14 Қараша, 11:12 1325 0 Руханият Túrkistan Gazeti

Шерубай Құрманбайұлы: Мемлекеттік тілмен  тең қолданылатын тіл болмауы тиіс

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі ұлтаралық тіл болуы тиіс деді. Қазақ тілі ұлтаралық қатынас ті­лі болуы үшін не істеуіміз қажет?

– Егер тілдік заңнама, тілдік құқық тұр­ғысынан қарар болсақ, қазақ тілі қа­зірдің өзінде еліміздегі ұлтаралық қарым-қа­тынас тілі қызметін атқаруы тиіс еді. Неге дейсіз бе? Өйткені ол – мемлекеттік тіл. Мемлекеттегі барлық ресми қарым-қа­тынас, шағын тілдік қауымдастықты айт­пағанда азаматтардың кез келген қо­ғамдық орындағы өзара тілдік қа­ты­нас­тары елдің мемлекеттік тілінде жүзеге асы­рылуға тиіс. Бірақ біздің мемлекеттік ті­ліміздің заң жүзіндегі мәртебесі бол­ғанымен, іс жүзіндегі қолданысы оған сәй­кес келмей отыр.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттiң бүкiл ау­мағында қоғамдық қатынастардың бар­лық саласында қолданылатын, мәр­тебесі Конституцияда бекітілген мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi. Білім беру, байланыс (пошта, телеграф) пен бұқаралық ақ­парат тарату да ел аумағындағы мем­лекеттің тілінде жүзеге асырылады. Мем­ле­кеттік тіл мемлекеттің саяси-әлеуметтік, ғылыми-экономикалық, мәдени-рухани өмірінде халықты біріктіру, ықпалдастыру қызметін атқарады. Мемлекеттік тілдің ең маңызды, ең басты қызметінің бірі – көп­ұлтты, көпэтносты мемлекеттегі ұлта­ралық қатынастың негізгі құралы болу. Ол тілдің қоғам өмірінің барлық саласындағы қолданысын тілге мәртебе берген мемлекет өзінің құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдары, Конституция­сы мен Тіл туралы және басқа да заңдары арқылы қамтамасыз етуге тиіс. Егер ол мін­детті жүзеге асыра алмаса, онда мә­се­ленің себептері анықталуы  қажет.  Тіл саясатын жүргізу тұжырымдамасын, тілдік заңнаманы қайта қарау, жетілдіру қажет болуы мүмкін. Өкінішке қарай, қазақ тілі 30 жылға таяу уақытта әлі мемлекеттік тіл мәр­тебесіне сай қоғам өмірінің барлық са­­ласында кеңінен қолданыла алмай отыр. Егер мемлекеттік тіл атына сай өз қыз­метін атқарса, соны қамтамасыз ете ал­сақ, ол сөз жоқ ұлтаралық қатынас тілі­не айналады.

– Шындығын айтқанда, қазіргі қол­даныстағы Тіл туралы заң о баста рес­ми тілге байланысты мүмкіндігі шек­теулі еді. Бүгінде тіптен мүмкін­дік­тері шектелді. Содан да жаңа заң қа­былдау ісі әлдеқашан қажеттілікке ай­налған.

