Киік қырылған күз
Киік қырылған күз
Киік – тұмса табиғаттың ерек жаратылысы. Жәудіркөз жануар әлемнің үш-ақ бұрышында табиғи жолмен өсіп-өнеді екен. Киелі аңға тал бесік болған сол санаулы мекеннің бірі – қазақ топырағы. Өткен ғасырдың ортасында даламыздағы киіктің саны 2 миллионнан асып жығылған. Мамандардың есебінше, бүгінде елімізде небәрі 334 мыңға жуық киік тұяғы қалған көрінеді. Бейресми деректер тіпті 200 мыңға жетуі неғайбыл дегенді меңзейді. Өзекті өртейтіні – дала жануарының он есе азаюына табиғаттан гөрі адамның қосқан «үлесі» көбірек.
2020 жылға дейін Қазақстан аумағында киікті ғылыми негізден бөлек мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Бірақ бұл тыйым браконьерлерді тоқтатар емес. Мәселен, былтыр бір ғана Батыс Қазақстан облысында браконьерлерден киіктің 616 денесі мен 955 мүйізі, 25 мылтық,
1 025 оқ, 18 пышақ пен 19 ара тәркіленді. Оған 14 көлік, 3 моторлы қар шаңғысы мен квадроциклді қосыңыз. Бас прокуратураның деректеріне қарағанда, 2017-2018 жылдары елімізде браконьерлер шамамен 3 мыңдай киікті қырған.
Биыл да дала киесіне мылтық кезенгендер азаймады. Наурызда Ақмола және Қарағанды облыстарында мүйіздері кесілген жүзден астам өлі киік табылса, маусымда Ақтөбенің Шалқар ауданының төрт тұрғынынан үш киіктің еті мен 6 дана мүйіз тәркіленді. Киікке қырғидай тиген тағы бір браконьерлер тамыз айында Қостанай облысы Науырзым ауданының Ақжол ауылы маңында қолға түсті. Полиция іздеріне түскенде көліктеріне өңгеріп алған екі киікті лақтыра қашқан қаскөйлердің арам пиғылы іске аспады.
Күз келгелі киік қырғыны тіпті үдеді. Өткен жексенбі, 10 қарашада Батыс Қазақстан облысында браконьер 348 дана киік мүйізімен ұсталды. Табиғат қорғау полициясының қызметкерлері шекара қызметімен бірге шекара бекетінде Орал қаласының 1972 жылы туған тұрғыны айдап келе жатқан «Крайслер» автокөлігін тоқтатып тексергенде, көліктегі екі чемоданнан 348 дана киік мүйізі табылды. Алайда қос дорбасын бөкеннің мүйізіне толтырған оралдықтың «олжасы» өткен айдың соңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті қолға түсірген қылмыстық топ «табысының» жанында түк емес. Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарының, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларының аумағында ұзақ уақыт бойы киік мүйізін дайындап, одан ары Қытайға контрабандалық жолмен сатқан қылмыскерлерді тінту барысында 1 тонна 118 келі киік мүйізі табылды. Бұл кем дегенде 3 мың бөкеннің атылғанын айғақтайды. Сарапшылардың есебі бойынша 18 адамнан тұратын қылмыстық топтың мемлекетке келтірген зияны – 5 млрд 664 млн теңгеге тең.
Қоғамда үлкен дүмпу тудырған бұл оқиға Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа орны толмас залал келтіргендерді қатаң жазалауды тапсырды. «Браконьерлер табиғат байлығы – киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға жуық киікті өлтірген қылмыскерлерді құрықтады. Қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек», – деді Президент.
