8 Қараша, 10:41 440 0 Қоғам Анар ЛЕПЕСОВА

Қайрат Исағалиев: Дипломаттар ең әуелі қазақ тілін жетік білуі керек

«Елдестірмек – елшіден» дейді қазақ. Қазақстанның алыс-жақын көршісімен байыпты байланысының тұғыры – татулық десек, сол татулықтың дәнекері – дипломаттар.  Ел мен елдің арасында алтын көпір болып жүрген мамандарға жүктелер жауапкершілік ерен. Өйткені ішкі-сыртқы мәдениеті үйлескен, бірнеше тілді қатар меңгеріп, сан саланы сауатты игерген бұл жандарға қарап, бөгде жұрт қазақ туралы ой түйеді, Қазақстан жайлы пайым жасайды. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі, істеген ісінен асқан мәдениеттілік менмұндалап тұратын Қазақстан дипломатиясының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Исағалиевті көрген шетелдіктер халқымыз жайлы жоғары пікірде болғаны анық. Өйткені ол қысқа уақыт тілдескен адамның өзін бойындағы биік парасатымен баурайды.

– Қайрат Исағалиұлы, өмірдерегіңізге көз жүгіртсек, мектеп бітірген соң дәрігер болуға талаптаныпсыз. Алайда саналы ғұмырыңызды медицинамен қабыспайтын мүлдем басқа салаға – дипломатияға арнадыңыз. Шалғайдағы ауылда өскен балықшының ұлы шекара асып, ел мен елдің арасында дәнекер болу туралы ойлап көріп пе еді? 

– Бала күнімде ондай ой басыма кіріп шыққан емес. Өмірде өзім істеген екі-ақ іске таңғалам. Біріншісі – шет тілдердің иісі мұрныма бармаса да, мектеп бітірген соң француз тілінің маманы болуға бел буғаным. Екіншісі – қаладағы орыстың балаларымен ойнап, орысша сөйлеп жүрген баламның тілін сындырып, таза қазаққа айналдыруым.

Алғашқысын сұрап отырсың ғой, соған тоқталайын. 1956 жылы 10-сыныпты бітірген соң қалаға барып білім алғым келді. Алайда жоқшылық қолбайлау болды. Әкем соның алдында ғана өмірден озған. Анам Утера (Бірлік) селосындағы наубайханада от жағушы болып жұмыс істейтін. Жұмысы өте ауыр. Қамысты ауылдан 4-5 шақырым жердегі теңіз өресінен өзі шабады, дайындайды, жаяулап тасиды. Пештің отын өзі жағады, күлін шығарады. Сондағы алатын айлығы – 5 сом. Тігерге тұяқтан – қорадағы жалғыз-ақ сиыр. Соған қарамастан анам байғұс қарызданып-қауғаланып, қолыма 400 сом ұстатып, оқуға жіберді. Құжаттарымды тез жинастырып, Гурьевке жүріп кеттім. Медициналық оқу орнына түсіп, оташы болғым келді. Алайда Гурьевке мен қалаған медицина институтынан қабылдау комиссиясы келмей қалған екен. Әрі ойланып, бері ойланып, шет тілін меңгерсем де жаман болмаспын деп шештім. Француз тілін 8-сыныптан бастап екі-ақ жыл оқытты мектепте. Аз да болса хабарым бар ғой деп, француз тілі бөліміне құжат тапсырып, сынақтан ойдағыдай өттім. Сөйтіп Алматы шет тілдері институтына түстім. Бес жылдан кейін туған өлкеме француз тілінің маманы болып оралдым. Ауылдағы мектеп-интернатта ұстаздықтан басталған еңбек жолым кейіннен мені диплома­тияға жетеледі.

Қазір ойлап қарасам, бүгінгі жетістігім анамның жанкештілігінің арқасы екен. Егер шешем оқуға мүмкіндік беріп, жағдай жасамағанда, әкемнің кәсібін жалғастырып, ауылда балықшы болып жүрер ме едім, кім білсін? Сондықтан анама мың мәрте алғыс айтамын. Әке-шешемнің алдындағы перзенттік парызымды орындасам деген арман осы күнге жеткізді.

