20 мың қазақстандық жат ағымның жетегінде
20 мың қазақстандық жат ағымның жетегінде
ҰҚК терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары Сергей Швейкин Қазақстанда деструктивті ағымды ұстанатындардың саны 20 мыңнан асатынын хабарлады.
«Мәліметтерге сүйенсек, ХХІ ғасырдың басынан бері әлемде 72 мыңнан астам теракт болып, одан 170 мыңдай адам көз жұмған. Көп жағдайда олар радикалды, діни идеологияның ықпалымен жасалады. Интернеттегі үлкен насихаттың салдарынан біздің жеке азаматтар шетелдегі әртүрлі террористік ұйымдарға қосылып кетеді. Радикалды насихаттың қақпанына көзқарасы қалыптаспаған, діни білімі жоқ, жастық максимализмі басым жастар түсіп қалады. Біздің азаматтардың «Әл-Каида» құрамына кіру үшін Ауғанстанға бірінші рет шығып кету жағдайы 2008 жылы тіркелген еді. 2013 жылы Қазақстаннан шыққандардың көбі Сирия мен Иракқа аттанды. Осы кезеңге дейін шетелге 800-ге тарта Қазақстан азаматы өтіп кеткен», – деді Сергей Швейкин.
Сергей Швейкиннің айтуынша, шетелге шығып кеткен қазақстандықтардың көбі көз жұмған, қалғаны ұсталып, елге жеткізілген. Қазіргі таңда ҰҚК есебі бойынша, Қазақстанда деструктивті идеологияны ұстанатындардың саны 20 мыңнан асады. Террористер мен экстремистердің дәл осы деструктивті ағымды ұстанатындардың қатарынан шығатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Олардың басым көпшілігі Атырау, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тұрады екен.
Арайлым Жолдасбекқызы