24 жылдыққа – 45 нысан

24 жылдыққа – 45 нысан

24 жылдыққа – 45 нысан
ашық дереккөзі
Ел Тәуелсіздігінің 24 жылдығына орай, Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қалаларында жаңадан бой көтерген әлеуметтік және коммуналдық 45 нысан халық игілігіне берілді. Облыс орталығы – Шымкент қаласында іргетасы 1930 жылы қаланған Шымкент медицина колледжінің жаңа оқу ғимараты тұсауын кесті. Оқу ғимаратының ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Б.Атамқұлов болашақ медицина мамандарын еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жаңа ғимаратта сапалы білім алуын тіледі. – Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударады. Соның арқасында елімізде әлеуметтік нысандар салынып, тиісті жағдайлар жасалынуда. Мәселен, соңғы бес жылда өңірімізде 360 медицина нысаны салынып, 150 ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Бұл республикадағы әрбір бесінші сәби Оңтүстікте өмірге келетін облысымыз үшін өте маңызды. Жыл сайын ОҚО-да 70 мың сәби туылады. Сондықтан, бізге білікті медицина мамандары өте қажет. Барлық талаптарға сай салынған жаңа оқу ғимаратында студенттердің сапалы білім алып, кәсіби маман атануына тілектеспін. Дәрігер деген абыройлы атқа кір келтірмейтін медицина маманы болуға шақырамын, – деді облыс әкімі. Жаңадан бой көтерген оқу-клиникалық корпусында тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған симуляциялық құрылғылармен жарақтандырылған 16 кабинет, 8 зертхана мен 5 препараттар бөлмесі, 7 оқу кабинеті мен 18 аудитория, 2 мәжіліс залы қарастырылған. Сондай-ақ, ғимараттың екінші қабатында медбикелердің біліктілігін арттыру мен орта дәрежелі медицина қызметкерлерін аттестаттаудан өткізетін, заманауи құрылғылармен жабдықталған аймақтық симуляциялық орталығы бар бөлім де жұмыс істейді. Жаңа нысанның клиникалық тәжірибеде үшбірлік идеясын іске асыруға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Яғни, мұнда медицина мамандары оқып қана қоймай, тәжірибе жасап, білімін ғылыми негізде дамытуына болады. Қазақстан Республикасының орта кәсіптік білім беру мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарына сай орта медициналық және фармацевтикалық мамандарды даярлайтын колледждің жұмысы алдағы уақытта жандана түсері кәміл. Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласында да бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді. Атап айтсақ, шаһарда мемлекеттік-жеке әріптестік аясында 120 орындық «Жан-Нұр» балабақшасы мен «Жастар мен жасөспірімдер» орталығы ашылды. Ал қаладағы көпқабатты 2 үй орталық жылу қазандығына қосылып, 122 пәтерге жылу жетті. Бұдан бөлек, Түркістанның 6 бағыттағы шыға беріс көшелері түгел жарықтандырылып, орталық 6 көшеде жаңадан электр бағаналары сап түзеді. Шаһарды кесіп өткен «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырынан автоматтандырылған газ таратушы стансасы мен Ескі Иқан ауылына дейін газ жеткізгіш құбырының құрылысы бітті. Сондай-ақ, киелі мекендегі бұған дейін мақта егіп, мата шығарып, қала берді мақта майы мен сусабын өндіріп келген «Тұран» шаруа қожалығы бұдан былай 20 түрлі сүт өнімдерін шығарып, облыс аумағына сатылымға шығаратын болды. Егемендік күні аясында Кентау қаласынан Түркістан шаһарына дейін келген құбырдың су өткізгіш бөлігінің су таратқыш құрылғысының құрылысы толықтай аяқталды. Бұдан бөлек, Тәуелсіздікке тарту ретінде қаладағы 30 мың халқы бар «Бекзат» мөлтек ауданындағы электр қуатының сапасын арттыратын және осындағы индустриялды аймаққа қажетті 5 мВт электр қуатын тарататын 110/35/10 кВ «Коммунальная» қосалқы стансасының құрылысы өз межесіне жетіп, іске қосылды. Түркістанда ашылған 9 әлеуметтік нысанның соңғысы – қаладағы сарқынды су жүйесінің құрылысы жалғасын тауып, 13 білім мекемесі, орталық кітапхана мен халыққа қызмет көрсету орталығы осы жүйеге қосылды. Еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында Төле би ауданында екі балабақша пайдалануға беріліп, 3 елді мекендегі 3 мың отбасы, яғни 15 мың тұрғын табиғи отынмен қамтамасыз етілді. Мерекелік той-думан Сарыағаш ауданының екі бірдей білім беру нысанының ашылғанымен ерекшеленді. Аудандағы Ошақты ауылдық округіне қарасты Саттаров елді мекенінде 600 оқушыға шақталған Ы.Алтынсарин атындағы №104 орта мектептің құрылысы бітіп, пайдалануға берілсе, Жылға ауылдық округіне қарасты Шеңгелді елді мекенінде мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында 120 орындық балабақша ашылды. Сонымен қатар, мереке қарсаңында Түлкібас ауданында 7 әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне берілді. Састөбе поселкесінде 100 орындық «Төрежен» балабақшасы, Кемербастау ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылында медициналық бекет пен Майлыкент елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Кершетас ауылы мен М.Жәрімбетов ауылы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Т.Рысқұлов ауылындағы «Жанкент» мөлтек ауданында газ, ауыз су, электр энергиясы сынды коммуналдық мәселелер толық шешімін тапты. Сондай-ақ, сапалы қызмет көрсету мақсатында Т.Рысқұлов ауылында «Алатау» медициналық қызмет көрсету орталығы ашылды. Айтулы мерекеде Ордабасы ауданында жаңа 5 әлеуметтік нысан іске қосылды. Мәселен, Темірлан ауылында 100 орындық «Қымбат апа», Шұбарсу ауылында 150 орындық «Кәусар-Әли» және 100 орындық «Нұр Мерей» балабақшалары бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Сондай-ақ, ауданда тәулігіне 250 тонна бидай өңдейтін «Ордабасы нан» диірменінің екінші кезеңі іске қосылып, Ынталы ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет халыққа қызмет көрсете бастады. Шағалалы Шардарада мерекелік тарту ретінде бес әлеуметтік нысан бой түзеді. Достық пен Көксу ауылдарынан 140 орындық, Ақшеңгелді елді мекенінен 60 орындық мектепке дейінгі мекеменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сондай-ақ, шардаралықтарға Тәуелсіздіктің 24 жылдығының құрметіне 24 пәтерлі көпқабатты үйдің кілті табысталды. Аудандағы тозығы жеткен мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтіп, аудан тұрғындары үшін көптен күткен игілікті іс болды. Отырар ауданында да ел мерекесі айқын сезілді. Аудандағы Ш-9, Шәмші, Қалқабай-Ебелек каналдары күрделі жөндеуден өтсе, Бестораңғыл елді мекені таза ауыз сумен қамтылды. Ал Маяқұм, Көксарай, Қарғалы және Арыс ауылдары түнгі жарықтандырумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Шілік ауылында жаңа әкімшілік ғимарат пайдалануға берілді. Азат күнді тойлау кезінде Созақ ауданы да мектепке дейінгі мекемемен толықты. Ондағы Құмкент ауылында 75 балаға шақталған «Махамбет» жекеменшік балабақшасы ашылса, Қазығұрт ауданының Сабыр Рақымов ауыл округінде 200 орындық мәдениет үйі халыққа қызмет көрсетуді бастады.

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