Шайбалы хоккейден шет қалдық па?

Шайбалы хоккейден шет қалдық па?

Шайбалы хоккейден шет қалдық па?
ашық дереккөзі
  Әлемдік аренада Қазақстанның атын әйгілеген екі сала болса, соның бірі – спорт саласы. Соңғы жылдары елімізде спорт саласына мықтап көңіл бөлініп, спортшыларымыз да Көк байрағымызды желбіретуден шаршаған емес. Боксшыларымыз бен ауыр атлеттеріміз халықаралық сайыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып көз қуантып жүргеніне де біраз жылдың жүзі болды. Биылғы жылы отандық футбол командалары да сырт алаңда шебер ойын көрсетіп, қазақстандық футболсүйер қауымды бір марқайтып тастады. Ал қазақ хоккейінің бүгінгі жай-күйі қандай? Қазақ хоккейшілерінен кімдерді білеміз?

Хоккей ойынының өткені

Қысқы ойындардың бірі сана­латын хоккейдің елімізде ілгері басып келе жатқаны аян. Жалпы, Қазақстанда бұл спорт түрі 1950 жылдардың ортасынан дами бастаған екен. 1954 жылы Өскеменде, одан кейін Петропавл, Алматы, Қарағанды қалаларында хоккей командалары құрылды. Қазақ хоккейінің дамуына 1957 жылы Алматы қаласында өткен ҚазКСР-дің алғашқы хоккей чемпионаты үлкен ықпал етті. Аталмыш чемпионатта 6 команда өнер көрсетті: Алматы қаласынан СКИФ, «Қайрат», «Динамо», «Спартак», Өскеменнен «Торпедо», Петропавлдан «Локоматив». Сол жылы ҚазКСР тарихында алғаш рет ұйымдастырылған чемпионаттың жеңімпазы алматылық «Спартак» командасы болды. Кейінгі жылдары өскемендік «Торпедо» хоккей командасы өздерінің үздік екендіктерін дәлелдеді. Қазақтың атын бүкіл Кеңес Одағына танытқан команда да осы «Торпедо» болатын. «Торпедо» командасының жеңісті нәтижелері қазақ жерінің түкпір-түкпірінде хоккей ойынының таралуына ықпал етті. Мәселен, 1958 жылы Гурьевте, 1959 жылы Ақмолада хоккей командалары құрылған. Кейінірек Ақтөбе, Павлодар, Балқаш, Қарағанды, Көкшетау, Теміртау, Семей, Орал қалаларында хоккей ойыны қарқынды түрде дами бастады. Ал 1964-65 жылдары «Торпедо» командасының КСРО біріншілігінің «А» санатына өтуі қазақ хоккейі дамуындағы жаңа кезең болып саналды. Алғаш рет хоккейді шайбамен ойнауды дәстүрге айналдырған – канадалықтар. Шайбалы хоккей спорттық ойын ретінде де тұңғыш рет осы Канадада рәсімделген. Алғашында хоккейді шайбамен емес, ауыр доппен, яғни, шиннимен ойнаған екен. 1879 жылы канадалық Робертсон алғаш рет ойынға шайбаны қолдануды ұсынып, хоккейдің ережелерін қалыптастырды. 1885 жылы Монреалда хоккей әуесқойлар ассоциациясының негізі қаланды. Алғашқы ресми матч Монреал қаласындағы «Виктория» мұз айдынында өткізілді. Әрине, ол кездегі ойын ережелерін бүгінгі хоккей ойынымен салыстыруға келмейді. Бүгінде ірі құрамада кемінде 18 ойыншыдан болса, ол кезде әр командада 9 ойыншыдан топтасқан еді. 1920 жылы хоккейден бірінші әлем чемпионатында солтүстік америкалықтар мен еуропалықтар кездеседі. Осы сында канадалықтар жеңіске жетті. 1924 жылы екінші әлем чемпионатында да канадалық құрама басымдық танытты. ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін КСРО, Чехословакия және Канада құрамалары үздіктер қатарынан табылды. Ал ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында жаңа алпауыт құрамалар бой көтере бастады. Олардың қатарында Финляндия, АҚШ және Швеция болды. Хоккейден әлем біріншілігінің ақтық сынына Қазақстан құрамасы ең алғаш 1998 жылы шықты. Әрине, ол кезде еліміздегі хоккейдің жағдайы жұрт қызығарлықтай емес еді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін хоккей мектептері де қаңырап бос қалған. Бұл сында жарыс нәтижесі бойынша, отандық құрама 16 команданың ішінде тек Жапониядан ғана озған болатын. Ал 2005 жылғы чемпионат Қазақстан хоккейі тарихындағы ең сәтті деп бағаланады. Швейцария, Германия, Чехия хоккейшілерімен бір топта өнер көрсеткен қазақстандық құрама екінші кезеңге жолдама алғанда, қуанбаған жанкүйер қалмаған болар, сірә. Бірінші ойында немістерді 2:1 есебімен жеңіп, топтық кезеңнің үшінші орнына табан тірейді. Ал екінші кезеңде Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 12-орынға тұрақтады. 2006 жылы Латвияда өткен чемпионатта Қазақстан құрамасы элиталық топпен қош айтысты. Бұған бапкерлер мен басшылықтың дұрыс жұмыс жасамауы себеп болғандығы әлі де көптің есінде. Ал Қазақстан хоккейшілерінің тарихындағы ең ірі жеңіліс Германияда өткен чемпионатта тіркелді. АҚШ командасы қазақстандық хоккейшілер қақпасының торын аямай тулатты. Отандық қорғаушыларымыздың екі аяғын бір етікке тыққан АҚШ хоккейшілері қорғаныстың тас-талқанын шығарып, есепті 10:0-ге жеткізді. Астананың жаңа тарихында хок­кей­дің дамуы жаңа хоккей клубының пайда болуымен байланысты екені айтпаса да түсінікті. Астана қаласының «Барыс» кәсіпқой хоккей клубы 1999 жылы құрылып, 2001-2002 жылғы маусымнан ойнай бастаған. Аталмыш ұжым 2007 жылға дейін Қазақстан чемпионатында ойнады. Одан кейін Ресей суперлигасында өнер көрсетеді. «Барыс» клубының Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы жеңісі Нижнекамскте жергілікті «Нефтехимик» клубымен болған ойынында орын алады. Бүгінде Астанада «Барыс» кәсіби хоккей клубының пайда болуымен хоккейдің даңқы көп ілгеріледі. Бүгінгі күні бұл спорт түрінен даңқы бойынша және 7-қысқы Азия ойындарына байланысты спорт инфоқұрылым нысандарының құрылысы шеңберінде, Астанада барлық жас шамасындағы балалар командаларының жаттығу үрдісін толық қамтамасыз ету үшін пайда болған мұз алаңдарының саны жеткілікті.

Хоккей қазаққа жат ойын ба?

Қысқы спорт түріндегі үздік ойындардың бірі – хоккейге деген қызығушылық соңғы жылдары артып келеді. Бірақ дәл осы спорт түрі бойынша есімі ел аузында жүрген қазақ хоккейшілері жоқтың қасы. Өйткені көпшілік аталмыш қысқы спорт түрін қазаққа жат спорт түрі деп біледі. Бұрын Қазақстан КСРО құрамында болғанда, спорт саласында «легионер» деген ұғым болмаған. Ол кезде құрамада ойын өрнегін көрсеткендердің көпшілігі одақтың азаматтары болғандықтан, өз спортшыларымыз ретінде есептелетін. Ал бүгінгі күні кез келген спорт саласынан қазақты іздейтініміз аян. Осыдан біраз уақыт бұрын topzhargan.kz сайтында допты хоккейден Алматының «Динамо» командасының мерген ойыншыларының бірі Евгений Агуреевтің сұхбатына қатысты материал жарияланды. «Динамода» өнер көрсеткен хоккейші өз сұхбатында: «Қазақстанда қазақ командасы болмаған. Бәрі сырттан келген. …Тіпті, сонау бір ерте кезден-ақ әлемдік тәж үшін жарыс Ресей (КСРО), Швеция және Финляндия арасында өткен. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан қосылды. ...