«Құтты біліктегі» елге қызмет ету идеяларының өміршеңдігі

«Құтты біліктегі» елге қызмет ету идеяларының өміршеңдігі

«Құтты біліктегі» елге қызмет ету идеяларының өміршеңдігі
ашық дереккөзі
«Құтты білік» (Құтадғұ біліг) – әлемдік өркениеттен ерекше орын алатын, түрік тектес халықтарға ортақ классикалық шығарма. Ертеде бұл шығарманы ирандықтар «Тұран шахнамасы» десе, шын жұрты «Хандардың әдеп-қағидалары» деп атаған, ал машындықтар «Мемлекет дәстүрі» деп ат қойып, айдар тақса, күллі шығыс елдеріне «Өмір зейнеті», «Падишаға насихат» деген атаулармен белгілі болады. Соншалықты бүкіл дүниежүзі ынтық боларлықтай, төрткүл дүниеге таныларлықтай бұл қандай еңбек?! Этико-философиялық, парасат пен ақыл-ой сұлулығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген кітапты барша жұрт ұлылықтың негізі деп білсе керек. Онда жар таңдау, бала тәрбиесі, ақыл-білім, тіл ұстарту, мемлекет басқару және тағы басқа толып жатқан мәселелер жырланған. Шығармада елге қызмет ету, ұлтты сүю, салт-дәстүрді құрметтеу тәрізді мәселелер айырықша орын алады. Қазақстанда шығарманы қазақ тіліне аударғандардың бірі – академик Ә.Құрышжанов болса, екіншісі – профессор А.Егеубаев еді. Белгілі ғалым Асқар Егеубаев шығарманы ұзақ жылдар бойы зерттеп, 1986 жылы қазақ оқырмандары үшін кітап етіп тұңғыш рет жариялаған болатын. 1989 жылы Пекиннің «Ұлттар» баспасында араб қаріпімен қазақ тілінде екінші рет жарық көрсе, 2006 жылы өңделіп, толықтырылып қайта басылады (Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн. Құтты білік. Көне түрік тілінен аударған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған А. Егеубай. – Алматы: «Өлке», 2006. – 640 бет. 2-басылым). Біз мақаламызды дәл осы кітапты негізге ала отырып жазуды жөн көрдік. Шу бойынан шыққан Жүсіп Баласағұн атақты шығармасын 45 жасында (шамамен 1010-1015 жылдар), он сегіз айдың ішінде жазған. Түркияның атақты ғалымы Рәшит Рахмади Араттың пікірінше, шығарма Баласағұн қаласында басталып, Қашқар қаласында аяқталған. А.Ділашар ойшыл ақын 1068 жылы Қашқарға барып, шығармасын сонда жазды деген болжам айтады. Құрманғали Халид «Тауарих хамса» атты кітабында (Қазан, 1910 ж.) Баласағұнның «Иыл алтмыш екі ерді төрт иүз білә» дегені ескі жыл санау бойынша төрт жүз алпыс екінші жылы еді деген мағынада, яғни хижра бойынша 362 жыл болып шығады деп түсіндіреді. Ол Еуропа зерттеушілерімен бұл мәселеде келіспейтінін жазады. Құрманғали Халид «Алты шәһар хабарлары» тарауында: Һаран өлген соң Садық таққа отырып, айналасының бәрін ислам дініне енгізді (350-400 хыжра) деп дерек береді. Құрманғали Халид Садықтың уәзірі Жүсіп Қыдырхан – лақабы имам Патшах – «Құтадғу білік» кітабын жазып, Садық Бұғраханға тарту еткендігін де жазады (А.Егеубай – 7-8 бб.). «Қарахандар елінің ең жоғарғы, мәртебелі қаған (шығылдар) орталығы Баласағұнда орналасады да, кіші қаған (йағмалар) орталығы әуелі Таразда болып, кейін Қашқарға (Ордакент) ойысады. Осы кезеңдерде, кейін XII ғасырдағы жаугершілік уақыттарда да Баласағұн тарихи оқиғалардың нақ ортасында тұрды. Ескі екі керуен жолының біреуі Самарқанд-Ташкент-Тараз, Баласағұн арқылы Қытайға ұштасып жатты. Шу өзенін бойлап Іле Алатауының бауырына қарай тартқан жол Шелекті басып, Шығыс Түркістанға, бір тармағы Іледен асып, Қойлық, Қопал, Алакөл арқылы Моңғолияға бастайтын жаңа керуен жолы да батыс