ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАЙРАТКЕР

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАЙРАТКЕР

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАЙРАТКЕР
ашық дереккөзі
1938 жылғы 11 қазанда Сейдәзім Қадырбай ату жазасына кесілді. Үкім 17 қазанда сағат 14.00-де орын­далған. Сүйегі Воронеждегі қуғын-сүргін құрбан­дары­ның зиратына жерленіпті. «Халық жауы» деп атылған Сей­дәзім Қадырбай өз заманының аты шыққан белгілі заңгері еді. 1905–1920 жылдары Алаш ұлт-азаттық қозғалысының са­пында болған қазақ оқығаны. Совет үкіметі қысыммен ор­нағанда, сол большевиктік жүйенің рақымшылығын  (ам­нистия) алып, сот ісі, құқық саласында қызмет еткен азамат бо­л­­атын. Шырағы ерте сөнген тұлға.

***

...1905 жыл. Жаңа ықылым кел­­ген мизамкөк. Қыр қазағы­ның оқы­ғандары теңдік іздеп, бүкілр­есейлік толқуға үн қос­қан, тілек күш­ті, үміт зор болған күн­дердің ба­сы. «Оқы, ізден! Бет­бұрыс!» деп еу­ропаның ал­дың­ғы қатарлы елде­ріне еліктеп, ғылым-білім жолына түскен бостандық жаршылары – жа­ңа бағдарлама, ұлттық жөн-жо­сық даяр­лаған. Ол –  «Алаш» жо­сы­ғы. «Ке­регеміз – ағаш, ұраны- мыз – Алаш!» деп оқығандардың ат­қа қон­ған шағы. Ұлттық сана бұл­­­қын­ған, саяси белсенділік кү­­шейген. Ұйқыдағы жұртын оят­қан, құл­дықтағы елін жі­гер­лен­дірген. Әли­хан Бө­кей­хан бас­таған, Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Міржақып Ду­латұлы тұғы­рын ұстаған ұлттық оянудың не­гізгі реформасы – дербес мемле­кет құруға міндеттелді. Алаш қозғалысы ертегі кейіпкерлері Ертөстік пен Толағайдай тез есейіп, тез өсті. Пікір қай­шы­лы­ғы, ой қайшылығы да туын- ­д­ады. Арыстар бір-бірімен «Ай­қап», «Қазақ» басылым­дары­ның беттерінде ой жарыстырып, сөз таластырды. Алаш қайраткерлері мамыражай заман туса, қазақ елін  Жапония сияқты дамытуды мақсат етті. Қоғамның жаң­ғыруын, оқу, ғылым-білімнің сал­танат құруын тіледі. Айналасы он-он бес жылда елдің даму қар­қынын Батыс елдерімен теңес­тірердей ауқымды жоспар құр­ып, өздерінің әлеуеттерін қа­раңғы жұртының келешегіне ар­нады. Бұл дегеніңіз – құрғақ қиял емес, әбден пісіп жетілген ұлт­тық стратегия еді. Бірақ...  