Команда сапындағы ойыншылардың Қазақстанға қандай қатысы бар? Оларды, тіпті, бұл ел қызықтырмайды да. Қазақстанға қатысты екеу-ақ. Олар – Рауан Есалиев пен Ескендір Нұғыманов», – депті. Мұның да астарында бір шындық жатқаны ақиқат. Өйткені бүгінгі қазақстандық хоккей клубтарында қаны қазақ, жаны қазақ хоккейшілер көп емес. Қазір аты көпке белгілі «Барыс» хоккей клубының құрамында екі ғана қазақ спортшысы бар. Олар – Талғат Жайлауов пен Данияр Қайыров. Ал 2015 жылғы әлем чемпионатындағы Ұлттық құрамада бір ғана қазақ хоккейшісі өнер көрсеткен. Қазақстандық хоккей командаларының қатарында шетелдік легионерлер әлі де көп. Ресей, АҚШ, Канада сынды мемлекеттердің хоккейшілері отандық командаларды өрге сүйреп жүр. Олардың көпшілігі Қазақстан азаматтығын алған. Алайда олардың қазақстандық хоккей құрамасы үшін қаншалықты жан беріп ойнайтыны бізге беймәлім. Өзге елдің азаматы біздің елдің хоккей саласын дамытуға тырысатындығына деген сенімнен гөрі күмән көбірек. 1421049464_hokkey Ал бүгінгі қазақ хоккейінде өнер көрсетіп жүрген қазақ жігіттерінің бірі де бірегейі – Талғат Жайлауов. 1985 жылы Өскеменде дүниеге келген хоккейші бүгінде Астана қаласындағы «Барыс» хоккей клубының сапында. Ұлттық құраманың капитаны. 2007 жылғы Қазақстанның үздік хоккейшісі. Талғат Жайлауовтың ізімен келе жатқан үздік қазақ хоккейшілерінің бірі – Данияр Қайыров. Данияр да Өскеменнен шыққан спортшы. Бүгінде 21 жастағы қазақ жігіті «Снежные барсы» хоккей клубының белді ойыншысы. Бұлардың қатарында Рауан Есалиев пен Ескендір Нұғымановтың да есімі жиі аталады. Ал 20 жастағы Дамир Рысбаевтың есімі төбелес-тафгай хоккейші ретінде танымал. Бұған дейін отандық футбол командаларында легионерлердің көп екендігін жұртшылық үнемі сынға алатын еді. Ауылдағы доп теуіп жүрген қазақ балаларын спортқа тарту қажеттігі де күн тәртібінен бір түскен емес. Дегенмен, қазіргі уақытта жасыл алаңда өнер көрсетіп жүрген қазақ футболшыларының есімін ел тани бастады. Ал қысқы спорт ойындарына келгенде ойымызға бір де бір қазақ спортшысы түсе қоймайтыны өкінішті. 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында 7-қысқы Азия ойындары өтті. Осы байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте алтыннан алқа таққан. Қазақстанның 170-ке жуық спортшысы бақ сынаған дүбірлі додада қандастарымыздың қатары тым аз болғаны бүгінге дейін есте. Қысқы Азия ойындарында допты хоккейден Ілияс Қайрыкешев, Арыстан Қазыбаев, Ескендір Нұғыманов, Еламан Әліпқалиев, Нұрлан Оразғалиев, Рауан Есәлиев, Асқар Темірғалиев және Самат Аманшин есімді сегіз бірдей қазақ баласының ұлттық құрама сапында өнер көрсеткені ғана көңілімізді жылытқандай болды. Бірақ допты хоккейден топ жарған қазақ жігіттері бүгінгі хоккей ойындарынан көрініп жүр ме? Міне, бізді мазалайтыны осы сұрақ. Сонда қазақ баласы хоккей ойнай алмайды деген қорытынды шығаруымыз керек пе? Жоғарыдағы Азия ойындарында өнер көрсеткен қазақ жігіттерінің жетістігін көріп отырып, бұлай деп айтуға ауыз да бармайды. Ендеше, кедергі неде? Басты кемшілік – өзімізде. Қазақ балаларының көбі дене шынықтыруға баса назар аударған емес. Оның орнына ғаламторға үңіліп, жылы жерде жатқанды жөн санайды. Әрине, барлық қазақ жастарына топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, мұның да бір шындығы бар. Ал ауылда топыраққа аунап-қунап өскен қазақ балаларының шымыр келетіні жасырын емес. Оларды тек шыңдап, әрі қарай жол көрсетіп, бағыт сілтейтін бапкерлер мен жаттықтырушылар