Заң жетілдірілді, жаза қатаңдатылды
Мемлекет басшысының тапсырма-сынан кейін Қылмыстық кодекске бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұдан былай браконьерлер жасаған қылмысы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. «Заңсыз аңшылық үшін қылмыстық шешім белгілері кеңейтілді және санкциялар ұлғайды. Мәселен, бұрын осы бап бойынша браконьерлер аңшылықта жануарға зардап келтіретін жарылғыш құралдар, кеме мен қарда жүретін машина қолданғанда ғана жазаланатын еді. Енді онда ату құралы, пневматикалық және суық қару, иттер мен аңшылық құстары енгізілді. Браконьерлер жазаға тартылатын Қылмыстық кодекстің 339-бабы жетілдірілді. Бұрын 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, енді бұл жаза 12 жылға созылады. Бұдан бөлек, шетелдіктерді табиғатқа келтірген залалы үшін 5 жылға ел аумағынан шығару қарастырылған. Заңнаманы жетілдіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр», – дейді вице-министр. Бұған дейін заңды белден басқан браконьерлер оңай жазамен құтылып келді. Кейбіріне салынған айыппұл аң атудан тапқан табысының оннан бір бөлігіндей ғана. Мәселен, құқық қорғау органдарының дерегінше, киік мүйізінің Қазақстандағы бағасы 2 келісі үшін 200 мыңнан асып отыр. Ал Қытай базарларында 3 500-5 000 доллар арасында. Сонда 4 мүйіз 1 келі болса, әр мүйіздің бағасы Қытай базарында 1 000 доллар төңірегінде. Ал браконьерлерге киікті атқаны үшін небәрі 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып келді. Көк қағаздың астында қалған қаскөйге көлденең табысының оннан бір бөлігін айыппұлға жұмсау сөз боп па? Демек, табиғат қорғаушылардың киікке қару кезенушілердің күрт көбеюін заңның солқылдақтығынан көруі негізсіз емес. Жыл басынан бері браконьерлердің ізіне түсу кезінде үш инспектордың көз жұмуы заңнамадағы табиғат қорғаушылардың құзыретін де қайта қарау қажеттігін көрсетті. Қаңтарда Қарағанды облысында қорықшы Ерлан Нұрғалиев қаскөйлер қолынан қаза тапса, шілдеде браконьерлер «Охотзоопромның» тағы бір инспекторы – 43 жастағы Қаныш Нұртазиновты мерт қылған еді. Екі оқиғадан кейін ес жиып үлгермей жатып қазанның соңында Қызылордадан тағы бір инспектордың өлімі жайлы суыт хабар жетті. Жалағаш ауданының аумағында браконьерлерді қуу кезінде «Охотзоопром» қызметкерлерінің көлігі аударылып, ауыр жарақат алған инспекторлардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Осы оқиғалардан кейін елімізде инспекторлардың құзыреті кеңейіп, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау шаралары күшейтілді. «Кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан заңы бойынша бұдан былай табиғатты қорғау инспекторлары құқық бұзушыларды ұстап, қылмысты тіркей алады. Сондай-ақ мемлекеттік инспекторлардың қызметтік автокөліктеріне дауыс зорайтқыш құралы мен арнайы дабылдар орнатылатын болды. 2012 жылдың 24 мамырындағы Үкіметтің №670 Қаулысымен реттелетін қызметтік қару мен арнайы құралдарды қолдану тәртібін де қайта қарап жатырмыз. Онда инспектор өзіне оқ атылған жағдайда ғана қару қолдануға құқылы. Заң арқылы Орман кодексіне, «Айрықша қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жануарлар әлемін қорғау, пайдалану туралы» заңдарға ведомствоға уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерін қадағалау функциясы жөнінде өкілеттік беру туралы түзетулер енгізілді, – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев. Қадағалау функциясының болуы инспекторларға жеке және заңды тұлғалардың заңға қайшы әрекетіне жедел жауап қатуға – тоқтату, құжат тексеру, ұстау, аулау құралдарын, қару-жарақты тәркілеу секілді жедел шара қабылдауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, табиғат қорғау инспекциясының мамандары ауланған аң-құс пен балықты да тәркілеуге құқылы.Инспектор да олжаға ортақ