Бірақ тағдырдың жазуы басқаша болды. І жаһан  со­ғысының артынан іле-шала революция басталды да, ІІ Николай патша тақтан құлады. Ыдырап тозған Ресей империясының тақ мұрагері болып, билікке қы­зылдар орнықты. Сосын ұзаққа созылған қасіретті большевиктік-социалистік реформалар басталды. Советтік идеоло­гияның қасіретін әлі күнге дейін тартып келе жатсақ, соның бәрі 1921–1991 жылдар аралығын­дағы ұлтсыздандыру саясатынан ту­ған-ды. Қантөгіспен орнаған үкі­мет кезінде еселеп өсуге тиіс қа­зақ ұлты жаппай қырылды. Әуелгі 1921–1924 жылдардағы ет, сүт туралы декреттен туын­даған аштық, сосын 1928–1930 жыл­дардағы кәмпескедегі ашар­шы­лық, ең сорақысы –  1931– 1933 жылдардағы ұлы жұт, нәу­бет геноциді. Отаршылдық топа­ны мұнымен шектелмей, қа­зақтың сүт бетіне шыққан қай­мақ­тары – оқыған ең сүйікті, бі­лім­ді, иманды, шешен, алғыр ерлерін лек-легімен жаппай қу­ғын­ға ұшыратты, содан кейін тү­гелдей айдауға кесті. Түрмеге ты­ғып, абақтыда шірітті. Советтік билік қазақтың көсемі бол­ған элита жетекшілерінен бас­тап сауаты бар, оқыған ауыл-ауыл­дағы мұғалімдерді, мектеп аш­қан ағартушыларға дейін қа­мады. Олар түп-тамырымен, ба­ла-шаға, жақын-жұрағатымен т­уған жерінен айдалып, ел ішінен жыраққа аласталды. Солардан аман қалғандары азапты жыл­дардың сорын тартып, түрлі ауру­ларға ұшырап, өмірден өксіп кетті. Олардың атылғаны атылып, түрмеге түскені шіріп, қасіреттен аман шыққанының аузы байланып, аяғы тұсалып өтті...  Ал бүгінгі Тәуелсіздік кү­нін­де біз танымаған, біз әлі ба­ғасын бере алмаған саясаткерлер, озық ойлы тұлғалар қанша­ма! Сол біз танымаған көптеген беймәлім есімдердің бірегейі осы Сейдәзім Қадырбай еді. Са­на­лы ғұмырында елінің тұр­мы­сының тезіне жегіліп, кірпіші болып қаланған ер туралы айтуды парыз санап, білгенімізді оқырман алдына ұсындық. Абылай ханның елеулі бір ке­зеңінде өмір сүріп, ерлігімен аты шыққан арғын Өтей Ақым­бет­ұлы деген батыр болған.  Еділ бойындағы қалмақтар қазақтар­ға шабуыл жасап, елдің береке­сін қашырғанда хан Абылай кі­ші жүз тармағындағы елге қор­ған болсын деп Қараман Бөген­бай Қожекеұлы, Еренші Уақ Бар­мақ батыр, Балта Керей Қол­шыман батырлар бастаған қол­ды жіберген-ді. Сол арнайы жа­сақ­тың құрамында Өтей батыр да болған. Ат үстінде өзгеден озық көрінетін Өтей батыр сол шайқаста ерлігімен қаза тапты. Қаралы жұрт батырды ақ киізге орап, арулап жерлеген. Сүйегі бү­гінгі  Атырау облысының Қы­зылқоға ауданында жерленген екен. Өтейдің өзі өлсе де, аты өл­меген. Есімі – ұранға, өзі –  ел­ге айналған. Біздің батыр тұл­ғалы Сейдәзімнің түп атасы осы – Өтей еді. Өтей батырдан Бекбаулы би, одан Жамбай шешен, одан Дәнен, Дәненнен – Қазы­бек. Қазыбектен – Байғозы, Бай­ғозыдан – Әлімбай, Әлімбайдан – Қадырбай тараған. Қадырбай да атақты би болған, сүйегіне сөз қонған шешен, парасатты