қажет. Бірақ жаттықтырушылардың көбісі өзге ұлт өкілдері. Мемлекеттік тілді білмейтін мұндай бапкерлер ауылдан келген қаракөздерді баулуға тіптен ниетті емес. Мәселен, үздік өнер көрсетіп жүрген «Барыс» хоккей клубында 6 бірдей бапкер бар. Олардың қатарында бір де бір қазақ азаматы жоқ. Ал мұндай жағдай қазақстандық командалардың көпшілігіне тән деп айтсақ қателесе қоймаспыз. Өз құрамамызды шетелдіктермен толтырып жатқанда, қазақ жігіті Данияр Жүнісовтің неміс қақпасын қорғап жүргендігі туралы бұған дейін талай басылым беттерінде жарияланған болатын. Журналист Александр Стрельников «Шайбалы хоккейде ұлты қазақ қақпашыны көру сирек кездесетін құбылыс. Көп жылдар бойы бұл спорттың жанкүйері болсам да, қақпашы болған қазақ жігітін көрмеппін. Германияның жоғарғы дивизионында қақпашы болып тұрған этникалық қазақты көргенде қатты таңғалдым. Берлинде туса да Данияр деп аталып жүрген қақпашының есімі алғаш естіген кезімде құлағыма жылы естілді» деп жазған осыдан бірнеше жыл бұрын. Германияның Wolfsburg Grizzly Adams, Eisbären Berlin, ESC Moskitos Essen, Hamburg Freezers, EV Eisbären Regensburg, ETC Crimmitschau командаларында ойын көрсеткен Данияр Жүнісов 1986 жылы Берлин қаласында дүниеге келген. Алғаш рет хоккей таяғын алты жасында қолына алған Данияр содан бері спорттан қол үзген емес. Әрине, шетелдегі қазақ баласының жетістігі елде жүрген бізді қуантпай қоймайды. Тек осындай қазақ жігіттері өзіміздің ұлттық құрамаларда өгейлік көрмесе екен дейміз.

УЫСТАН СУСЫП КЕТКЕН ЖОЛДАМА

Шайбалы хоккейден Қазақстанның жастар құрамасы Вена қаласында өткен бірінші дивизион командалар арасындағы әлем біріншілігінде бақ сынаған еді. Жастар құрамасы Австриядан үшінші орынды қанағат тұтып қайтты. Қазақстандық шайбалы хоккей­шілер бірінші Германияның жастар құрамасымен кездесті. Тартысты өткен ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылмады. Алғашқы үзілістен кейін қазақстандық құраманың ойыншысы Әлихан Есетов есеп ашқан. Алайда неміс ойыншылары екінші кезеңде Қазақстан қақпасына екі рет гол салды. Сөйтіп, екінші кезең 1:2 есебімен қарсыластар пайдасына шешілді. Үшінші кезеңнің ортасында Қазақстан хоккейшісі Дмитрий Преснов қарсыластар қақпасын дәл көздеп, ойын есебін теңестірді. Алайда 59-минутта Германия құрамасы матчтың шешуші голын салып, есепті 2:3-ке жеткізді. Сөйтіп, Қазақстан құрамасының алғашқы кездесуі жеңіліспен аяқталды. Екінші ойын Латвия құра­масына қарсы өтті. Кездесудің ал­ғашқы жартысында қазақстан­дық құрама қарқынды шабуыл жасап, қарсыластарды сілкіп алды. Дмитрий Преснов пен Дмитрий Гренцтің бірінен кейін бірін соққан қос шайбасы қарсыластар қақпасынан орын алды. Алғашқы екі голдан кейін Қазақстан хоккейшілері арқаны кеңге сала бергенде, Латвия құрамасының ойыншылары бұл жайтты тиімді пайдаланып кетуге тырысты. Латвиялық хоккейшілер Қазақстан қақпасын берік нысанаға алып, 4 рет соққысын голға айналдырды. Есеп 2:4. Ойынның 58-минутында жерлесіміз Әлихан Әсетов қарсыластар қақпасындағы саңылауды дәл тауып, командасын қуанышқа кенелтті. Бірақ ойын соңында латвиялықтар тағы бір шайбаны Қазақстан құрамасының қақпасына тоғытты. Қорытынды есеп 3:5. Қазақстанның жастар құрамасы үшін Венадағы екінші кездесу де сәтсіз аяқталды. Бар күшін үшінші кезде­суде көрсетуге тырысқан