай серпін байқалмайды? Шетел инвестициясын тартуда тек фискалды ынталандырулар ғана маңызды емес. Ішкі нарық ауқымының тарлығы, тауарды экспортқа шығарудың қиындығы, орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар іс-әрекеттерін үйлестірудің жет­кі­лік­сіздігі жүйелі проблемалар болып санала­ды, – деді Мемлекет басшысы.