– Болашағыңызды түбегейлі дипломатияға арнағыңыз келетінін қай кезде ұқтыңыз?

– Дипломатияның мәнін бертін келе түсіндім. Дала даналығы үстемдік құрып тұрған заманда билер үкім айтып, ел ішіндегі дау-дамайды шешіп отырды. Үш биіміз жоғарғы соттың қызметін атқарды. Бұл – халықтық дипломатия. Ал қазір дипломатия жеке ғылым болып қалыптасты.

Алғаш рет 29 жасымда шетелге шықтым. Оқу бітірген соң Алжир халық демократиялық республикасына Кеңес Одағы атынан тілмаш боп бардым. Ол кезде дипломатиядан хабарым болмаған. Бірақ тілдің маңызын түсіндім. Аудандық комсомол ұйымында хатшы боп жүріп, тілді аздап ұмыта бастаған кезім болатын. Сол жерде жаттығып, білімімді қайта жандандыруға тура келді.

Дипломатияның қыр-сырын ұғып, осы саланың кәсіби маманына айналу жолында көп адамның шапағатын көрдім. Соның бірі де бірегейі – Мүсілім Базарбаев. Кезінде Мәдениет министрі, одан кейін Сыртқы істер министрі болды. Сол кісі менің қарым-қабілетімді байқап, адамдармен тіл табыса алатынымды аңғарған болуы керек, 1976 жылы Сыртқы істер министрлігіне қызметке шақырды. Халықаралық қатынастар саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегім сол уақыттан басталды. Ол кезде министрлікте 19-20 адам жұмыс істейді. Мен хаттама бөлімін басқардым. Жұмыс бабында көзге түстім-ау шамасы, Орталық комитетке ұсынылдым. Ол уақытта ұсыныс жасай алатын үш адам болды: Фазиля Қонаева, Мүсілім Базарбаев және Саламат Мұқашев. Осы үш азаматтың кепілдемесімен Орталық комитетке бардым. Содан бастап өмірім дипломатиямен біте қайнасып кетті.

Нағыз дипломатияның нәрімен сусындаған кезім – Тәуелсіздік орнаған тұс. Егемендік алар жылдың алдында шетелде жұмыс істеген қазақтың ұл-қыздарының басын қосу керек болды. Кеңес Одағы ыдырайтыны белгілі болып, дербес ел болуға дайындалып жатқан кезеңде тіл білетін, халықаралық қатынастар саласында сауаты бар жастардың тізімі жасалды. Сол тізімге менің де атым еніп, Сыртқы істер министрлігінде мәдениет бөлімін басқардым.

Одақ құлап, көптен күткен Тәуелсіздікке қол жеткізгенде, жан-жақтан шетелде қызметте болған жастар жинала бастады. Солардың алдыңғы шебінде Қасым-Жомарт Тоқаев, Төлеутай Сүлейменов, Болат Нұрғалиев сынды жігіттер болды. Қазақстандық дипломатияның озық үлгісін қалыптастыра білген осындай азаматтардың дәнекерлігінің арқасында бүгінде көршілеріміздің елімізге көзқарасы оң, алыс-жақын мемлекеттермен тереземіз тең. БҰҰ-ның, көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесіміз.

– Әлемнің 54 елінде түрлі дипломатиялық қызметте болыпсыз. Шетелдіктер дипломаттарға қарап, оның елі туралы, мемлекеттің білім және мәдени деңгейі, тіпті экономикалық әлеуеті туралы ой түйетіні белгілі. Жат жұрт қазақты қай қырынан таниды, Қазақстан жайлы не біледі?

– Кеңес үкіметі кезінде бөгде жұрттың көбі Қазақстанның қай жерде орна­лас­қанын да біле бермейтін. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінен ашылған елшіліктеріміздің арқасында көп елмен арада көпір орнап, қазақты танитын, Қазақстанды білетін жұрттың қатары өсті.

Дипломаттың ең бірінші міндеті – өз халқын таныстыру, елін дәріптеу. Егер елші өзінің сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы арқылы шетелдіктердің «Апыр-ай, мынау қай елдің азаматы?» деген таңданысын тудыра алса, мақсатына жеткені, қызметін адал атқарғаны.

