Токио-2020: Қазақстандық спортшылар тағы екі жолдамаға қол жеткізді

Токио-2020: Қазақстандық спортшылар тағы екі жолдамаға қол жеткізді

Токио-2020: Қазақстандық спортшылар тағы екі жолдамаға қол жеткізді
ашық дереккөзі
Қытайдың Ухань қаласында қазіргі бессайыстан лицензиялық Азия чемпионаты өтіп жатыр. Құрлық додасында ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сын аяқталды. Жарыс нәтижесі бойынша, Қазақстан командасының мүшелері Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко олимпиада жолдамасына қол жеткізді, деп хабарлайды Olympic.kz.  Елена Потапенко Азия чемпионатынан 12-орын иеленіп, Олимпиадаға жолдама алды. Олимпиадаға іріктеу турнирінің ережесіне сәйкес, құрлық бәсекесінде 5 жолдама сарапқа салынды. Әр елден тек бір спортшы ғана лицензияға үміткер бола алады. Потапенконың алдында Оңтүстік Кореяның төрт, Жапония мен Қытайдың үш, Өзбекстанның бір спортшысы бар. Осылайша Елена Потапенко ел қоржынына 24-жолдаманы салды.  Ерлер арасында Павел Ильяшенко төртінші орын иеленіп, Токио ойындарына қатысу мүмкіндігін алды. Айта кетелік, қазақстандықтар әзірге Токио олимпиадасына 25 лицензия жеңіп алды. Бұған дейін Юрий Юрков (нысана көздеу), Сәрсенкүл Рысбекова (стенд ату), Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт, лицения командаға беріледі), садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжан Мұсаев; командалық және жекелей сын), Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Екатерина және Александра Немич (синхронды жүзу), Милад Карими (спорттық гимнастика), Валентина Исламова, Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Асхат Ділмұхамедов, Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали (еркін күрес) Олимпиада жолдамаларына қол жеткізген болатын.