адам болатын. Қадырбай биден Құл­мағамбет туған. Құлмағамбет – Сейдәзімнің әкесі. Ол да есті сөз­ге үйір, баталы кісі болған де­седі. Сейдәзім 1885 жылы Торғай уе­зінің Сарықопа бойында дү­ниеге келген. Түп атасынан бас­тап дәулетті, бай-қуатты өмір сүр­ген отбасында өскен бала жа­сынан алғыр болып, ең әуелі ауылдағы молдадан «әптиек» танып, мұсылмандық іліммен сауат ашқан. Сосын 1864 жылы ұлт ұстазы – Ыбырай ашқан мектептен екі жылға жуық білім алып, үздік бітірген. 1901 жылы Орынбордағы қазақ мұғалім­дерін даярлайтын мектепке қабылданып, 1905 жылы оны үз­дік бағамен тамамдаған. Оқу бітірген соң, оқытушылық жолға түс­пей, құқықтық-саяси бағыт­ты таңдаған. Бұл мектепте оқы­ғанын­да Сейдәзім Ресейдің ішкі қалаларынан саяси көзқарас­тары үшін қудаланған орыстың демократ зиялыларынан сабақ алып, жақын араласып, өз бетінше заң, құқық ілімдерін құмарта оқыған-ды. ХХ ғасырдың ал­ғашқы жылдарына дейін, яғни қазақ балалары заң ілімін оқып, меңгергенге дейінгі уақыт ара­лығында қараша елдің құқы тап­талып, орыс билеушілері ой­ларына келгенін істеп, алым-са­лықты көбейтіп, қазақтың жерін тартып алып, бекініс, қала салып жатты. Елінің саяси-құ­қықтық көзқарасының төмен еке­нін, көп жұрттың оқымаған қа­раңғы екенін ескеріп, кейінгі ғұмырында бодандықтағы сорлы ұлысының құқығын көтере­мін деп күйінішпен әрі сүйініш­п­ен іске кіріскен.  «Мен қазақ зия­лысы ретінде халқымның пат­шалық кезеңде көрген қор­лы­ғы мен қанауын сезбеуім жә­не түсінбеуім, әрине, мүмкін емес-ті...» деп жазуы – соның ай­қын көрінісі. Алаштың бақытты шағының басы болып саналатын 1905 жыл­дың жазында Қарқаралы қа­ласына бүкіл қазақ оқығаны жиналып, жиын өткізген. Ортаға мә­селе тастап, пікір алмасқан. Со­сын, патшалық үкі­меттің басшысына 11 баптан тұ­ратын «Қарқаралы құзырха­ты» (Петиция) құжатын даярлап, дүйім жұрт болып қолдап, қол қойып, арыз-шағымды жол­даған-ды. Сол дүбірлі елдік жиын­ға Орынбор округтік со­ты­ның аудармашысы қызметіндегі Сейдәзім де арнайы келіп қаты­сып, замандастарымен көрісіп, сөз таластыр­ған. Сейдәзім Ахмет пен Мір­жа­қыпты бала күнінен естіп білген, таныс болған бір топырақтың адам­дары еді. Бұл жиында ол төре баласы, Алаш көсемі Әли­хан Бөкейхан бас­таған басқа да ой қазығымен, қыр қазағымен танысып, табысады. Содан бас­тап ол –  өзі се­кіл­ді ел аманатын арқалаған үмітті жүректер­мен бір сапта бір­ге жүріп, бірге азап шегіп, тау­қымет тартып, тіпті қасқайып бірге тұрып кеудесін оққа қарсы тө­сеген.