Егемендік алғаннан кейінгі ең бірінші мақсатымыз – БҰҰ-ға кіру болды. 1992 жылдың 2 наурызында сол мұратымызға жетіп, Елбасымыз Қазақстанның қандай ел екенін, халқы қандай, салты қандай екенін әлемге таныстырды. Екінші үлкен жетістігіміз – сол жылдың 22 сәуірінде ЮНЕСКО-ға мүше болуымыз. Ол кезде Сыртқы істер министрлігінде ЮНЕСКО істері жөніндегі комиссияның бас хатшысы едім. Халықаралық ұйымның Париждегі штаб-пәтеріне Қасым-Жомарт Тоқаев екеуіміз бардық. Баспасөз мәслихаты кезінде дүниежүзінің көптеген елінен қатысып отырған журналистер: «Сіздерге қай тілде жауап берген ыңғайлы?» деп сұрады. Сонда Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қай тілде сұрасаңыздар, сол тілде жауап береміз» деді. Ол кісі қытай және ағылшын тілдерінде еркін жауап берді. Мен французша тіл қаттым. Журналистер қауымы жаңа қалыптасып жатқан мемлекеттің азаматтарының осындай білімдері болса, елдің болашағы жарқын болатынына сенімді екенін айтып таңданып жатты.

– «Адамның қандай екенін білгің келсе, онымен сапарға шық» деген сөз бар. Сапарлас болғанда Президентіміздің дипломат ретінде, азамат ретінде қандай қасиеттері ерекше есіңізде қалды?

– Францияға сапарымыз кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлының бүкіл болмыс-бітімінен текті азамат екенін аңғардым. Жоғарыда атап өттім ғой, бұл сапардың негізгі мақсаты – елімізді ЮНЕСКО мүшелігіне енгізу болатын. Ел жүк­теген міндетті абыроймен атқарып, баспасөз конференциясын жоғары деңгейде өткізгеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев екеуіміз кешкі Парижді араладық. Сол уақытта оның байқампаздығына тәнті болдым. Серуендеп келе жатқанда Қасым-Жомарт Кемелұлы жүрісін бәсеңдетіп: «Қайрат Исағалиұлы, білесіз бе, Парижде әтірдің иісі бар», – деді. «Ал Римде талшынның, Сингапурде балықтың иісі аңқып тұрады» деп жалғады сөзін. Қандай аңғарымпаздық десеңізші, қатты таңғалдым. Мен Париж­де бірнеше рет болған адаммын ғой, ал бұл оның қалаға жасаған алғашқы сапары еді. Қанша рет келсем де, өзім байқамаған дүниелерді оның аузынан естіп, әсерлі әңгімесін қысыла да қызыға тыңдадым.

– Қазақстандық дипломатияның қалыптасу кезеңінде ЮНЕСКО-мен байланыс комиссиясында белсенді қызмет етіп, осы құрылымның қалыптасуына өлшеусіз үлес қостыңыз. Бүгінде еліміздің ЮНЕСКО-мен қарым-қатынасы қанағаттанарлық деңгейде ме?

– Бұл сұрағың ертеректегі бір ерек оқиғаны еске түсіріп отыр. 1993 жылы біз ЮНЕСКО-ның мерейлі даталар тізіміне Абайдың 150 жылдығын енгізуді қолға алдық. Алайда халықаралық ұйымның жарғысы бойынша соңы қос нөлмен аяқталатын мерейтойлар ғана аталып өтілетін. Мәселен, 100, 200, 1000 жылдық секілді ірі даталар. 50, 150, 250 жылдық сынды мерейтойлар ЮНЕСКО жоспарына енбейтін. Соған қарамастан біз Абайдың 150 жылдығын халықаралық ұйым шеңберінде атап өтуге күш салдық. Бұл іске сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Қуаныш Сұлтановтың еңбегі айрықша сіңді.

