Қазақ Абай жолымен жүрсе, адаспайды

Қазақ Абай жолымен жүрсе, адаспайды

Қазақ Абай жолымен жүрсе, адаспайды
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтетін болды. Біртуар данышпанның мерейтойы қарсаңында елордамызда тұратын абайтанушы ғалымдарды «Түркістан» интеллектуалдық ой-пікір клубына шақырып, әңгімелескен едік. Абайды насихаттау, дәріптеу ісінде зор үлесі бар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сұлтан Оразалин мен ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есім кемеңгердің шын бағасын беру туралы келелі ойларын ортаға салып, Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі Мемлекеттік комиссияның назарына бірқатар ұсыныстарын жолдады. Túrkistan: Елордамызға қоныс аударып келгендегі алғашқы жиынды Абай атамыздың құрметіне арнауды жөн көрдік. Сонымен, Абайдың 175 жылдығына қызу дайындық басталып кетті. Десе де, бұл тойда нені ескеруіміз керек, не істелуі тиіс? Әңгіменің басын осы мәселеден бастайықшы. Сұлтан ОРАЗАЛИН: Абайдың 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге байланысты айтар ой, ұсыныс өте көп. Сондықтан біздің бүгінгі талқымыз Мемле­кеттік комиссияның назарын ау­дарып, ойландыруы керек. Бүгінде газетті біреу оқиды, біреуі оқымай­­ды. Дегенмен айтылған сөз бә­рібір елге жетіп жатады. Абай тө­ңірегіндегі айтыстар әрбір 10 жыл сайын Абайдың мерейтойының қарсаңында шығып тұрады. Бұл, мысал үшін Абайды жамандағаннан емес, біздің қоғамымыздың осы 10 жыл сайын жаңа буынның өсуінен, әртүрлі адамдар мен топтардың пайда болуынан, әртүрлі ойлардың қалыптасуынан туындап жатады. Мұны социологтар, басқа ғылым өкілдері да зерттей жатар, бірақ мені алаңдататын нәрсе сол Абайға деген біздің өзіміздің, халқымыздың құрметі. Абайдың мықты екендігіне дау жоқ, ақын екендігіне дау жоқ, бірақ әлі күнге дейін сол Абайға деген біздің қоғамымызда тұрақты пікір қалыптаспа­ған, оған деген зор сүйіспеншілік бір­жолата орнықты деп айта алмай­мын. Біріншіден, Абайдың 125 жыл­дығы қарсаңында «Абай нар­коман екен», «Абай анау екен», «Абай мынау екен» деген түрлі мақалалар жазылды. Абайды қайтсе де етектен тартқысы келетіндер көп. 150 жылдықтың қарсаңында да сондай әртүрлі пікірлер таратты. Сыртқы жұрттың да, ішкі өзі­міз­дің қазақтың рулық, иә болмаса, жер­шілдік өресіне шыққан пікірлер болды.  width= Енді 175 жылдығы тойланардың алдында Абайдың туған күнін көкпарға сала бастады. Абайдың туған күні – 10 тамыз емес екен, 23 тамыз деп улап-шулап жатыр. Бо­л­ымсыз нәрсе, түкке тұрмайды. Оны мен сол кезде-ақ айттым, айтқан пікірім газеттерге шықты. Қа­зір бұл мәселе аяқталды, бұл мә­селе тиянақталды. Ресми түрде көп ғалымдармен бәріміз отырып соған қол қойып, мәселенің соңғы нүктесін қойдық. Сонымен, енді газет-журналдың бәрінде Абайдың туған күні – 10 тамыз деп жазылатын болды. Сіздерді осы шешіммен келіседі деп ойлаймын. Сондық­тан жалғыз Абайымызды олай-бұ­лай  көкпарға салмай-ақ қояйық, бұл – бір. Екіншіден, Абайдың тойын, 175 жылдығын қалай өткіземіз? Өзім басқасын айтпаған­да, Мұхтардың 3 тойын, Шә­кәрім­нің 2 тойын, Абайдың 3 тойын көрдім. 125 жылдығын, 150 жыл­дығын, енді, міне Құдай жет­кіз­се, 175 жылдығын да көреміз бе деген үмітіміз бар. Оның ішінде 140 жылдығында де­легацияны өзім басқарып барып, басы-қасында болдым. Ол кезде Орталық комитетте әдебиет секторын басқаратынмын. 