14 Қараша, 10:22 365 0 Ішкі саясат Ахмет ӨМІРЗАҚ

Аймағамбетовке айтып-ақ жатырмыз...

Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан білім саласындағы келеңсіздікті жою мәселесін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қаперіне салды. «Білім, оның ішінде орта білімнен маңызды нәрсені көріп тұрған жоқпын. Өйткені бәрінің іргетасы сол. Үйді алтынмен аптап, күміспен күптесең де, мәрмәрдан қаласаң да, іргетасы шірік болған үй құлап қалады.  Ал енді жасыратыны жоқ, орта білімдегі сорақылық, оқулық мәселесі қоғамның титығына әбден тиіп бітті. Бала түгіл, ата-ана түсінбейтін тақырып, шешілмейтін есеп қоғамда қандай сынға ұшыраса да, қандай наразылыққа тап болса да, міз баққан жүйе жоқ. Мазақ па, енжарлық па, оны түсінбедік.

Қазіргі  жүйені өзгертпесе, оқулықтар шығарудағы жүйені шірік деп айтуыма негіз бар. Біз ұрпақты азаптап жатырмыз. Бір есепті бала емес, әке-шешесі шығара алмай отырған мұндай білім жүйесі барып тұрған қаскөй жүйе. Сорақылыққа жауап беретін нақты шешім болған жоқ» деді ашынған депутат. Парламент Мәжілісінде айтылған бұл сөз бұрыннан айтылып келе жатқан проблемаларды еске тағы бір түсірсе де, Білім және ғылым министрлігі пәрменді шаралар қабылдап, ширек ғасырдан аса уақыт бойы созылып келе жатқан кемшіліктердің жойылуына себі тиер ме екен?!.

Күнкөрісті бірінші орынға қойған қоғамда білімсіз малтапқыштар алға шығып, оқығандар жұмыссыз қалды. Сол кезде адамдарды алғаш рет «оқымай-ақ күн көруге болады екен-ау», «кәдеге аспайтын білім де бар екен» деген секілді күдікті ой билеп, халқымыздың сауатты болуға деген ғасырлық ұмтылысының және сол жолда жеткен жетістігінің мәні кетті. Осынша пұшайман халге түсудің салдары болмай қалмады, елде білімге деген ұмтылыстың орнын ақша табуға деген құлшыныс басты.

Жалпы, жұрттың қалауын жоққа шығаруға, халықтың қызығушылығымен санаспауға болмас, бірақ ХХІ ғасырдың білімділер ғасыры екенін естен шығаруға бола ма?!

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегенді терең түсінсек те, білімді болуға ұмтылысымыздың азайып бара жатуы неден? Орта мектепте еңбек етіп жүрген мұғалімдерде кездесіп қалатын сауатсыздық пен мектеп бітіргендердің арасында ойын еркін жеткізе алмайтын тілі жұтаңдардың көбейіп келе жатуына не себеп? Жоғары оқу орнында істейтін ғалым-оқытушылардың еңбектерінде кездесіп қалатын плагиаттық пен сол оқу орнын бітіріп шықса да теориялық білімнің өзін дұрыс игермеген шалағай мамандардың көбеюіне әсерін тигізіп жатқан қандай құбылыс?..

Жалпы, өткенге тас лақтырудан оңай нәр­се жоқ. Әрине, тас лақтыруға тиіс нәр­селер болады, бірақ лақтырылған тас көз­деген жерге тимегесін оның зардабын бас­қалар тартады. Яғни, ұзақ жылдар бой­ғы идеологияның кесірінен саясиланып кеткен әдебиет, тарих, қоғамтану, экономика ғылымдарын сынаудың соңы бүкіл жаратылыстану ғылымдарының жеткен жетістіктерін де жоққа шығарып, оларда жа­салған дұрыс білім дағдыларынан бас тар­туға жеткізді. Солайша, өткен ғасырдың соң­ғы онжылдығында қоғамда болған қиян-кескі жағдайлар заман ауысып жат­қан­да, жұртқа ес жиюға мұрша бермей, бі­лім беру саласы мүлде әлсіреп қалды.

Жаңаны жасамай тұрып, ескіні қирата салу білім саласына хаос әкелді. Басында қуан­дық, бұрынғы идеологияның нұс­қауы­мен жасалған ғылым-білімнен құтылып, жаңа, бөлекше оқу жүйесін, оқу­лықтарды жасаймыз деп. Бірақ ширек ға­сырдан бері «реформа» Қазақстанның білімі мен ғы­лымын басқарғандардың ойын­шығына айналды. «Әр кәлләда – бір қиял», келген Білім министрі жаңа бір ой та­ба­ды да, бүкіл білім беру мекемелеріне со­ны сынақтан өткізеді. Онысына енді бой үйреніп келе жатқанда, тағы бір өз­геріс пайда болып, бәрін қайтадан бастауға тура келеді. «Өзгерте беруден шаршадық» деп, мұғалімдердің көз жасы көл болады...

Мейлі, мектеп болсын, жоғары оқу ор­нында болсын, оқытушылар қолына берген бағдарлама не жоғарыдан келген нұсқаулықпен оқыта береді ғой, бірақ айналып келгенде бәрі оқулыққа тәуелді. Ал ол оқулықтардың сапасыз екенін, мектептегі баланың жасы ескерілмей жазылатынын, берілген тапсырмаларын оқушы түгілі, ата-ананың өзі түсінбей, миы атала бо­латынын еліміздегі БАҚ-тар айта-айта жағы талды. Еш нәтиже жоқ.