Еліміз әлі есін жиып үлгермеген, экономикамыз қалт-құлт күй кешіп жатқан кезең болатын. Сапарымызға бөлінген қаржының мардымсыздығына қарамастан Қуаныш Сұлтанов Францияға бір жылқы сойып апарды. Қазақты білмейтін жұртқа халқымыздың асы мынау деп дәм татқызуымыз керек емес пе? Бір жылқының етімен Қазақстанның шекарасынан өтуін өттік, алайда Францияның кеден бекетіне келгенде кедергіге тап болдық. Ветеринарлық қызмет өкілдері етті бір тәулік тексеруге алып қалатындарын айтты. Егер құрамында қауіпті ештеңе болмаса, ертеңіне қайтарып береміз деді. Амал жоқ, күттік. Келесі күні етімізді алып, қонақүйдің тоңазытқышына салдық та, Парижге келгендегі басты миссиямызды орындауға кірістік. Бізге ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майордың көп көмегі тиді. Абайдың кім екенін түсіндіріп, ұлы ақынның 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өткіміз келетінін айтқанда, ол бұл өтінішімізді ұйым мүшелерінің назарына ұсынуға бірден келісті. Алайда шешім ұйымға мүше мемлекеттердің дауыс беруінен кейін қабылданатынын ескертті.

Шешуші сәт келіп жетті. Қуаныш Сұлтанов мінберге көтеріліп, Қазақстанды таныстырды, қазақтың дана ақынын дәріптеді. Ол сөзін аяқтаған соң ЮНЕСКО-ның мерейлі даталары жөніндегі комитеттің төрағасы мүше мемлекеттердің өкілдеріне қарап: «Ал не айтасыздар? Қазақ халқы ұлы ақынының 150 жылдығы арқылы дүниежүзіне өзінің мәдениетін, әдебиетін таныстырмақшы екен. Қолдаймыз ба?», – деді дауыстап. Барлығы бір ауыздан мақұлдап, балғаларын тарсылдата жөнелді. Төбеміз көкке жеткендей болды.

Алғысымызды айту үшін кешкісін қолдаушыларымыздың барлығын қонақ қылмақшы болдық. Қалтамызда көк тиын жоқ. Тағы да Федерико Майордың алдына барып, мән-жайды айттық. «Етті, арақ-шарапты өзімізбен бірге алып келдік. Жоғарыдағы асханаңызды пайдалануға рұқсат етіңіз!», – дедік. Еш қарсылық білдірмеді. Қазақтың берекелі дастарқанында қонақтарымызды күттік. Ет атаулыға кірпияздықпен қарайтын еуропалықтардың жылқы етін сүйсіне жегенін көрсеңіз.

Міне, осы оқиғадан кейін ЮНЕСКО-мен байланысымыз жанданып, еліміздің бірнеше маңызды оқиғалары әлемдік деңгейде аталып өтті. Атап айтқанда, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тұсаукесері, Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы, Абайдың 150 жылдығы, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Әбілхан Қастеев, Әлкей Марғұлан мен Ахмет Жұбановтың 100 жылдықтарына арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Қаншама тарихи мұраларымыз ЮНЕСКО­ның құнды жәдігерлер тізіміне енді. Бүгінде Қазақстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда өз қызметін өрістеткен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросы бұл халықаралық ұйыммен табысты ынтымақтастықты дамыта түсетініне сенімім мол.

– 2003 жылдан бері ұстаздық қызметтесіз. Халықаралық қатынастар теориясында бір адамның дипломат әрі теоретик болуы өте қиын деп жатады. Расында да солай ма?

– Қиын екені рас. Біз студенттердің практикалық білімін шыңдау үшін Сыртқы істер министрлігінің қарамағында қызмет етіп жүрген дипломаттарды дәріс оқуға шақырамыз. Алайда олар келісе бермейді. Өйткені ғылыми дәрежесі болмағандықтан алатын жалақысы мардымсыз. Азын-аулақ ақша үшін уақыттарын өлтіргісі келмейді. Екіншіден, халықаралық қатынастар саласында білім беру үшін дипломатияның ұңғыл-шұңғылының бәрін білуің керек. Теорияны толық білу шарт, алайда ол практикамен ұштаспаса, маңызын жоғалтады. Оның үстіне, қазіргі студенттерді құрғақ сөзбен алдарқата алмайсың. Өз тәжірибеңнен мысал келтіріп, жандандырып айтпасаң, тез жалығады.