пен шығысты жалғастыратын күретамырлардың бірінен саналған. Осының өзі-ақ Баласағұн шаһарының дамуына қызу ықпал жасаған. Кейін, XIII ғасырда Сарайшық қаласынан табылған қыш құмырада «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз, Кісі көркі – жүз, Жүздің көркі – көз» деген «Құтты біліктің» бір бәйіті жазылғаны тегін емес. «Құтты білік» көшірмелерінің өзі бір шеті Мысырдан, бір шеті Венадан шығуы тағы да кездейсоқтық деп ойламаймыз. Бұл мәдени даму тынысының қарымдылығының, қызу қарым-қатынас пен өркениетті үрдістің белгісі» деген еді белгілі ғалым марқұм Асқар Егеубаев. Расында да, «Құтты білік» – жалпақ жұрттың игілігіне айналған өте бағалы еңбек. Шығарма Күнтуды, Айтолды, Өгдүлміш, Одғұрмыш есімді кейіпкерлердің өзара сұхбаты үлгісінде жазылған. Әрбір кейіпкердің өзіндік бейнесі бар. Күнтуды – Әділет, яғни әділ заң, әділ елбасы, әділетті әмір ұғымдарымен астасып жатқан кейіпкер атауы. «Құтты білікте» Айтолды – дәулет, пішімі үнемі өзгеріп, құбылып тұратын Ай тәрізді көркем бейне. Өгдүлміш – ақыл, данышпандықпен даңқы шыққан кемеңгер тұлға образы болса, Одғұрмыш – қарапайымдылық пен қанағаттың жиынтық тұлғасы ретінде көрінеді. Айтолдының өзгермелі бейнесі «Нұры сөніп, семіп мүлде жоғалар, Қайта туып, қайта толар, оңалар» деген жолдар арқылы анық білінеді. Дегенмен, Айтолдының сөздері де көшелі кемеңгерлікке толы. Жалпы, «Құтты білік» шығармасы мәңгілік рухани құндылықтарды жырлайды. Жүсіп Баласағұн Айтолдының сөзімен бірде: Тіршілікке алданбаған өшеді, Дүниеге малданбаған көшеді, (186 б.) – деп байлықтың өткіншілігін ескертсе, келесі бір бәйітінде: Барлық істе сабырлы бол көшелі, Сабырлы жан тілегіне жетеді. Қай істе де бол ұстамды, сабырлы, Ұстамдылық үйірер мал, бағыңды, (189 б.) – деп адамзатты ұстамдылыққа шақырады. Көне түрік, тіпті ертедегі қазақ дүниетанымында бала ең бір қастерлі, өмірдің мәні, тіршіліктің жалғасы ретінде насихатталған. Адамның жасаған жақсылығы мен жамандығы өз иесін табады, өзін таппаса да ұрпағының алдынан шығады деген көне наным атаулы жәдігерден де анық аңғарылады. Қазір кейбір дүмше молдалар өмірдің мәнін о дүниеде деп түсіндіргісі келеді емес пе? Егер әлгіндей молдалардың сөзі расқа шықса, өмірге ұрпақ әкелуіміз, оның болашағын қамтамасыз етуге ұмтылуымыз да бекершілік болып шықпай ма? Елік ойын мәтелдеді, балады, Ұрықты жан өлсе, ұрқы қалады! (215 б.) – деп ақын ұрпақ арқылы өмір жалғасын табатындығын білдіргісі келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Жүсіп Баласағұн Айтолдының сөзі арқылы игі істің ешқашан «өлмейтіндігін» мына бәйіт жолдарымен дәлелдеуге тырысады: Ей, ізгі жан, ізгілік ет, жаңылма, Ізгілікті жұтпас қарттық, қабыр да!.. Ізгілігің қартаймайды, қалады, Ғұмыры – ұзақ, аты алысқа шабады! (216 б.) Әлбетте, ілім-білім, заманауи техниканы үйрену бұл тек қара бастың мәселесі емес, ұлт пен ұлыстың, болашақ ұрпақтың қамы. Тіпті бүгінгі дамыған заманда да кім білімді болса, сан салалы нанотехнологиялардың тілін білсе, соның тасы өрге домалайды. Айтты Өгдүлміш: – О, құтты Елік, қысқасы, Білім, сана – бұл, өнердің нұсқасы. ...