Қазақ­с­тан құрамасы Италияның хоккей­ші­лерін ойсырата жеңді. Италия құра­масымен өткен ойында қазақстандық хоккейшілер 7:0 есебімен жеңіс тұғырынан көрінді. Жастар құрамасының ойыншысы Әлихат Әсетов италиялықтарға қарсы ойында екі бірдей голдың авторы атанды. Қалған 5 шайбаны Қазақстан құрамасына Илья Лобанов, Денис Сентюшкин, Бекмұханбет Төлепберген, Никита Незманов, Игорь Боровиков сыйлады. Одан кейін Қазақстан хоккей­шілері Норвегия құрамасымен кездесті. Әуелде қазақстандықтар қарсыластарына есе жіберген болатын. Тек ойынның соңғы секундтарында қарқынды ойнаған Қазақстан құрамасы қарсыластарға есе жібермеді. Австриядағы соңғы кездесуде Қазақстан алаң иелеріне қарсы ойнады. Австрия хоккейшілерінен күші басым болған қазақстандық құрама бұл жолы жеңісті қолдан бермеді. Ойынның қорытынды есебі – 5:2. Австрия құрамасына қарсы ойында Дмитрий Гренц Австрия қақпасына екі рет гол салды. Степан Штефан, Владимир Волков, Игорь Боровиков та осы ойындағы голдардың авторы атанды. Қорытындылай келгенде, бірін­ші дивизион командалар арасын­дағы бәсекеде Қазақстанның жас­­тар құрамасы үшінші орын­ды қанағат тұтты. Сөйтіп, хоккей­ші­леріміз келер жылы элиталық топта бақ сынасуға мүмкіндік беретін жолдаманы уыстарынан шы­ғарып алды. Вена қаласында өткен біріншілікте Латвия құра­масы жеңіс тұғырынан көрінсе, австра­лиялық хоккейшілер екінші орынға тұрақтады. Осы кезде шайбалы хоккейден Қазақстанның ұлттық құрамасы Польшаның Катовице қаласында «Еврочеллендж» сериясы бойынша өткен хоккейден халықаралық турнирде өнер көрсеткен болатын. Ұлттық құраманың алғашқы кездесуі Франция құрамасымен өтті. Франция хоккейшілерін 4:2 есебімен ұтқан Қазақстанның ұлттық құрамасы екінші ойында алаң иелеріне қарсы ойнады. Екінші кездесу де қазақстандық хоккейшілер үшін табысты аяқталды. Есеп – 2:0. Ал соңғы ойында Қазақстан ұлттық құра­масы Италия хоккейшілеріне есе жіберіп, 3:5 есебімен жеңіліс тапты.

ЕСЕНАМАНОВ ЕРЛЕП ЖҮР

2015 жыл қазақ спорты үшін табысты жыл болды. Қазақстанның қоржынына түскен медальдар да аз болған жоқ. Грозный қаласында өткен ауыр атлетика бойынша Ресей президентінің кубогы үшін ұйымдастырылған дүбірлі додада топ жарып, рекорд жаңартқан Илья Ильин жеңісінің өзі-ақ спортсүйер қауымды марқайтып тастады. Ал 2016 жылы өтетін футзалдан әлем чемпионатына жолдама үшін бақ сынаған Қазақстан құрамасы да іріктеу сынын жеңіспен бастады. Әлем чемпионатына іріктеу сынының топтық кезеңінде Қазақстан құрамасы 5-топқа түсті. Бұл топта Қазақстан Чехия, Словения, Франция құрамаларымен ойнады. Топ ойындары Чехияда өтті. Іріктеу кезеңінің ойындарына дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Какау ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Әлем чемпио­наты іріктеу кезеңінің жеребесі тартылғаннан кейін өте қиын топқа түскенімізді білдік. Мұндай топты спорт әлемінде «өлім тобы» деп атайды. Бұл күндері футзалда фаворит деген ұғым жоқ. Кімнің дайындығы жоғары, сол жеңеді. Әрине, Чехия құрамасы іріктеу кезеңдерінен іркілмей өтіп жүреді. Оның үстіне өз алаңында ойнайды. Алғашқы ойынды дәл осы құраммен өткіземіз. Бұл матч аса маңызды. Топтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Чехияны жақсы білемін. Бұл жерде төрт жыл жұмыс істегенмін. Словения футзалы да жылдам даму үстінде. Олар биылдың