– Халықаралық қатынастар саласының болашақ мамандарын даярлау ісінде шешімін таппаған қандай мәселелер бар?

– Елбасымыз бір жиынында экономистер мен заңгерлердің тым көп екенін айтып еді. Саны көбейген тағы бір маман дипломаттар дер едім. Қазақстанда Сыртқы істер министрлігінің аппаратында 800-ге жуық адам қызмет атқарады. Шетелдегі елшіліктерде 1 000 адамдай қызмет етеді. Жылына 15-20 адам зейнетке шығады. Ал жыл сайын оқу бітіретін жас дипломаттардың саны 2 мыңға жетіп жығылады. Олардың бәрі қайда барады?

Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мәселені Қасым-Жомарт Кемелұлына айтқанмын. Ол кісі де бұл мәселеге қанық екенін жеткізіп, дипломаттарды дайындауды шектеу керегін айтты. Еуразия ұлттық университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытайық, қалған оқу орындарындағы халықаралық қатынастар факультеттерін жабу керек. Қазір облыс орталықтарын былай қойғанда, аудандарда да халықаралық қатынастарды оқыта береді. Сарыағашта дипломаттарды дайындап жатыр дегенді естіп, жағамды ұстадым. Мәскеуде бірақ оқу орны – МГИМО-да ғана халықаралық қатынастар факультеті бар. Ташкентте де дипломаттарды жалғыз университет дайындайды. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек.

Жастардан «Дипломатияны не үшін таңдадың?» деп сұрасаң, «сәнді» мамандық екенін алға тартады. «Дипломат болсаң, ел мен жер көресің, ақшаны күреп табасың» дегенді ата-аналар баланың құлағына құйып қояды. Ондай дәрежеге талмай оқып, бірнеше тілді меңгергендер, аянбай еңбек еткендер ғана жететінін ескере бермейді.

Елімізде бір дипломаттың жылдық шығыны орта есеппен 100 мың АҚШ долларына жуық. Қазір Қазақстанның шетелде 70-тен астам өкілдіктері бар. Елшіліктерде кемінде 15-20 адамнан қызмет етеді. Елдің бюджетіне қаншама салмақ түсіп жатқанын есептей беріңіз. Сондықтан дипломаттар өздеріне артылған жауапкершілікті түсінуі керек. Олардың атына айтылған мақтау да, даттау да тікелей елдің атына бағытталатынын ұғуы қажет.

– Қазіргі заманда тіл білген адамға барлық есік ашық. Алайда жастардың көбі қанша жыл бойы тіл оқыту курстарына барса да, мақсаттарына жете алмай жүргендерін алға тартады. Бірнеше тілді жетік білетін полиглот ретінде өзіңізден шет тілдерді сауатты меңгерудің тиімді жолын білгіміз келеді...

– Кез келген тілді жетік меңгеру үшін оған күніне кем дегенде алты сағат уақытыңды арнауың керек. Сонда ғана тілді үйрену әдетке айналып, еңбегіңнен нәтиже шығады.

Бүгінде әлемде алты тіл үстемдік етеді: ағылшын, француз, орыс, испан, қытай және араб тілдері. Ағылшын тілінің қолдану аясы өзгелерінен әлдеқайда кең, алайда соңғы жылдары оған қарсылық көбейіп келеді. Футурологтардың болжамынша, болашақтың тілі – испан тілі. Әр тілдің өз дәуірі болады. 17-18 ғасырларда француз тілінің мәртебесі жоғары болса, 19 ғасырдан бастап ағылшын тілінің үстемдігі күшейді. Алайда Дональд Трамптың жүргізіп отырған саясаты әлемде ағылшын тіліне қарсылардың санын көбейтті. Бүгінде АҚШ халқының 60 пайызы – испан тілділер. Демек, ғалымдардың болжамы негізсіз емес. Осы ғасырда ма, келесі ғасырда ма, әйтеуір бір кезеңде испан тілінің ықпалы күшейеді.

