11 Қараша, 14:09 322 0 Мәдениет Анар ЛЕПЕСОВА

Аружан Жазылбекова АҚШ-та «Ең үздік әйел рөлі» аталымында жеңіске жетті

Қазақстандық актриса Аружан Жазылбекова АҚШ-та өткен «Golden screen awards» марапаттау шарасында «Ең үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алды. 

Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмі аталмыш шарада «Ең үздік киносы», «Ең үздік музыка», «Ең үздік ер адам рөлі» және «Ең үздік әйел рөлі» сынды 4 номинация бойынша жеңімпаз атанды.

«Golden screen awards» шарасы China Film Co Production корпорациясы, Hollywood Reporter және Америка кино қауымдастығының қолдауымен 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Шараның басты мақсаты - қытайлық және шетелдік кино студияның бірігіп түсірген үздік киноларын марапаттау.

Еске салайық, «Композитор» фильмінің тұсау кесері ағымдағы жылдың 17 мамыр күні елордада өткен болатын. Аталған фильм әлемдік өнерге елеулі үлес қосқан Қытайдың танымал композиторы Си Синхайдың өмірі мен өнер жолына арналған.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында (1941-1943 жылдар аралығында) композитор Қазақстанда тұрып, қазақтың талантты композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болған. Картина екі ел арасындағы ынтымақтастық пен композиторлардың достығы туралы сыр шертеді. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және қытайлық «Shineworks Pictures», «China film coproduction corporation» компаниялары бірге түсірген.

 

Соңғы жаңалықтар