Түркі академиясы жанынан жеке кітапхана жұмыс істейді

Түркі академиясы жанынан жеке кітапхана жұмыс істейді

Түркі академиясы жанынан жеке кітапхана жұмыс істейді
ашық дереккөзі
Астанада Түркі академиясы халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Бейбітшілік және келісім сарайында сыйға тартылатын кітаптарды және экспонаттарды қабылдап алу рәсімі болып өтті. Академия кітапханасы белгілі түркітанушы ғалымдардың еңбектерін және жеке кітап қорларын қабылдау есебінен жүйелі түрде толықтырылып келеді. Атап айтқанда, академиктер Әбдуәлі Қайдар, Рабиға Сыздықова тапсырған кітаптар мен құнды қолжазбалар, профессор Әбжан Құрышжанов пен танымал мажар ғалымы Иштван Қоңыр Мандокидің жеке қолданысында болған кітаптары мен қолжазба мұралары Академияның көздің қарашығындай сақтайтын дүниелеріне айналды. Сондай-ақ, Түркі академиясының кітапханасына Түркияның бұрынғы президенті Абдолла Гүл мыңға жуық кітап сыйласа, жазушы Немат Келімбетов атындағы қоғамдық қор өзі шығарған барлық кітап өнімдерін тұрақты түрде Академия кітапханасына тапсыруда. Салтанатты рәсімге Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Ш.Ахмедов бастаған делегация, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Б.Уәли, Немат Келімбетов атындағы қоғамдық қордың атқарушы директоры Р.Мәженқызы, танымал ғалымдар М.Мырзахметұлы, Б.Көмеков, С.Қасқабасов, Б.Досманбетов, Н.Омашев, Ж.Бейсенбайұлы қатысты. Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бес жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының таныстырылымы өтті. Бастамашы топ аталған көптомдықтың бүгінге дейін жарық көрген барлық томдарын Түркі академиясының кітапханасына тарту еткен болатын. Сонымен қатар, жуырда ғана Алматы қаласында қабылданып алынған академик Р.Сыздықованың жеке кітап және құнды қолжазба қоры негізінде Академия кітапханасында ашылған Рабиға Сыздықова қоры таныстырылды. Сондай-ақ, салтанатты шара аясында Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына орай белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметұлының «Хакім Абай мұрасын танып-білудің 125 (1889-2014) жылдық тарихынан», «Мұхтар Әуезов – абайтанушы ғұлама» монографиялық еңбектерінің және ол құрастырып, алғысөзі мен түсініктемелерін жазған «Абайды оқы, таңырқа...» атты ғылыми жинақтың таныстырылымы өтті. Басқосу соңында Академия президенті Д.Қ.Қыдырәлі кітаптар мен экспонаттар тапсырған тұлғаларға алғыс айтып, оларға арнайы сертификаттар табыс етті.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Астана қаласы