Мен ҚазҰУ-да жұмыс істеп жүрген кезде Қасым-Жомарт Қемелұлы испан тілін оқытуды қолға алу керегін ескерткен. Себебі Қазақстан испан тілінде сөйлейтін Латын Америкасы елдерінде өз елшіліктерін аша алмай отыр. Сол кісінің ұсынысы бойынша ҚазҰУ ректорымен ақылдасып, 15 шақты маман дайындадық. Қазір испан тілін жетік меңгерген сол кадрлар Бразилия, Куба, Мексика елдерінде қызмет етуде. Маман тапшы болғандықтан өзге мемлекеттермен байланыс орната алмай отырмыз. Уругвай, Чили, Перу, Аргентина сияқты Латын Америкасы елдері – озық нанотехнологиялардың отаны. Егер тілін білсек, олардан үйренеріміз көп. Болашақта қазба байлықтар сарқылғанда, күллі адамзат нанотехнологияларға телміретіні анық. Соны қазірден бастап игеріп, игілігін көру үшін дамыған елдермен еркін тілдесе алатын деңгейге жетуіміз керек.

– «Әке көрген оқ жонар» дейді қазақ. Бүгінде ұлыңыз Арман ізіңізді жалғап, елшілік қызметте жүр. Ол осы салаға алғаш қадам басқанда ұстаз ретінде не ескерттіңіз, әке ретінде неден сақтандырдыңыз?

– Арман – екі қыздан кейінгі аңсап жеткен ұлым. Кішкентай күнінен зерек болып өсті. Алты жастағы кезі болатын, үйде бәріміз теледидар көріп отырмыз. Араб тілінің маманы, шығыстанушы Фарид Сейфуль-Мулюков деген кісі сұхбат беріп жатқан. Соны көріп болғаннан кейін «Әке, мен де мына кісі сияқты араб тілін жетік меңгергім келеді» деді ұлым. Шыны керек, алты жастағы баланың сөзіне аса мән бермедім. Орталық комитетте жүрген кезім еді. Бір жылдан кейін елімізде Азия-Африка конференциясы өтті. Сол жиыннан кейін араб тілінің мәртебесін көтеру үшін Қонаевтың шешімімен Алматыда №9 мектеп-интернат ашылды. Орысша ойнап, орысша сайрап жүрген баламның тілін бұзып, араб тілін тереңдетіп оқытатын қазақ мектебіне бердім. Алтыншы сыныпта оқып жүргенінде №136 мектепте араб тілінен сабақ берді. Мектепті үздік бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетіне түсіп, оқуын бітірген соң Марокко Корольдігінің Фес қаласындағы Сиди Мұхаммед бен Абдалла университетіне екі жылдық араб тілін жетілдіру курсына кетті. Одан кейін Мысыр Араб Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық институтында дәріс алды. Оның Қазақстанда, Мароккода, Мысырда алған білімі дипломатия саласының баспалдақтарынан еркін көтерілуіне мүмкіндік берді. Бүгінде Арман Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін абыроймен атқарып жүр. Орта ғасырда Мысыр мен Шам мемлекеттерін 17 жыл билеген даңқты бабамыз Сұлтан Бейбарыстың іздері жатқан елмен Қазақстанның қарым-қатынасы ерекше. Бұған Арманның үлкен үлес қосып жүргенін әке ретінде, ұстаз ретінде мақтан тұтамын.

Байқасам, қазір дипломаттардың көбі қазақ тілінде жазып-сызуға шорқақ, өз ана тілдерінде еркін сөйлей алмайтындарын да көп көрем. Өзің ана тіліңді, онымен бірге сіңетін дәстүр-салтыңды білмесең, бөгде жұртқа барып, елің, жерің туралы не айтпақшысың? Жат жерде туған тілін сағынып жүрген қандастарыңмен қалай тілдесесің? Міне, осыны ескеріп, ұлымның ең әуелі қазақ тілін жетік білуін қадағаладым. Абайды, Әуезовті оқыттым. Қазір соның жемісін жеп жүр.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА

Соңғы жаңалықтар