Ақыл-есі адамның табиғаттан бұйырар, Қабілетті үйренбес, қабілетке сыйынар! Адам естен басқаны білімімен алады, Білім, оқу-тоқуды еңбегімен табады! (219 б. ) – деп ақын білім алу үшін орасан зор еңбек керектігін ескертсе, білімнің берер жемісін былайша сипаттайды: Білім білсең, күнің құтты өтеді, Қанша кішік болсаң да, ұлы етеді! (231 б.) Ұл мен қызды қалай тәрбиелеу керектігі де шығармада сөз болады. Отан қорғайтын ұлға артылар жауапкершілік, «қызға - қырық үйден тыйым» түсініктерін де осы шығармадан табасыз. Мысалы: Әйел әпер – ұлға, қызды ерге бер, Қайғы-мұңсыз тірлікке не тең келер!? Ұлды үйрет күллі өнер-білімге, Ол өнермен дүние табар түбінде, (456 б.) – деп жас толқынды өнер-біліммен баулу керектігі баса айтылады онда. Әдетте, біз білсек те, білмесек те өз ойымызды айтуға асығамыз. Ол да жөн шығар. Әйтсе де, «аз сөз – алтын, көп сөз – көмір» деген қазақтың сөзін естен шығарып алатын кезіміз де жиі кездеседі. Дана Өгдүлміштің айтпағы да осыған саяды: Айтты Өгдүлміш: Ей, ізгі бек, тірегім, Сөйлегеннен, тыңдау абзал, білемін. Сөз сөйлеуші жанын қинап тынады, Тыңдаған жан сергіп, семіріп шығады. Деген екен сынап көрген, көрікті ер, «Тіліңді тый, ақылыңа ерік бер!» Көп тыңдаған дана болар, көп біліп, Көп сөйлеген басын берер көпіріп! Есті сөзден – ғибраттанар құлағың, Көп мылжыңнан лайланар ой-бұлағың. Көңілдегі айтылмаған сөз алтын, Бақыр болар, шықса – нарқын жоғалтып. (241 б.) Жүсіп Баласағұн ел-жұртқа, мемлекетке қызмет етуге шақырады. Жай ғана қызмет етуге емес, сол ұлы жолда жан беруге дайын болуға үгіттейді. Жомарт қандай? Кімді айтамыз сақи деп, Сақи жан тек ер хақына бас имек! Сақи емес күміс шашып бөлгендер, Сақи – елге жанын қиып бергендер! (581 б.) Бұл дүниеде әрбір адам өз артынан із қалдыруға, жақсылықпен жақындарының жүрегін жылытуға ықылас қойғаны абзал. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейтін қазақ ұғымының бастауларын Өгдүлміштің Елікке айтқан өсиетінен де байқай аламыз: Тірлік емес, ізгі ат тіле – тілесең, Ізгі атың – тірлігің ол, білесің! Өзің өлсең, қалар ақыр атың да, Атың ізгі болса – тірлік татымды! Кімнің аты кірлей түссе, аштырақ, Болғанынан болмағаны жақсырақ! Өмір – зая, жақсы ат тіле мәндірек, Жамандықсыз жақсы ат қалар мәңгіге! (452 б.) Уақыт деген зымырап барады. Дегенмен, оның қадірін біліп жатқандар некен-саяқ. Уақытты қадірлеу туралы бастама бірнеше ғасырлар бұрын да көтерілген десе, біреу сенер, біреу сенбес. Уақытқа қарсы төтеп берер тек адамның игі істері екенін, жақсының жақсылығы мәңгі өлмейтіндігін орта ғасырдағы шайыр да ел-жұртқа ескертуге тырысады: Көшіңді жібер-жіберме – мақұл, Болмағын осал, көшесің ақыр! Қаласаң бек бол, қаласаң құл бол, Қалмайсың мәңгі, өлімге – тұр жол. Қаласаң, жаса: он сегіз, мың жыл, Жақсы атақ қалдыр, өлесің бір күн. Қаласаң бай бол немесе шығай, Тірлікті жейді кешкен күн, жыл, ай. (480 б.) Одғұрмыштың Елікке: Өтер жалған, ештеңе жоқ көшпейтін, Жақсылық қыл, өзің кетсең өшпейтін! – деп билік басындағы бақтың жалғандығын, қайырымды іс арқылы мәңгілік із қалдыруға үгіттеуі қашанда құны жойылмас құнды кеңес екені аян. Әлбетте, белді бекем буып, білекті түрінген адам құр қалмасы анық. Алдан үміт сәулесін түсіріп, қанатын кеңге жаяды. Керісінше, қайғымен қарап отырғанның оңалмасын жыр жолдарынан оқып, өмірімізге өнегелі тәлім-тәрбие аламыз. Мысалы: Қызмет еткен жүрер үміт-сеніммен, Кетер, тұрмас үміт үзіп жерінген. (534 б.) Жақсы ниет жарты іске тең деседі. Көңілі көрікті адамның өмірі де сәулелі болары бесенеден белгілі. Жақсы болса ердің ниет – құлығы, Іс – тілегі түгел болар ғұмыры.