40-50 адам шеттен келді, өзіміздің бауырлас елдерден келді. Тәуелсіздік тарихындағы үлкен той болды. Қалай десек те, хакімнің 150 жылдығы ұлы той болды. Мемлекет те одан аянған жоқ, барын салып, қаржыны молынан төкті. Мысал үшін Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында халықтың рухы өте жоғары еді, аш-жалаңаш жүріп, түгі жоқ, жұмысы жоқ, жалақы мардымсыз кездің өзінде ел той тойлады. Абайдың тойын Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де аш-жалаңаш жүріп 1945-1946 жылдары халық тойлаған. Оның көлемі 150 жылдықтағыдай болмаса да, сол тойға қазақтың зиялы адамдарының бәрі қатысқан-ды. Ал мына 150 жылдық той көлемі жағынан үлкен той бол­ды. Бірақ сол тойда үлкен кем­ші­ліктер болды. Басты кемшіліктер ұйымдастыру мәселелерінен кеткен. Ендігіде сондай қателіктерге жол бермеуіміз керек. Тойдың негізгі мақсаты – Абайдың абыройын көтеру. Мен ішіп-жеуді айтып отырғаным жоқ. Сол жерде қандай ойындар ойналады, қандай ұлттық дәстүрлер сол тойдың ішінде қолға алынады, оны қалай көрсетеді, қай жерде қалай болады? Міне, осы мәселелердің барлығының толық сценарийі болуы керек. Дәстүрлі жарыстар болатын шығар, қалың үй тігіледі бәрібір, онсыз болмайды. Оның жанында жасалатын ұлттық ойындардың, ұлттық дәстүрлердің қандайын жасау керек, оны ескеру керек. Сондықтан осы тойда Абай туралы кім сөйлейді, кім баяндама жасайды бәрі-бәрі ертерек ойластырылуы керек. Мәдениет министрлігінің жауаптылары бұл мәселеге атүсті қарамай, мән беріп кіріспесе болмайды. Абайды шетелге танытуда «самодеятельный» концерттің барлығын тоқтату керек. Әлемге біз Абайды танытамыз дейміз де, керісінше масқаралап жүреміз. Абай – профессионал ақын. Абай – ұлы ақын. Абайдың дәрежесіне ең таңдаулы деген әншілерімізді, таңдаулы өнер адамдарымызды апаруымыз керек. Делегация құрамы аз болсын, топырлатып 50-60 адамды апару қажет емес. Қазіргі құрылған комиссия Абайдың тойын лайықты атап өтуге нақты бағдарламамен істейді деп ойламаймын. Өйткені комиссия құрамындағылардың тізімін көріп отырмын. Барлығы әкімқаралар, шенеуніктер. Олар ұйымдастыру жұмыстарына керек, бірақ сол топқа Абайды шын құрметтей­тін, танытатын ғалым, жазушыларды тарту керек еді. Ғарифолла ЕСІМ: Абайдың 175 жылдық мерейтойын тойлаған кезде Абай туралы жүрегімізді тілге билетпеуіміз керек. Тіл айта береді емес пе! Жүрек сөзін сөйлеуіміз керек. Мысалы, біз «Ұлы Абай» дейміз. Мұнымыз дұрыс па? Егер біз Алла Тағаланы мойындасақ, ол Ұлы болатын болса, біз неге бұлай деп айтамыз? Абайды «Ұлы» деп Шәкәрім де айтқан жоқ, Мағжан да айтқан жоқ. Бәрі хакім деді. «Алтын хакім Абайға» деді Мағжан. «Ұлы» деген сөз кейіннен шыққан. «Ұлылардың мекені» дейді, ол да дұрыс емес, «Ғұламалардың мекені». Хакім Абай, данышпан Шәкәрім, кемеңгер Мұхтар, ер Махамбет, ғалым Шоқан, ұстаз Ыбырай деп айтуымыз керек. Әйтпесе, кешегі арыстардың ұлы дегенге тілі келмеді емес келді, бірақ олар Абайды «Хакім», «Бас ақын» деп бағалап, халықтық сипатқа көтеруге қызмет етті. Бұл – бір. Екінші – Абай ағартушы дегенді тоқтату керек, Абай – ойшыл. Ағартушы деген Ыбырай атамыз болады. Ол мектеп ашты, кітап шығарды, оқулық жазды, бала оқытты. Ал Абай ешқашан ағарту ісімен айналысқан жоқ. Абай – ұстаз, ойшыл. Асқан дана, кемеңгер. Абайдың бағасын ойшылдықпен өлшеуіміз лазым.  