"Өз ағзамды беруге дайынмын": Бала қағып кеткен қазақстандықтың анасы кореялықтардың аяғына жығылды

"Өз ағзамды беруге дайынмын": Бала қағып кеткен қазақстандықтың анасы кореялықтардың аяғына жығылды

"Өз ағзамды беруге дайынмын": Бала қағып кеткен қазақстандықтың анасы кореялықтардың аяғына жығылды
ашық дереккөзі
Чханвон қаласында 7 жасар баланы қаққан қазақстандық азаматтың анасы Оңтүстік Кореяға барып, халқы мен зардап шеккен бүлдіршіннің жақындарынан кешірім сұрады. Бұл процесс жергілікті JTBC телеарнасы арқылы көрсетілді, деп хабарлайды "Хабар 24".  «Мен, Қазақстан азаматшасы Корея еліне келген мақсатым: корей халқынан, осы елде болған жол апаты үшін, жол апатынан зардап шеккен кішкентай бала үшін өз атымнан және ұлымның атынан басымды иіп кешірім сұрау. Бұл екі ел арасындағы іс болғандықтан, ертерек келіп сіздерден кешірім сұрай алмадық. Менің ұлым өз қателігі үшін заң алдында жауап береді. Тек сіздерден өтінерім, жұмыла ел болып зардап шеккен кішкентай баланың амандығын тілейік. Сондай-ақ зардап шеккен кішкентай баладан және оның ата-анасынан ерекше аяқтарына жығылып кешірім сұраймыз.    Құрметті зардап шеккен баланың ата-анасы! Мен Ана ретінде сіздердің жағдайларыңызды түсінемін. Бұл жағдай сіздерді қатты күйзелтті. Мен де сіздердің ұлдарыңыздың амандығын бір Алладан тілеймін. Алдағы уақытта болатын операцияда сіздің ұлыңызға көмек көрсетуге дайынбыз. Егер қандай да бір орган ауыстыру керек болса, ұлым екеуміз өз ағзамызды беруге дайынбыз. Ұлдарыңызды аман алып қалған Корея дәрігерлеріне алғысымыз шексіз», – деп жазды жазықты қазақстандықтың анасы қағазға. Еске сала кетсек, 16 қыркүйек күні Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматы көлікпен бала қағып кеткен. Бұл оқиға бірден қоғамда дау тудырды. Себебі жерлесіміз ол елге заңсыз кірген және көлік жүргізетін құжаты болмаған. Күдікті оқиға орнынан ізін суытып, Қазақстанға кетіп қалған. Бірақ кейіннен кері қайтқан. Бұған дейін 20 жастағы отандасымыз 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген ақпарат пайда болған еді. Бұл іске қатысты сот отырысы ертең өтеді. Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Иннің атына жолданған петицияға қылмыскерді жазалауды талап еткен 60 мың адам қол қойыпты.