"Одан да миллиардтарын офшорға шығаратындарды іздеңіздер!" – Перуашев ақша аударымдарын тексеру туралы
"Одан да миллиардтарын офшорға шығаратындарды іздеңіздер!" – Перуашев ақша аударымдарын тексеру туралы
Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев қаржы министрлігінің азаматтардың ақша аударымдарын тексеру жөніндегі мәлімдемесін өткір сынға алды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айта кетейік, жуырда қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов келешекте азаматтардың банк картасы арқылы жасайтын операцияларын тексеру жоспарланып отырғанын айтқан еді. Перуашев осы мәлімдемеден кейін "Ақ жол" партиясына көптеген хаттар келіп түскенін, мәлімдеме қоғамда үлкен дау тудырып, сынға ілінгенін атап өтті.
"Вице-министрдің түсініктемесіне қарағанда, бұл шешімнің екі негізгі мақсаты бар: біріншісі, салықтан жалтарған кәсіпкерлердің табысын анықтау; ал екіншісі – бюджетке түсетін салықты ұлғайту. Жасырын табысты анықтауға қатысты мынаны еске салғым келеді. Президент өз жолдауында үкіметке шағын бизнесті 2020 жылдың 1 қаңтарынан үш жылға табыс салығынан босатуды тапсырды. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылға мораторий жариялады", – деді депутат қаржы министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.Бұдан бөлек, Перуашев атап өткендей, ШОБ-тан түсетін табыс салығы жергілікті бюджеттерге берілетін болады.
"Осылайша, шағын бизнес айналымын әкімшілеудің мәні жоғалып отыр. Азаматтар жеке картасымен миллиондап ақша аударады деп ойламаймын, басым бөлігінің қолында мұндай ақша да жоқ. Қарапайым халық банк картасымен азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек сатып алғанда есеп айырысады", – деді ол.Сондай-ақ халық қалаулысы карта ұстайтындардың дені кредитке күн көріп отырғанын жеткізді.
"Құрметті салықшылар, төлем карталарын бақылау арқылы табысын жасырған миллионерлерді таппайсыздар. Бұл адамдар үкіметтен ешнәрсе сұрап отырған жоқ, өз нанын өзі тауып жүр. Одан да миллиондап пара бопсалап, миллиардтарын офшорға шығаратындардың ізіне түсіңіздер", – деп кеңес берді ол.Осы орайда депутат бюджет ақшасын оңды-солды шашатын араны ашылған шенеуніктерге шүйлікті.
"Даңғаза шараларды азайтыңдар, қымбат көлікке мінгенді қойыңдар, сонда ақша да жетеді, адамдар да салықтың дұрыстығына сенеді", – деді мәжілісмен.Сөз соңында депутат "Ақ жол" фракциясының өтінішін жеткізді.
"Сізден вице-министр Шолпанқұловтың төлем картасы арқылы жасалатын операциялардың жекелеген түріне салық салу туралы мәлімдемесін растауды немесе жоққа шығаруды; егер министрліктің осындай жоспары болса, тым болмағанда, оны шағын бизнесті табыс салығынан босату мерзімі аяқталғанға дейін іске асырмауды сұраймыз", – деді ол.