width= Абайдың мерейтойы, әрине туған жерінде өтеді, киіз үй тігіліп, ат шабыс, аламан бәйге барлығы болмаса, халық оны той деп есептемейді. Мерейтойды өткізгендегі мақсат не дегенге тағы қайтып келеміз. Túrkistan: Мерейтой аясында Абай туған топырақта қандай жұмыстар атқарылуы керек? Сұлтан ОРАЗАЛИН: Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында данышпанның кесенесі салынды. Абай кесенесін кешен түрінде салу идеясы аспаннан келген жоқ. Фирдаусидің ескерткішіне ұқсас салды. Мен ол ескерткішті өзім барып көргенмін. Фирдауси кешені тұрған жер құрғақ жер екен. Ал Абай ата кешені саздауыт жерде орналасқан. Фирдаусидің ескерткішін көтергенде тура Абайдың ескерткішіндей қылып салған. Оның астыңғы қабатында үлкен әдеби-тарихи өнер залдары жасалған. Ол залдардың ішінде дүниежүзіндегі батырлардың суреті, әлемнің таңдаулы суретшілерінің суреттері көрме ретінде қойылған. Мына шетінде Фирдаусидің мрамормен қоршалған зираты жатыр. Міне, осындай идеялар болған. Бірақ біз Абайға келгенде, соны жарытып істей алмадық. Сондықтан Абай зиратының маңы кітапхана, мәдени орталық болуы керек. 150 жылдықта басталған істі аяқтауымыз керек! Ғарифолла ЕСІМ: Өте дұрыс сауал. Дүбірлі тойдан кейін не қалады? Той тойланады, тойды өткізеді. Сұлтан ағамыз айтқан қателіктерді жасамауы да мүмкін. Бәрі жоғары өтеді. Бірақ тойдан кейін не қалады? Мәселе — сонда. Жуырда ғана өткен Мемлекеттік комиссияның жиналысында, мен мынадай ұсыныс енгіздім. Семей қаласынан шыққанда «Абай жолы» деген стелла тұр, оны бұрындары біз орнатқанбыз. Ендігіде сол «Абай жолын» Жидебайға дейін жеткізуіміз керек. Ол – данышпан Мұхтар Әуезовтің жобасы. Бұл – көп адамның жүретін жолы. Енді осы жолды «даңғыл» деп атау керек! М.Әуезов «Абай жолы» романында: «Тастақ жерге шынар өсіп шықты, Абай өсіп шықты» дейді. Романның соңында шынар құлады дейтін еді ғой. Міне, Абайдың туған жерін абаттандыру, гүлдендіру ісінің бәрін Мұхтар Әуезовтің романының желісі бойынша жасауымыз керек. Абай туған Сырт Қасқабұлақ топырағына, ұлы жолдың бойына алып шынарды орнату керек, оны өзіміздің суретшілер мен сәулетшілер идеялық-композициялық тұрғысынан ерекше стильмен салып, безендіруі керек. Семей – Күшікбай асуы – Бөрілі – Қасқабұлақ – Ақшоқы – Жидебай – Қарауыл бойында Абайдың шығармашылығына қатысты композициялық ескерткіштерді салып, бұл «Абай жолын» дала музейіне айналдыру керек. Өзге жұрт қызығып, тамсанып қалатын еді. Ел рухы да көтерілер еді.  Бұл дегеніңіз– нағыз мемлекеттік рухани жаңғыру! Túrkistan: Елордамызда «Абай» орталығы ашылады екен. Бұл орталықтың жұмысы мен негізгі концепциясы қандай болмақ? Сұлтан ОРАЗАЛИН: Орталық болғаннан кейін, соған бүкіл Абайға байланысты дүниелердің көпшілігі жинақталуы керек. Біз сол арқылы Абайды танып шығуымыз қажет. Бұл жер елорда болған соң, алыс-жақыннан көп кісі келеді. Келген кісі Абайды, Абай арқылы қазақ елін, ұлтын толық танып кетуі керек. Абай орталығы – қазақ елінің энциклопедиясы болуы тиіс. Орталық ашылса, нақты іске кіріссе, Абайды мейлінше толық зерттеуге, танытуға тиіс деп санаймын. Ғарифолла ЕСІМ: Қазір анау да, мынау да «Абай» орталығын ашамыз деп кетті. Ашсын, аша берсін! Бірақ мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Абай» академиясын ашайық деп арнайы хат жаздым. «Абай» академиясының жұмысы – Абайды зерттеу емес, Абайды зерттейтін ұйымдар, орталықтар көп. Әрбір университеттің жанында орталықтар бар, сосын «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедралары бар, солардың бәрі Абайды зерттейді, таниды. Елімізде бұдан басқа Абайды зерттейтін орталықтар да, ғылыми-зерттеу институттары да Құдайға шүкір, баршылық. Зерттей берсін. Ал «Абай» академиясы не атқарады? Абай академиясы бүкіл қазақ қоғамына қалай қызмет етеді?   