– Қазіргі қолданыстағы Тіл туралы заң 1997 жылы қабылданды. Одан бері 20 жыл уа­қыт өтті. 1989 жылғы халық санағы бойын­ша ел халқының 41 пайызы қазақ  бол­са, қазір 70 пайыздан асты. Қазақ мек­тептерінің, оларды бітіргендердің, қазақ мек­тебіне баратындардың саны жыл сайын артып отыр. Жалпы елдегі тілдік ахуал 90-жылдардағыдан, Тіл туралы заң шық­қан кезеңдегіден көп өзгерді. Алайда осы жағдаятқа сәйкес қазақ тіліне, оның өрі­сін кеңейтуге деген қоғамдағы сұраныс пен талап, оған деген қажеттілік те сон­ша­­лықты артты деу қиын. «Қазақ тіліне де­ген қажеттілік туғызылмай отыр» деген пі­кір әр жерде күнде айтылады. Сол қа­жеттілікті туғызудың ең тиімді жолы – тілдік заңнаманы жетілдіру, заң талаптарын күшейту. Ата заңның 7-бабы барша­мыз­ға белгілі. Тіл туралы заң талаптары да соған бағынады. 4-бапта: «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тiлi – қа­зақ тiлi» делінсе, келесі 5-бапта: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп тұр. Заңымыз солай деп тұрғаннан кейін де 30 жыл өтсе де, қазақ тілі қоғам өмірінің барлық саласында қолданылатын, шын мәнінде мемлекеттік тілге айнала алған жоқ. Күнде айтылатын 100 насихат, 1000 уағызымыз нәтиже бермеді. «Еліңнің мемлекеттік тілін білу – парызың», «азаматтық борышың» деген сөздер азаматтарымыз­дың ар-ұятына әсер етіп, тілдің қолданы­сын кеңейте алмады. Қайта-қайта айтыла берген соң осы сөздердің қадірі қашып, елдің құлағы үйреніп, ешкім елемейтін жағдайға жеткен сияқты. Тіпті, ел алдында уәде берген талай министрлер мен лауазымды басшылар заң талабы нақты бол­мағаннан кейін айтқандарын артынша ұмытып, уәделерін жұтып қоюды әдетке айналдырды. Тіл туралы заңның 23-бабында: «Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр кө­лем­де және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, маман­дық­тардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi» де­лін­ген еді. Тәуелсіздігімізді жарияла­ғаны­мызға ширек ғасырдан асса да сол тізбе әлі белгіленбей отыр. Осы бапта ай­тылған заңдар да қабылданған жоқ. Тіл­дік заңнамамыз осылай болып тұр­ғанда, оның мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетеді, оған сұраныс туғызады деп қалай айтуға болды? Сон­дық­тан «қазақ тілін қолдансаң да болады, орыс тілін қолдансаң да болады» деген сол­қылдақ заңның талаптарын нақтылап, әр тілдің орны мен қолданыс аясын айқын көрсетіп беретін әрі орындалуы қадаға­ланатын мемлекеттік тіл туралы заң керек екендігі ешқандай талас тудырмайды.

– Латын әліпбиіне көшу елдегі қа­зақ тілінің қолданыс аясының кеңе­юіне жол аша ма?

– Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюі біздің қай графиканы пайдалана­ты­нымызға тіреліп тұрған жоқ. Мемлекет өзі заңмен мәртебе берген тілге қажеттілік туғызып, оның өмірдің барлық саласын­дағы қолданысын қадағаласа, талап етсе, оны азаматтардың бәрінің үйренуіне тиісті жағдай туғызса, ең бастысы отандық білім беру жүйесін жаппай мемлекеттік тілге көшірсе, жазудың қай таңбаға негізделгеніне қарамастан, сол тілді ел халқы түгел меңгереді. Сондықтан кирилл әліпбиінен құтылған күні орыстілді қа­зақстандықтардың бәрі қазақша сайрап кетеді, қазақ тілінің өрісі бірден кеңейіп шыға келеді деуге болмайды.

– Латын негізді әліпбиге көшуден ұтар тұстарымыз қайсы?

–  Ең алдымен, мәжбүрлі түрде енгізіл­ген кірме дыбыстардан, басы артық таң­ба­лардан арылып, ұлт тілінің төл дыбыс­тық жүйесін қалпына келтіруге, әліпбиіміз бен емле ережелерімізді ықшамдауға мүм­кіндік аламыз. Егер Ахмет Байтұрсын­ұлы анықтап берген 28 дыбысты таңбалайтын төл әліпбиімізді қалпына келтіре алсақ, сол міндет орындалады. Сон­дай-ақ отарлау саясатының бір белгісі, негізгі құлдарының бірі ретінде енгізілген үстем тілдің графикасынан арылып, кең тараған әрі заманауи технологияға кө­бірек бейімделген латынға негізделген жаңа әліпбиге көшу отарсызданудың, ұлт­тық жаңғырудың сипаты ретінде кө­рінеді, қоғамдық санаға қозғау салады де­ген үміттеміз. Орыстілді ақпараттық кеңіс­тіктің өрісі біршама тарылып, одан ай­рықшаланатын өз жазуы арқылы ақ­парат алатын ұлттық кеңістікті кеңейтуге мүмкіндік туындайды деген де болжам бар.