өзінде бірнеше мықты команданы жеңді», – деген болатын. Алғашқы ойынын Қазақстан құрамасы 10 желтоқсан күні Чехияның Хомутов қаласында өткізді. Алаң иелеріне қарсы ойнаған қазақстандық құрама бұл ойында өздерінің басымдығын көрсетті. Қазақстан мен Чехия құрамасы арасындағы матчтың алғашқы 8-ші минутында-ақ есеп ашылды. Давид Цупактың қақпаға бағытталған соққысы голға айналып, Чехия құрамасы алға шықты. Араға бес минут салып Қазақстан құрамасы есепті теңестірді. Гол авторы – Лео. Одан кейін Шыңғыс Есенаманов есепті еселесе, ойынның 35-ші минутында Дінмұхамед Сүлейменов үшінші рет қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Осылайша, Қазақстан құрамасының іріктеу сынындағы алғашқы ойыны жеңіспен аяқталды. DSC0933 3:1 есебімен алаң иелерін тізе бүктірген Қазақстан құрамасының келесі ойыны Словения құрамасына қарсы өтті. Чехияны айқын басым­дықпен жеңген құрама бұл жолы қарсыластарынан басым түсе алмады. Бірақ Словения құрамасының жеңіске жетуіне де мүмкіндік берген жоқ. Есеп – 2:2. Топтық кездесудегі Қазақстанның екінші ойыны тартыс­ты өтті. Матчтың есебі ойынның 10-шы минутында ашылды. Словения құрамасының қақпасына гол салған Шыңғыс Есенаманов Қазақстан құрамасын алға шығарған. Алайда бір минуттан кейін Словения ойын­шысы Мордей есепті теңестіріп кетті. Алғашқы таймның соңғы минуттарында қазақстандықтар есепті 2:1-ге жеткізуге мүмкіндік алды. Қарсыластар қақпасына енген екінші доптың авторы – Дәурен Нұрғожин. Бірінші таймды жеңіспен аяқтаған Қазақстан құрамасы екінші бөлімде қақпаға қарсыластардың добын енгізіп алды. Екінші голдарын соққан словениялықтар бұл ойынды Қазақстанмен тең есепте аяқтады. Қазақстан құрамасы үшінші ойын барысында Франциямен кездесті. Топтық кезеңдегі соңғы ойын Қазақстан құрамасы үшін табысты болды. Франциялықтарды 4:2 есебімен жеңген қазақстандықтар батыл ойын өрнегін көрсете білді. Қазақстан мен Франция құрамалары арасындағы кездесуде Дәурен Нұрғожин екі бірдей голдың авторы атанса, Серік Жаманқұлов пен Дуглас бір-бірден қарсыластар қақпасына гол соқты. Топтағы екі команданы жеңіп, біреуімен тең ойнаған Қазақстан құрамасы өз тобының жеңімпазы атанды. Үш ойыннан 7 ұпай жинаған Какау шәкірттері 2016 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің плей-офф кезеңіне жолдама алды. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2012 жылғы әлем кубогының іріктеу сынында Венгрия құрамасынан 1:5, Ресейден 0:4 есебімен жеңіліп, Латвиямен 2:2 есебімен тең ойнап, плей-офф кезеңіне жолдамадан қағылған еді. Плей-офф кезеңіне 14 құрама шығып, олар 7 жолдама үшін бақ сынасатын болады. Ал плей-офф бәсекелері 2016 жылдың наурыз-сәуір айларына жоспарланған. Плей-офф кезеңінің жеребелері ақпан айын­да тартылады. Бұл бәсекеден үздік өнер көрсеткен 7 құрама 14 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Колумбияда өтетін әлем біріншілігінде бақ сынасуға мүмкіндік алады. Бұл футзалдан Қазақстан құрама­сының алғашқы жеңісі емес. Қазақстан құрамасы 2-13 ақпан аралығында Сербияда өтетін Еуропа чемпионатына да жолдама алған болатын. Мұнда Какаудың шәкірттері С тобында Ресей және Хорватия құрамаларына қарсы ойнайды. 2016 жыл футзалдан Қазақстан құрамасы үшін нағыз сын сағатына айналғалы тұр. Ал қазақстандықтар Какаудың шәкірттеріне үлкен сенім артып отыр.