Мәселе  — осы. Ол біздің мына бұрынғы идеологиямыз сияқты. Бүкіл қоғамдық ғылымдар, гуманитарлық ғылымдарға басшылық жасап, интеграция жасап, солардың бағытын анықтайтындай Абай академиясы болуы керек. Ол тек ғылыми-зерттеу емес, мемлекеттік идеология орталығы болуы керек. Сондай болсын деп жазып едік, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мырза қолдаймын деп қол қойды. Бірақ ол ұсыныстың төменгі орындалу мәселелері әртүрлі болып бара жатыр. Бірақ біздің бір үмітіміз бар. Елорда әкімдігі «Абай әлемі» деген үй салайын деп жатыр. Үй салса, әрине «Абай» академиясы болуы керек. Болашақ «Абай» академиясында қызмет ететін мамандардың ойы басқа болуы керек. Абайды зерттеу ғана емес, Абайдың идеясын тарату, насихаттау. Қазіргі қоғам  қалай өмір сүріп жатыр? Болашақта қалай өмір сүреді ? Абай қандай жағдайда Абай болып тұрады? Абай және халық қалай бірге болады? Осындай іргелі мемлекеттік істі ойлауымыз қажет, ісіміз тек қана гуманитарлық емес, бизнеске болсын, басқа да қоғамдық ұйымдарға болсын қызмет етуі керек. Абай – мемлекеттік деңгейде қоғамның барлық құрылымы мен салаларында болуы керек. Абай біздің идеологиямыз болуы керек. Мысалы, Конфуций Қытайдың басты идеологиясына айналған, жалпыхалықтық сипат алған тұлға. Пушкин де орыстардың мәдениетіне, қоғамдық өміріне кірігіп кеткен құбылыс. Орыстың зиялылары Пушкинсіз сөз сөйлемейді. Біз осы Абайдың айтқанын, жазғанын бүкіл қоғамға қатысты қылып, жаңа санамен, тәуел­сіздік­тің идеясымен байланыстырып, ары қарай рухани айналымға, халықтық қолданысқа енгізсек дейміз. Абай – халықтың, ұлыстың имиджі болуы керек! Абай орталығын тек ғылыми-зерттеу орталығы десеңіз, оны мен өзім де жеке аша аламын. Жеке орталық ашуды Сұлтан аға да, сіз де істей аласыз. Абай орталығы – жеке емес, мемлекеттік болуы керек. Сонда ғана Абайды біз ұлттық құндылық ретінде бағалап, тұлғасын биіктетеміз. Мемлекет үшін тек Абайдың творчествосы ғана емес, Абайдың айтқан идеялары қалай іске асып жатқаны маңызды болуы тиіс. Абай бізге осы не айтты? Не үшін Абайдың мерейтойын тойлап отырмыз? Тойлап отырғанымыз әр жас ұрпақ Абайды түсініп өмір сүруі керек. Тек өлеңін жаттап алу аздық етеді. Ең болмаса, Абайша өмір сүру қажет. Абайша өмір сүру деген не? Абай хакім айтып кеткен: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ. Бес дұшпаның, білсеңіз». Қазір осы формула жұмыс істеп тұр ма? Болашақ «Абай» академиясы осындайды айтуы керек. Ел, жұрт рухани тазаруы керек. Осы жағдайды нысанаға қойғанбыз. Егер «Абай» академиясын құрсақ, бізге осылай жүргізуге мүмкіндік берсе, жүргіземіз. Үкімет жағынан күш болмайтын болса, «Абай» академиясын өз қаржыммен ашып аламын да, өзім жүргіземін. Бірақ оған менің қаншалықты күшім келеді, келмейді, оны уақыт көрсетеді. Ақиқатында, Абай тойы – елдің  тойы.

Әзірлеген

Елдос НҮСІПҰЛЫ