– Қазіргі әліпбиге өзгеріс енгізу қа­жет деп санайсыз ба?

– Иә, солай деп санайтындар қатарын­да­мын. Бірінің артынан бірін ұсынған әліп­билердің ешқайсысы тілдің дыбыстық жүйесін дәл бейнелеген, кәсіби біліктілікпен жасалған әліпби бола алмады. Өкі­ніш­ке қарай, үшіншісі де мінсіз болмай шық­ты. Ол туралы мамандар айтудай-ақ айтып  жатыр. Бұл істің осылай басталып, әліп­би ұсыну жұмыстарының жүйесіз жүр­гізілуі латын әліпбиіне көшу идеясына, үлкен үмітпен басталған маңызды қа­дамның сәтті жүзеге асуына салқынын тигізе бас­тады. Егер әліпбидің кемшіліктері түзетілмей, осы нұсқаға негізделген оқулықтар мен кітаптар, газет-журналдар шығарыла бастаса, жаңа әліпбиге деген жұртшылықтың көзқарасы мүлде өзгеріп, одан жери бастауы мүмкін. Сондықтан бұл іс­ке өте сергек қарап, алдыңғы қателіктерді қайталамайтын, айқындалған кемшіліктер түзетілген әліпби нұсқасына тоқ­талудан басқа жол жоқ.

– Сіз терминтану саласының ма­ма­ны­сыз. Латынға көшкенде мың­даған кір­ме терминдерді жазу мәселесі қа­лай шешіледі?

– Жаңа әліпбиге көшу кезінде ма­ман­дар­ды да, көпшілікті де көбірек тол­ған­дырып отырған мәселенің бірі осы – кірме тер­миндерді жазу жайы. Дәл осы шет тілдерінен енген терминдерді таңбалау мәселесінде лингвист ғалымдар мен тіл тұтынушыларының бәрінің ойлары бір жерден шыға бермейді. Емле ережелерін жасап жатқан ғалымдардың қазіргі жаңа әліп­бидегі 32 әріпті пайдалана отырып жаз­ған кірме сөздерінің бірқатарын қа­был­дағысы келмей ё, ц, щ, э, ю, я сияқты таң­баларды іздеп жүрген тіл сөйлермен­дері де бар. Әліпби ауыстыру кезінде осын­дай жағдайлардың болатынын да есепке алғанымыз жөн. Егер алдағы уақытта қазіргі бекітілген әліпби нұсқасынан в, ф, х, Һ, ч сияқты таңбалар алынып тасталар бол­са, бұл мәселе төңірегіндегі әңгіме қа­зіргіден де арта түседі. Жұртшылық мә­дени шок алғандай болмауы үшін, линг­вис­­тер қауымының алдында терминдерді ұлт тілінің төл табиғатына, дыбыстық жүйе­сіне икемдеп жазудың мән-маңызы мен қажеттілігін түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеті тұр. Егер көпшілікті осы­ған дайындамай, жүйелі түсіндіру жұ­мыс­тарын алдын ала жүргізбей «Ендігі жерде бы­лай жазасыңдар» деген жағдайда жұрт төбесінен жай түскендей дүрлігіп, жаңа емлені қабылдауы қиын болады. Се­бе­бі қазақстандық лингвистикалық қауым ұзақ уақыт өз тілінің терминдерін өзгенің орфографиялық ережесі бойынша жазып, айтып дағдыланып қалды. Кеңестік жүйе құ­лағанымен 70 жылда оның санаға сіңі­ріп кеткен сабағы, білім беру жүйесі ар­қылы үйретіп кеткен дәстүрі қалды. Кирилл әліпбиі енген кезден бергі кезеңде біз­дің қауымның кірме сөздер құра­мын­дағы жат дыбыстарды өзіне икемдеп алу дәстүрі ұмытылған, бөтен сөздерді бейімдеп алу қабілеті әлсіреген. Көз, құлағы орыс тіліндегідей жазылған терминдерге әбден үйренгендіктен қазіргі аздаған өз­герістердің өзін көп көріп отырғандар әліпбиде қалған кірме дыбыстар таңбасын атасынан қалған мұрадай қорғауға дайын екенін ұмытуға болмайды. Солардың ырқына көніп, әліпбиді төл дыбыстық жүйені дәл бейнелеген Ахаңның нұс­қасына қайтара алмасақ, онда тілдік реформамыз жартыкеш болып, әліпби ауыстырудағы ең басты мақсатымызға жете алмаймыз. Қазақ үшін түкке керегі жоқ алты әріптен (ё, ц, щ, э, ю, я) арыл­ғанымызды үлкен жетістік санап, осыған да шүкір дейтін болсақ, онда орта жолда қалғанымыз. «Қазақ тілінің айтылым сөздігін» (2001ж.) жасап, жариялап кеткен фонетист ғалым Сапархан Мырзабек «Кеңеспен бірге «топан суындай қаптап келген» (Х.Досмұхамедұлы) орыс сөздерін Ахаң бастаған алыптар халық тілінің тезіне салып, тез-ақ жуасытып таста-
ды» деп жазып еді. Ал бүгін күн тәр­тібінде: «Жаңа әліпби мен емле тағ­дырын шешуді міндетіне алып отырған тілшілер қауымы оларды жуасыта ала ма, әлде, өздері жуастық танытып, кірме таң­баларға төрден орын бере ме?» деген мә­се­ле  тұр.