Заңнамаға енгізілген аталған өзгертулер мен толықтырулардан бөлек, инспекторларды өз кәсібін адал атқаруға ынталандырудың жаңа әдісі енгізілмек. Сирек жануарларды атқаны үшін ұсталған браконьерлер мемлекетке айыппұл төлейді. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрлігі сол айыппұлдың 30 пайызын заңсыз аңшылық жасаған адамдарды ұстауға көмектескен инспекторларға сыйақы ретінде табыстау мәселесін қарастыруда. Мұндағы мақсат – қорықшылардың өз міндеттерін ұмытып, аң аулаушылармен сыбайласып кетуіне жол бермеу. Өйткені инспекторлардың бәрі Нұрғалиев пен Нұртазиновтай кәсібіне адал емес. Соңғы уақытта браконьерлерді қолға түсіргендер жайлы ғана емес, қаскөйлердің ізін жасыруға көмектескен қорықшылар туралы да жиі еститін болдық. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жыл мен биылғы 9 айда осындай 10 оқиға тіркелген. Мәселен, өткен аптада 154 бас ақбөкенді қынаша қырып, мүйіздерін Нұр-Сұлтан арқылы Ресейге жібермек болған қылмыстық топқа қатысты сот ісі аяқталды. Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчуктың айтуынша, сегіз айға созылған тергеу қорытындысы бойынша іске «Охотзоопромның» өңірлік филиалының Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғауға тиіс екі қызметкердің қатысы бары дәлелденген. Биыл қаңтарда Атырау және Маңғыстау облыстарында балық инспекциясы мен полицияның «қамқорлығының» арқасында емін-еркін қылмыс жасап жүрген топ ұсталды. 2017 жылдың желтоқсанында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Ырғыз-Торғай резерватының инспекторы қолға түсті. Оның көлігінен киіктің 8 мүйізі, аңшы мылтығы мен оқ-дәрі табылған. Бұл деректер табиғат қорғау инспекторларының арасында да ала жіпті аттайтындар кездесетінін айғақтайды. Демек, браконьерліктің артында жең ұшына жалғасқан сыбайлас жемқорлық тұр. Иен даланың аң-құсын аяусыз атып жүргендердің құқық қорғау органдары мен сотта да сыбайластары болуы мүмкін деген сөз ел аузында бекер жүрмесе керек. Мұндай ой түюге итермелеген оқиғалардың бірі 2017 жылы Түркістан облысында болған еді. Арыс аудандық соты табиғат қорғау инспекторы Руслан Загировты Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша соттап, үш жыл бойы қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс істеуге тыйым салды. Себебі инспектор қызмет бабын асыра пайдаланған көрінеді. Іс жүзінде табиғат қорғау инспекторы Сырдария өзенінде электр тоғын пайдалана отырып, балық аулап жүрген екі адамды байқап қалған. Сөйтіп үрлемелі қайықпен заң бұзушылардың ізіне түседі, олар өз қайықтарымен мұның қайығын бірнеше рет сүзген. Инспектор браконьерлерге ескерту үшін алдымен аспанға, содан соң суға оқ атыпты. Ал заң бұзушылар мұның өзіне қарсы оқ атқан. Оқиға шиеленісіп кеткендіктен, инспектор өзеннің қарсы жағалауына жүзіп кетуге мәжбүр болады. Кейін әлгі екеу «инспектор бізді жаралады» деп шағым жасаса керек, ауруханаға да барған. Жараланғаны туралы құжаттар да алыпты. Соңында табиғат қорғау инспекторы айыпты болып шыға келген. Еліміздегі аң-құс ату істеріне қатысты тергеудің туралығы, соттың әділдігіне күмәнді көбейткен тағы бір мысал. 2012 жылдың қазан айында «Охотзоопром» мекемесінің Алматы облысындағы Шарын ұлттық паркі инспекторлары қарақұйрық атып алған екі азаматты ұстаған. Бұл оқиғаға байланысты Алматы облысы Ұйғыр ауданы ішкі істер бөлімі іс қозғады. Алғашқы сараптама аңшылардан тәркіленген еттің қарақұйрықтікі екенін көрсеткен. Бірақ аңның қанына жасалған «сараптама» бұл жануарды кәдімгі ит деп көрсеткен. Сөйтіп жарты жылдан кейін іс жабылды. Айтпағымыз, браконьерлікпен күресте кедергі көп. Жаза қатаңдатылды. Алайда заңның орындалуын қадағалайтын органдардың жауапкершілігі сын көтермей тұрғанда құжатқа өзгерту енгізбек түгілі, бастан-аяқ қайта жазып шығудан да қайыр жоқ-ау, сірә...