Дін мен дәстүр сабақтастығы – тұрақтылық тірегі

Дін мен дәстүр сабақтастығы – тұрақтылық тірегі

Дін мен дәстүр сабақтастығы – тұрақтылық тірегі
ашық дереккөзі
Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту мақсатында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің семинары өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.  Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің біліктілігін көтеру, діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде сақтану шараларын жетілдіру мен қоғамда кереғар ағымдарға қарсы тұратын бірыңғай иммунитет қалыптастыру жайы сөз болды. Семинар-тренингке ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Арман Қуанышбаев, белгілі дінтанушы Мұқан Исахан, қалалық, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен дін саласына жауапты қызметкерлер, жоғары, орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары және магистранттары, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілі, қала, аудандардың бас имамдары, қала, аудандардың жалпы орта мектептерінің «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Семинар-тренингті Түркістан облысы қоғамдық даму басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Дәурен Сариев ашып, жүргізіп отырды. «Қазіргі кезде Қазақстанда әлеуметтік-саяси өмірде діннің рөлі арта түсті. Дін қоғамдағы рухани мәдени саланың аса маңызды бөліктерінің біріне, тұғырлы әлеуметтік институтқа айналып келеді. Халқымыздың едәуір бөлігі нақ осы дін арқылы дәстүрлі құндылықтар мен қоғамдық парасаттық ұстанымдарын қайта жаңғыртуға ұмтылуда. Бүгінгі шараның мақсаты - еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту болып отыр», - деп атап өтті ол. Кездесу барысында ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Арман Қуанышбаев, дінтанушы Мұқан Исахан, ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкіл имамы М. Ақтамберді тренингке қатысушыларға зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескере отыра елдің тыныштығы мен келешегі үшін діннің тура жолынан жаңылмауымыз керек екенін түсіндірді. Елімізге танымал ұстаз Арман Қуанышбаев дін мен дәстүр сабақтастығы бүгінде үлкен рөл атқаратынын, қазақтың салты мен санасы Ислам дініміздің тамырына негізделгенін жеткізді. Келешек ұрпақтың ұлты үшін қызмет етуіне барлық ата-аналар тал бесіктен тәрбие беру керектігін де тілге тиек етті. Кездесу соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.