Нұр-Сұлтан мен Алматыда митингке шыққандар қандай талап қойды?
Нұр-Сұлтан мен Алматыда митингке шыққандар қандай талап қойды?
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында рұқсат етілген митинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі митингті өткізу әкімдікпен келісілген және рұқсат берілген. Жиын Жерұйық паркінде өтті. Митингте ондаған қатысушылар барлық азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандығын сақтау, парламенттік республикаға ауысу, шынайы жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін көтерді. Одан бөлек, акция қатысушылары сайлау жүйесін реформалау мен заң үстемдігін, сот билігінің тәуелсіздігін талап етіп, пікірлерін білдірді.
Алматыда бүгін Сарыарқа кинотеатрының артындағы алаңда рұқсат етілген митинг өтті. Онда да бірнеше адам «Кәсіподақтан қолыңды тарт!», «Дағдарысқа төлеме, кәсіподаққа қосыл!», «Кәсіподақтар тәуелсіз болсын», «Ереуіл жасау құқығы ҚР Конституциясының 24-бабымен қорғалған» деп жазылған плакаттармен шықты.
«Біздің мақсатымыз - Қазақстандағы еңбек құқықтарының бұзылып жатқанына назар аударту. Оған еліміз жеткілікті көңіл бөліп отырған жоқ. Бизнес субъектілері мен кәсіподақтар еңбек құқығын өрескел бұзып жүр, кәсіподақтар ішінде күрес жүріп жатыр. Сондықтан, біз жоғары ұмтылғанымызбен, Қазақстан халықаралық рейтингте төмендеп келеді. Еңбек құқығы ешкімге қажет болмайтындай кезеңге түсуіміз мүмкін. Бұл жақсы емес», - деді «Азаматтық қорғаныс» ҚҚ төрағасының орынбасары Дмитрий Литвин.
Оның айтуынша, жұмыскерлер өз құқықтарын талап етіп, кәсіподақта бірігуі тиіс. Жиын барысында өзге де қатысушылар өз пікірін айтты. Айта кетейік, бұған дейін Алматы мәслихаты азаматтардың бейбіт жиыны үшін екі орын белгілеген болатын.