Жан жылуын сезбегендер жат ағымға тез ереді
Жан жылуын сезбегендер жат ағымға тез ереді
Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында «Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренинг» деген тақырыпта жиын болды. Сарапшылар мен дінтанушылардың қатысуымен өткен семинарды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті ұйымдастырды. Басты мақсат – дін саласында материал жазатын журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру және олардың шеберлігін шыңдау. Журналистер, дінтанушылар мен теологтардың еркін пікір алмасу алаңында көптеген маңызды мәселелер ортаға салынды.
Еліміз бойынша жат ағымның жетегінде кеткендердің саны әлі азаймай отыр. Жер бетіндегі жұмақты іздеп, шегара асып Сириядан бір-ақ шыққан 516 қазақстандық (оның 357-і балалар) биыл «Жусан» операциясының аясында елімізге оралды. Елге қайтарылған азаматтардан қоғамымызға қауіп бар ма және олардың ортаға бейімделуі қалай жүріп жатыр деген сауалдың туындайтыны анық.
Біздің қоғамда әлеуметтік жағдайы төмен және жоғары білімі жоқ адамдар өзге ағымның жетегіне еріп кетеді деген сыңаржақтау пікір бар. Бірақ жақсы өмір іздеп Сирияға кеткен азаматтарды зерттей келе бәрінің отбасында берілетін тәрбиеге байланысты екені белгілі болып отыр. Мектепте, студенттік кезеңдерде өмірінде белгілі бір ақаулар болған, ата-анасымен жеке қарым-қатынастың дұрыс болмауынан және жан жылуының жоқтығынан зардап шеккендер өзге ағымның тұзағына тез түсетін көрінеді.
Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Болатқанұлы «Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралған көпбалалы әйелдердің балаларының құжаттарын реттеу бойынша үлкен жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Өйткені балалары Сирияда туған аналарға өз баласы екенін дәлелдейтін арнайы геномдық сараптамалар жасалуы керек. Алдағы уақытта құжаттық мәселелердің барлығы шешіліп, елге қайтарылған азаматтармен арнайы жұмыстар жалғасын табатын
болады.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