Бірақ ұрпағының болашағына алаң­дайтын халық білім саласындағы кетіп жат­қан кемшіліктерді мәселе қылып кө­теру­д­ен шаршамайды. Енді қайтсін, бала­сы­ның сауатсыз болуын кім қалайды?

Қазіргі заманда түрлі проблемалар туралы айтылатын сөз көп, бірақ көбі белгілі бір сала төңірегінде қалатын болғасын оған көпшіліктің назары ауа бермеуі мүм­кін, ал білім саласы туралы әңгіме олай емес, себебі ол бүкіл бір мемлекеттің, тұтас ұлт­тың дамуын белгілейтін талқылау се­кілді нәрсе. Сондықтан бұл тарапта айтылар әрбір сөзде мән бар, әрбір пікірде шын­дық бар.

Қай дәуірді алып қарасақ та, бұрынғы дәс­түрден бірден бас тартудың соңы жақ­сы­лыққа әкелген емес. Кезінде кеңестік жаңа мектеп жүйесін жасау кезінде бұрынғы гимназияларды, семинарларды құртып, жалпыға бірдей орта білім берудің негізін қалаған шақта көптеген қателік кеткен. Себебі гимназиялық оқыту жүйесі әбден қалыптасып, оның білім беру жүйесі өзін ақтаған жүйе ретінде өмір сүруге құқы бар еді. Алайда бұрынғы мұралардың бәріне «ескінің қалдығы» деп қараған большевиктер сол гимназияларда, семинарларда білім алғандарды кеңес үкіметіне зиян­кестік жасайды деп санап, онда оқы­ғандарды қудалап, ол жүйемен оқы­туды құртты.

«Удың күшін у алады» демекші, тәуел­сіз­дік­тен кейін Қазақстанда да кеңестік кезеңнің мұрасы ретінде мектеп оқулық­тары ревизияланды. Жаңа бағдарламалар жасалып, жаңа оқулықтар жазылды. Бір есептен мұны да түсінуге болар, өйткені әде­биет пен тарих пәні коммунистік көз­қараспен жасалып, оған негізінен, сол бағыт­тағы шығармалар кіріп, сол бағыт­тағы тарихи пайымдаулар тықпаланғаны мәлім. Алайда тарих пен әдебиетті оқытуда жаңа концепциялар жасалғанымен, оқулықты оқыту, үйрету методикасы нашар­лау болды. Себебі ол оқулықтарды бірың­ғай ғалымдар жазды да, оны оқыту­дың методикасы сараланбады. Содан келіп берілетін шығармалардың мектептегі оқушылардың жас ерекшелігіне сай келу-келмеуі жеткілікті зерделенбей, оны оқып-үйренудің тиімділігі назардан тыс қалды.

Мәселен, кеңестік кездегі қазақ сынып­тары 9-сыныпқа келгенде қазақ тілі са­бағында мақала жазуды, ісқағаздарын жүр­гізуді үйренетін еді. Ал қазіргі 3-сыныптың оқушысынан белгілі бір материал бойынша мақала, өлең жазу талап етіледі. Оқулық арқылы сондай тапсырма беріледі. Себебі оқулықта солай көрсе­тіл­ген. Мұны қалай түсінуге болады? Сол сияқ­ты, математика сабағында логикалық есептер көбірек берілген. Есеп тапсырмалары баланың жасына қарағанда күрделі. Кейде ол есептерді ересектердің өзі де шығара алмайтын кездер болады. Міне, осының бәрі баланың оқуға деген ынтасын құртатыны белгілі. Өйткені бала өз күшімен есеп шығарып үйренбесе, өлеңді жаттап, әңгіменің мазмұнын айтып беру­дің орнына оқыған материалы туралы шы­ғарма жазу талап етіле берсе, ауыр тап­сырмалардан ығыр болып, білімге деген қызығушылығы төмендемегенде қайтеді?

Мектепке арналған оқулықтарды жазғанда, оған әдіскер ұстаздарды міндетті түрде тарту керек. Себебі қай жастағы баланың қандай шығарманы игере алатынын солар ғана біледі. Материалдың ауыр-жеңіліне қарай тапсырманы қалай беру керектігіне де нұсқау береді.

Ел арасында жүргенде кеңестік кезде ең­бек еткен әдіскер мұғалімдермен сөй­ле­семіз, бүгінгі оқулықтар жайын сұраймыз. Сонда олардың айтатыны: жаратылыстану пәні (математика, физика, химия, т.б.) оқулықтары бұрынғы жүйесінен айырылып қалған, материалдардың түсіндірілуі мен тапсырмалардың берілуі ауыр. Кей жағ­дайда орта мектептің оқушылары алатын білім деңгейінен жоғары көрінеді екен.

Сосын үлкен проблеманың бірі – аралас мектептердің саны көп екен, оның оқу­шылардың тіл тазалығына деген теріс әсері бар.

Тоқетерін айтқанда, бүгінгі қазақ мек­те­біне қарапайым және игеруге өте ыңғай­лы оқулықтар керек. Балаға білім негіз­дерін орта мектепте толық игерте алмасақ, одан болашақта жақсы маман шығаты­ны­на сенім аз. Ол үшін Білім және ғылым ми­нистрлігі орта мектепте білім берудің қа­лыптасқан, сыннан өткен тәсілдеріне жү­гініп, кемі ширек ғасыр мызғымайтын бағ­дарлама жасауы керек. Өйтпесе, мың ре­формадан да пайда жоқ.

Соңғы жаңалықтар