***

Іс бұзылса, заң бұзылса – ер азар, Ел бұзылар, бағы қайтып, жер азар. (551 б.) Кезінде дәстүр халықтың бұзылмас қағидасына айналды. Патша низамы мен дәстүрдің арасында айтарлықтай қашықтық болды деп айта алмаспыз. Заң болып ел ішіне орныққан дәстүр көшпелі қоғамның дала демократиясын қалыптастырғаны көпке мәлім. Дәстүр қағидалары сақталмаса, елдің де, ердің де азғындайтынын кемеңгер ақын қалай дәл тауып айтқан десеңізші! Таудан асқан тас бұлақ, Қазса құйяр теңізге. Қанша малы көп болса, Бай қуанар егізге. Жаманнан жақсы туса да, Жақсыдан жаман туса да, Тартпай қомай негізге, – деп беріректе Бұқар жырау тектілікті жырға арқау етсе, орта ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн да қан тектілігінің маңыздылығына баса назар аударады. Мәселенкей: Асыл болса кімнің ата-тегі егер, Одан елге пайда тиер сене бер! (554 б.) Жүсіп Баласағұн шығармасында қазақ дүниетанымымен, ұлттық құндылықтарымен астасып жатқан дүниелер жеткілікті. Данышпан ақын айтқан ұлттық тағамдар әлі күнге қазақтың кең дастарқанынан түскен жоқ. Қымыз, сүт-май, ірімшік, сүзбе, құрт, Киіз, сырмақ, перде – құрсаң үйге құт. (450 б.) Осы жолдарда айтылған «киіз», «сырмақ», «пердеңіз» де қазақ тұрмысында кеңінен қолданылып келеді. Шығармадағы түс жоруға байланысты ұғымдары қазақ түс жоруы нанымдарымен тұп-тура сәйкес келеуі бекерден бекер емес шығар. Қазақ түстегі қайғы-қасіретті, қорқынышты өңімізде кездесетін қуаныш нышанына балайды. Қысқасы, жаман түсті жақсылыққа ырымдайды. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» де дәл сол ұғымды ұшыратамыз: Ойын тойда жүрсең жайнап, шаттанып, Қайғы-мұңның қақпасын сен қаққаның. Түсте жафа шексең, жылап, суалып, Уанарсың өңіңде мың қуанып. (574 б.) «Көк түріктің қара шаңырағы қазақта қалды» деп кезінде Мағжан ақын жайдан жай жырлады дейсіз бе?! «Құтты білікте» езуге мысқылды күлкі ұялататын, сөйте тұра терең ойға батыратын жолдарды да жиі кездестіресіз. Өлім – зейнет, ей, иесі бейнеттің, Өлім – бейнет, ей, иесі зейнеттің! Кедей өлсе, бар бейнеттен арылар! Бай өлсе, егер, есебінен жаңылар! (206 б.) Расында, қазақтың «Өлім – байдың малын шашады...» деген сөзі осындай жайтқа қаратыла айтылса керек. Қол ұмсынып, білім іздеп терледім, Сөзді сөзге өріп, тізіп терледім! Түркі сөзін көрдім тағы киіктей, Ептеп ұстап, қолға үйретіп демдедім. (621-622 бб.) Шынымен-ақ, Жүсіп Баласағұн қасиетті түріктің сөзін «ұстап», бабалардың бақыт пен барақатқа жеткізген дүниетанымын болашақ ұрпаққа жеткізген кемеңгер. Ғұламаның ислам діні желеуімен арабтық экспанцияның Орталық Азия елдеріне күшейген кезінде өмір сүргендігіне қарамастан, шығармасында көшпелі түріктік дүниетанымның қайнар көзі руханиятқа сусаған көкірегіңіздің шөлін қандырады. Жалаң догмати­ка­лық діни насихатты мүлде кездес­тір­мейсіз. Жүсіп Баласағұн өз жырларында айтқандай артында мәңгілік өшпейтін із қалдырды, уақыттың тезіне шыдап беретін шығарма тудырды. Сол себепті, шығарма жазылғалы бері он ғасырдай өтсе де, өлмес туынды кез келген заманмен құрдас бола алады. Ендеше, қаншама ғасырлар мен мыңжылдықтар өтсе де, артындағы ұрпақтары «Құтты біліктен» өз жан-дүниелеріне қажет рухани азық табары сөзсіз.

Арман ӘУБӘКІР, ҚР Р.Б.Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының PhD докторанты