Түркістан тұрғындары сапалы медицинамен қамтылмақ
Түркістан тұрғындары сапалы медицинамен қамтылмақ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық саласы қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойды. Ол өз сөзінде «медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету керек» деп атап көрсетті.
Бұл жерде біз халқы көп және тығыз қоныстанған оңтүстік өңір, Түркістан облысы туралы айтпақпыз. Ал халқы көп шоғырланған оңтүстік аймақта қазіргі таңда медицина саласында оңды істер жетерлік. Әрине, мұның барлығы да ең алдымен денсаулық сақтау саласына басты көңіл бөлінуден болса, екіншіден, аталған салаға қомақты қаржы аударылып келеді. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев тәжірибелі маман екенін екінің бірі біледі. Іскер басшы аймақтағы денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне барлық жағдайды жасап келеді. Сондықтан да болар аймақта бұрынғыға қарағанда, халықтың денсаулығы жақсарды. Халық салауатты өмір салтын қалыптастыруға дағдыланып келеді. Айтар болсақ, қазір оңтүстік өңірде мақтаулы аурухалар мен емханалар жетерлік. Солардың бірі – Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы. Ал оның бас дәрігері – Марат Пашимов. Кейінгі жылдары аталған ауруханаға офтальмологиялық бөлімше, эндокринологиялық диспансер және онкологиялық орталық қосылды. Халықты кешенді емдеуді жалғастырып келе жатқан бұл мекемеге қазір халық ағылуда. Өйткені мұнда қызмет сапасы жоғары.
– Кең салалы клиника бүгінде халықтың құрметіне бөленуде. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені біздің қызметкерлер халыққа сапалы қызмет көрсетеді. Жаны ауырып келген жанға ең алдымен жылы қабақ пен мейірім көрсетеміз. Біз негізінен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аймақ тұрғындарына қызмет көрсетіп жатырмыз. Ең алдымен келген пациентке жағдай жасау басты мақсатымыз болғандықтан, бізге ризашылықпен келетіндердің қатары артты. Қаланың әр жеріне барғаннан гөрі бізде кешенді ем алған артық. Өйткені біздің аурухана кең салалы екендігін айта кеткім келеді, – дейді Марат Орынбасарұлы.
Қазіргі уақытта офтальмологиялық орталық толық сапалы жөндеуден өтті. Байқағанымыз, жалпы клиникалық ауруханада қызмет ету сапасы өте жоғары. Барлығы да цифрланған, электронды қызмет арқылы жұмыс жүргізіледі. Бұрынғыдай ұзын сонар кезекке тұрып, айқай-шу болатын оқиға жоқ. Жұмыс жүйелі түрде жолға қойылған. Медициналық құрылғылар мен жабдықтар да жаңартылған.
Қазіргідей инновациялық жаңалықтардың өрістеп бара жатқан уақытында ақ халатты абзал жандардың біліктілігін арттырып отыру да маңызды. Бұл орайда, бас дәрігер, іскер басшы Марат Орынбасарұлы үнемі өз қызметкерлерінің білімін арттырып отырады. Атап өтер болсақ, Ресейден келіп, мықты тәжірибелі дәрігерлер шеберлік сабақтарын өткізеді. Сонымен қатар клиниканың мамандары Мәскеуге барып, біліктілігін арттырып қайтады. Мұндай алыс-беріс пен қарым-қатынастың көмегі үлкен.
Бас дәрігер сөз кезегінде эндокринология бөлімшесі дамытылып жатқанын айтты. Осы орайда, көрші елдердің денсаулық сақтау мекемелерімен қарым-қатынас нығайып келеді. Мысалы, Ташкентте орналасқан эндокринология ғылыми-зерттеу институтымен байланыс тұрақты дамыған. Екіжақты байланыс туралы Түркістан облыстық денсаулық сақтау саласының басшысы Мұқан Егізбаев пен Ташкент ғылыми-зерттеу институты арасында меморандумға қол қойылды. Осыған сәйкес олар Түркістанға, ал облыстық клиниканың мамандары Ташкентке барып тәжірибе алмасып тұрады.
Бас дәрігердің айтуынша, енді Алматы немесе Нұр-Сұлтанға барып керегі жоқ. Облыстың клиникалық аурухана мамандары өздерінде науқасқа күрделі операция жасай береді. Аурухана дәрігерлері халықаралық стандарт бойынша жұмыс істеуге көшкен. Мекемеде әртүрлі медициналық құрал-жабдықтарды меңгерген дәрігерлер жетерлік. Қазіргі кезде медицинаның диагностикалық мүмкіндіктері артып келеді. Бас дәрігердің де «көштен қалмауымыз керек» деп отырғаны содан.
Тәжірибелі басшы Марат Орынбасарұлы «дәрігерлер медицинадағы инновациялық жаңалықтардан құр қалмауы керек» деп санайды. Сондықтан да өткен жылы мекеменің 40-қа жуық мамандары таяу және алыс шетелдерге барып, тәжірибе жинақтап келді. Медицинадағы жоғары технологиялық құрылғылар арқылы күрделі операцияларды жасау да қазіргі кезде қиын болмай қалды. Өйткені дәрігердің біліктілігі мен білімі және тәжірибесі жетсе болды. Сондықтан да болар сырқат жандардың облыстық клиникалық аурухана мамандарына сенімі артқан. Мысалы, бұрын өт жолдарына операция жасалғанда, сырқаттардың 30-40 күн сарылып жатуға тура келетін. Ал қазіргі уақытта бір аптаның ішінде пациент үйіне қайтады. Бас дәрігер мұның барлығы да заманауи құрылғыларды жетік меңгерген дәрігерлердің арқасында жүзеге асып жатқанын айтады.
Мира Мырзағалиқызы,
Түркістан облысы