Алтын-валюта активі ұлғайды
Алтын-валюта активі ұлғайды
Қазақстан Ұлттық банкінің алтын-валюта резервтері 29,5 млрд долларға жетті. Қазан айында резерв қорының көлемі 2,4 пайызға немесе 704,9 млн долларға өскен.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың мәліметінше, алтын-валюта активтінің өсуіне тұтынушылардың Ұлттық банктегі шоттарда шетел валютасындағы қалдықтың артуы, алтын сатып алу операциялары мен оған әлемдік баға белгіленімінің өсуі әсер етіп отыр. «Ұлттық қордың шетел валютасындағы активі қазанда алдын ала деректер бойынша 0,9 пайызға 59,9 млрд долларға дейін ұлғайды. Елдің халықаралық резервтері қазан соңында 89,4 млрд долларды құрады», – дейді Ұлттық банк төрағасы.
Алайда еліміздегі валюталық депозиттер 12,1 пайызға төмендепті. Депозит көлемі жыл басынан бері 2,4 пайызға төмендеп, қыркүйек айының соңында 18,1 трлн теңгеге тұрақтады. Ал шетел валютасындағы салымдарды теңгемен салымдарға ауыстырушылар қатары көбейіп, 9 айда ұлттық валютамен салымдар 6,7 пайызға артты. «Депозит нарығындағы сапалы өзгерістерге өткен жылы қазанда енгізілген жеке тұлғалардың теңге салымдары бойынша ең жоғары ставка белгілеудің жаңа тәсілі ықпал етуде. Біз ставканың бірыңғай директивалық мәнін белгілемейміз. Қазіргі уақытта 6 айға дейінгі қысқа аралықта ставкалар базалық ставка деңгейіне байланыстырылды. Депозиттік ставкалар барынша ұзақ аралықта банктердің нарықтық ставкаларына қарай қалыптасады», – деп атап өтті Ерболат Досаев.