Жаңалықтар

Еліміз 9 айда 42,7 млрд доллардың өнімін экспорттады

ашық дереккөзі

Еліміз 9 айда 42,7 млрд доллардың өнімін экспорттады

Қазақстанның 9 айдағы экспорт көлемі 42,7 млрд долларды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында еліміздің 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайында баяндаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өнеркәсіп өндірісі орнықты өсу үрдісін сақтап отыр. Қаңтар-қазанда өсім 3,5 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі 3,3 пайызға өсті. Өсу негізгі өңдеу салаларында қол жеткізілген қарқынның сақталуымен қамтамасыз етілді. Олар: жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика және сусындар өндірісі», - деді Руслан Дәленов. Оның айтуынша, мұнай өндіруді қалпына келтіру есебінен кен өндіру өнеркәсібінде өсім 3,7 пайызға артты. Түсті металдар кенін өндіруде 18 пайыз деңгейінде жоғары өсу қарқыны сақталды. «Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өсу 12,7 пайызды құрады. 9,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,9 пайызға ұлғайды. Бұл ретте, өсімдік шаруашылығының нақты индекс көлемі 96,8 пайызға дейін жақсарды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығында төмендеу тереңдігі 0,2 пайызға дейін қысқарды», - деді ол. Министр дерегінше, көрсетілетін қызметтер саласында өсім 4,4 пайызды құрады. Сауда көлемі 7,5, көлік – 5,6 және байланыс – 4,5 пайызға өсті. «Қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда айналымы 1,5 пайызға өсіп, 70,4 миллиард долларды құрады. Экспорт көлемі 42,7 миллиард доллар, ал импорт 27,6 миллиард доллар болды»,- деді Р.Дәленов.