***

Сейдәзім – көрнекті Алаш қай­раткері. Азаттық қозға­лы­сының Орталық тұлғасы ретінде 1910–1917 жылдары ұлттық идея­ны ел ішінде насихаттап, ауыл-аймақты аралап, дәріптеу жұмысымен айналысқан. Бай­лардың ауылында болып, кіндік үкіметке қаражат жинап, жылу-көмек сұраған. Алаш ұлын біреуі қуана қарсы алса, біреуі көңі­лін қайтарып, қозғалысқа үзілді-кесілді қарсы болған. Ақи­қа­тын­да, сол замандағы қазақтардың көбі Алаштың сөзіне құлақ аспай, қозғалысқа ермеген. Тамам елмен шаңырақ көтерген ұлттық Алаш автономиясының ғұмы­ры­ның ұзақ болмауы содан-ды. Егер мұқым ұлыс мақсатты ті­лекке пейілмен кірісіп, уығын ұс­тап, оқығандарға сенім арт­қан­да, саясат серкелері мемлекетті сақтап тұрар ма еді дейміз. Сейдәзімнің тарихтағы үл­кен ісі – Алаш әскерін құруға қа­тысуы. 1918–1920 жылдары Ах­мет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының жанында болып, Тор­ғайдағы Алаш Орданың бө­лім­шесінде қызмет етті. Алаш әске­рін жасақтап, Міржақыптың ағасы Асқар Дулатұлымен бірге Торғай дуанына қарасты болыстардан ат сұрап, әскерге ер-аза­маттарды  алып, оларды әскери так­тикаға баулып, жетекшілік ет­кені бар. 1917 жылғы 2-8 сәуір ара­лығында Орынборда өткен Тор­ғай облыстық съезінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі болды және  төралқалық хатшы­лық­қа тағайындалды. 1917 жыл­ғы 1-8 мамыр аралығында Мәс­кеу­де өткен жалпымұсылман съе­зінің жұмысына қатысқан де­легаттар құрамында болған. 1917 жылғы 5-13 желтоқсан­да Орынборда өткен жалпықа­зақ съезінің  құрамына еніп, ұлт­тық мемлекетті құрысқан. Үкі­меттің жанынан құрылған ал­қаға мүше болып, септескен.

***

Сейдәзім – заңгер, құқық са­ла­сының білгірі. Қазақтың сая­си-құқықтық ойлау ілімінің қа­лыптасуына, дамуына үлес қос­қан, қазақ тілін заң тіліне айналдырған тұлға. Құқықтық-саяси құжаттар мен нормаларды жүйелеген, бүгінгі біз білетін көптеген термин мен ұғымды қа­зақылаған заң ісімен теория­лық-тәжірибелік тұрғыда қатар айналысқан маман. 1922–1929 жылдар ара­лы­ғында Қазақ АКСР Юстиция Ха­лық Комиссариатының заң шы­ғару және сот ісін бақылау бө­лімінде меңгеруші қызметін ат­қарған. Совет үкіметі орн­а­ған­нан кейін Наркомюстта (Бүгінгі Әділет министрлігі) жауапты қызмет атқарған азамат әр жылдары «Нотариат туралы заң, ере­же, нұсқаулар» (1928), «Жер заңы» (1927), «Ақылы істерді жүр­гізу заңы» (1930), «Ақы заңы» (1926), «Неке, үй-іші және қам­қорлық туралы заң» (1930) кі­таптарын жазып, шығарды. Кей­бірін орыс ғылымынан аударып, қазақша сөйлетті. Осы жерде бір қызық дерек айтайын, Барлыбек Сырттанұлы деген Алаш қайраткерінің мұрасын тү­гендеп, зерттеу ісімен жүр­ген­де, Алматыда тұратын ұрпақ­тары барын біліп, кездесуге асық­тым. 2017 жылдың 2 науры­зын­да Алматыда тұратын Бар­лы­бектің немересі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, сексеннен асқан Әни­са Абдулқадырқызымен кез­десіп, әңгімелестім. Сол үйде отыр­ғанымда Әниса әже маған әке­сі – Абдулқадырдың жеке кі­тап­ханасына тиесілі онға жуық ескі кітаптарды көрсетті. Ескі кітаптардың арасында Сей­дәзімнің «Ақылы істерді жүргізу заңы» кітабы бар екен. Осылай ойда-жоқта Сейдәзімнің кітабын тауып, сарғайған ескі кітапты, теңдесі жоқ зор мұраны па­рақ­тап, оқып көргенмін. Мәс­кеу­дегі Күншығыс халықтарының бас­паханасында төте жазу қар­пі­мен басылған бұл кітаптың тілі ширақ екен. Тез әрі жеңіл оқылды. Өмірімде алғаш рет ана тілімде жып-жинақы, әуез­­ді даярланған заң құжатын, құ­қық тілін көріп, оқып таңғал­ғаным бар. Кейін сол кітапты бүгінгі қол­данысымыздағы әліпбиге тү­сіріп қойдым да, бұл тұлғаны зерт­тейтін, танып, насихаттайтын біреуді даярлау керек деген ой­мен жүрдім. 2018 жылдың көк­темінде Алматыдағы Орта­лық мемлекеттік архивтің қоры­мен жұмыс істеп жүргенде, жас зерттеуші досым Дархан Наурыз мені әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2 курс сту­денті  Бағлан Әбеу деген қара­ғандылық баламен таныстырды. «талағының биті бар» талапкер екен. Танысып, жөн біліскен соң, аманат етіп, осы тұлғаны зертте, таны деп бағыт-бағдар беріп, жөн сілтегенмін. Аллаға шүкір, сол Бағлан, міне, шаң басқан архивті қопарып, кітапхана кезіп, Сейдәзім Қадырбайдың ғы­лыми-шығармашылық мұ­расын індете қарастырып, көңіл­д­ен шықты. Оның тапқан дү­ниесін жинақтап, редакциялап, жеке кітап ретінде даярлап, баспаға өткіздік. Сонымен, тұң­ғыш рет есім-сойы атаусыз қал­ған қайран ер – Сейдәзім Қа­дырбайдың шығармалар жи­нағы жарыққа шығып, оқыр­ман­ға жол тартпақшы. Сөйтіп, Алаш­тың бір сөнген жұлдызы қай­та жанып, есімі ғылыми ай­налымға енді. Ұзағынан сүйін­дір­сін деп қуанып отырмыз. Ендігі зор міндет – Қостанай об­лысында осы тұлға еленіп, тұ­ғырына қонса екен. Оның есі­міне  мектеп, көше, ауыл аттары берілсе екен деген тілек барын жасырмаймыз.

