Елбасы Путин мен Зеленскийді Қазақстанда кездестіруді ұсынды

Елбасы Путин мен Зеленскийді Қазақстанда кездестіруді ұсынды

Елбасы Путин мен Зеленскийді Қазақстанда кездестіруді ұсынды
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңді шешетін уақыт жеткенін айтты. Astana Club отырысында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев екі ел президенттерін Қазақстанда кездестіруді ұсынды.  «Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай, әрине, қынжылтады. Олар бір-біріне өте жақын елдер. Алайда болары болды. Ішкі және сыртқы күштер араласып кетті. Қазір қарым-қатынастың ажырап кеткені соншалық... Украина мен Ресейді өте жақсы білемін. Алғашқы күндерден бастап-ақ екі елді татуластыруға тырысып келемін. Менің жұмысымның нәтижесі – Минсктегі алғашқы кездесу болды. Басында мен еуропалық елдерді аралап, Меркель ханыммен кездестім. Кейін Киевке келіп, Порошенкомен кездестім. Одан кейін Мәскеуге бардым. Франция президенті Қазақстанда болған кезде жол ортада Путинмен кездесуді өтіндім. Осының нәтижесінде біз Минскте бас қосып, мәселелерді шешуге тырыстық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club отырысында. Елбасының айтуына қарағанда, бәрі ойдағыдай келе жатқан. «Мәскеудің талабы мен өтініші – Украинаның шығысындағы азаматтарды қорғау туралы заң қабылдау еді. Ол азаматтар – сондағы процеске қатысқандар, сотталғандар, тағы басқа... Украина Радасы мұндай заңды қабылдағанымен, ол орындалмай жата берді. Заң осы жылдың 31 желтоқсанында күшін жояды», - деді ол. Елбасы Путинмен телефон арқылы сөйлескенде, осы мәселені қозғағанын атап өтті. «Кеше Владимир Путинмен бұл мәселені ары қарай қалай шешуге болатыны туралы тілдестім. Қарым-қатынастың ушыққаны соншалық, Украина Батыс пен АҚШ-қа аппеляциямен шығып отыр. Менің ойымша, Ресей мен Украинаның президенттерін жеке кездестіру керек. Тек осылай ғана келісуге болады. Себебі, екі ел арасындағы нақты жағдай шешіледі. Мен осындай кездесу мүмкін деп ойлаймын. Меніңше, қазір осы кездесудің дәл сәті туып тұр. Біріншіден, Зеленский сайлауда халықтың қолдауына ие болды. Дума да жаңа президентті қолдайтын азаматтарды сайлады. Ол осы мәселені шеше алады. Қос тарап келіссе, бұл мәселені алға жылжыту керек», - деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев отырысқа қатысып отырған мемлекеттерді Ресей мен Украина арасын жақындатуға атсалысуға шақырды. «Яғни мәселенің шешімі бар. Алға жылжу керек. Ресей мен Украина президенттері жігер таныта білуі тиіс. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмын. Баршаңызды Ресей мен Украинаның арасындағы қатынасты бұзбай, керісінше жақындастыруды ұсынамын. Донбас пен Лугансктегі мәселені шешу керек. Процесс жүріп жатыр. Тұтқындағы азаматтар босап, әскер бір-бірінен алыстай бастады. Сондықтан, осындағы сарапшылар да ондағы бейбітшілікті сақтау бағытында ой айтуы тиіс», - деді ол. Сондай-ақ, Елбасы Ресей мен Украина президенттерінің кездесуі үшін нейтралды аймақ ретінде Қазақстанды ұсынды.