– Оларды «жуасыту» сондай қиын мә­селе ме?

– Оның қиындық туғызуының себебі олар біздің үйімізге кіріп, баяғыда төрі­міз­ге отырып алған. Талай қазақ кірме ды­быс­тар мен сөздерге санасының төрінен орын беріп қойған. Мәселенің қиындығы да сонда болып отыр. Қонақжай халық ре­тінде оларды қалдыруға  да болар еді. Бірақ кірме таңбалар мен терминдер төрімізге аяғын шешпей шығып кеткен. Алаш ардақтыларының сөзімен айтқанда, кірме терминдер тілімізге үстіне «қа­зақ­тың шапанын жамылып, тымағын кимей» кі­ріп кеткен. Сондықтан да дыбыстық жүйе­мізді бұзып, бейнелеп айтқанда «тө­рімізді былғап тұр». Енді жаңа емлемізді де соларға икемдеп жасауға тура келіп отыр. Әйтпесе, өзге тілден сөз алмайық деп отырған ешкім жоқ. Соларды алудың, жазудың тәртібі әліпбиге, емлеге барып тіреліп тұр ғой. Ал осы мәселені жаңа әліп­­­биге көшіп жатқан ең оңтайлы сәтте, қазіргі кезеңде шешіп алмасақ, кеш болады. Келер ұрпақ та оларға көзін үйретіп, санасына сіңіріп алады. Оған олар емес, мә­селені ұтымды сәтте, ұрымтал тұста ше­ше алмай, соларға қалдырып кеткен бү­гінгі ұрпақ, біз кінәлі боламыз. Сол себеп­­тен дәл қазіргі кезеңде біздің мой­ны­мызда үлкен жауапкершілік тұр.

– Сұхбатыңызға рақмет. Әліп­биі­міз қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне шақ келетін қалыпқа түсіп, соған икем­деліп жасалған емлеміздің  бекі­тілуі­не тілектеспіз!

 

Сұхбаттасқан

Дағжан Белдеубайұлы

Соңғы жаңалықтар