***

Қарғыс атқыр советтік билік 1929  жылы Алаш зиялыларын бір-бірлеп тергеуге алып, екі-үш ай­дан кейін бірінен соң бірін ит­­­жеккенге айдатты. Ахмет Бай­тұр­сынұлы бастаған алдыңғы тол­қын ағалар Архангельскке, Мір­жақып Дулатұлы бастаған ерлер Колымаға, Мағжан Жұма­бай сынды ақындар тобы Ма­га­данға қуғындалды. Ал Сейдәзім бол­са Воронежге жер аударылды. Осы қанды қасап 1929 жылдан кейін ұлт-азаттық жолын­дағы айнымас серіктер бір-бірінен мәңгілікке көз жазып қалды. 1930 жылы Жүсіпбек Аймауыт­ұлы, Елдес Омарұлы, Дінше Әділ­ұлы, Халел Ғаббасұлы сынды ортаңғы буын атылды. 1933 жы­лы небәрі отыз үш жастағы  Сма­ғұл Сәдуақасұлындай жас пері оққа ұшты. 1935 жылы Сос­новец лагерінде Міржақып Ду­лат­ұлы өлім құшты. Осылай қа­зақтың абыройы, ар-ожданы болған, елін шексіз сүйген, қа­зағы үшін бастарын қатерге тік­кен кемеңгер ерлер бірінен соң бірі «Халық жауы» болып атыл­ды да кетті... Бүгінгі жер ба­сып жүрген 18 миллион қа­зақ­тың мойнында осы тұлғалардың қаны, арман-тілегі бар. Соны еш­қашан ұмытпайық! 1921 жылы  В. Лениннің ше­шімімен рақымшылық алған Сей­дәзімді 1966 жылы Воронеж­дегі облыстық сот «Халық жауы» тақ­сіретінен ақтапты. Бірақ ол кез­де бәрі кеш еді ғой... P.S. Қайта оралған есімдер – қазақтың тарихындағы ең абыройлы тұлғалар. Уақыт-сыншы оны дәлелдеп көрсетті. Енді, міне, күнің туды. Қош келдің, құқық тілінің теориялық негізін салған әділет саласының маманы! Мәңгілік ғұмырың – тұғырлы болсын!

Елдос Нүсіпұлы