Бұл не деген батпан құйрық?! Желідегі лотерея заңды ма?
Бұл не деген батпан құйрық?! Желідегі лотерея заңды ма?
Әлеуметтік желінің «әуені» әлі де таусылар емес. Соңғы уақытта желідегілердің «желігі» ұтыс ойындарына ауды. Барлығы бірдей жарысып лотерея ойнатып, билет сатуға көшті. Ал аз ақшаға қомақты жүлде алудан үмітті қарапайым халық ұтыс ұйымдастырушыларының бар талабын орындауға әзір. Алайда әлеуметтік желі арқылы ұтыс ойынын ұйымдастыру, лотерея ойнату қаншалықты заңды? Бұл сауал бүгінгі күні бүкіл қоғамды алаңдатып отырғаны хақ.
Әлеуметтік желілердің арасындағы ең танымалы – Instagram. Бұл желінің қолданушылары қазіргі уақытта ұтыс ойындарын аңдумен әлек. Ал жазылушысы көп, желіде біраз танылып үлгергендер ұтыс ойынын оңды-солды ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Бір миллион теңгенің көлігін лотерея ойнату арқылы екі-үш есе артық саудалап жүрген «жұлдыздар» тапқан табысынан мемлекетке салық төлемейтіні айдан анық.
Жуық арада табысын еселеп арттырып, тайраңдап жүргендердің басына қара бұлт үйірілер түрі бар. Өйткені елімізде «Лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қайта қаралуда. Ал заң жобасына өзгерістер енгізілсе, заңсыз лотерея ойнатқан жеке тұлғалар ұтыстан түскен қаржысынан толықтай қағылып қана қоймай, белгіленген мөлшерде айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Елімізде бекітілген заң бойынша кім көрінген өз бетінше лотерея ойната алмайды. Ол үшін арнайы ұйымнан рұқсат алуы тиіс. Рұқсат беретін ұйым – «Сәтті жұлдыз». Бұл – Қазақстандағы лотерея өткізуге құқылы жалғыз оператор. «Сәтті жұлдыз» акционерлік қоғамы 2017 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Үкіметінің №48 қаулысына сәйкес лотерея операторы ретінде 15 жылға бекітілген болатын.
Ереже бойынша, лотерея ойнатуға бел буған адам «Сәтті жұлдызбен» екіжақты келісімшарт жасауы қажет. Алайда ұтыс ойнатып, қалтасын қалыңдатып жүрген желі «жұлдыздары» бұл ұйымның барын да білмейтін тәрізді. Өйткені әлеуметтік желідегі ұтыс ұйымдастырушылар осы уақытқа дейін ұйымның есігін қағып көрмеген. «Сәтті жұлдыз» АҚ PR-менеджері Әсемгүл Сыздықова да осыны растайды.
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын ұйымдастырушылардың ешқайсысы бізбен келісімшартқа отырмаған. Хабарласып, мәселенің мәнісін сұрағандар бар, бірақ саусақпен санарлық. Келісімшарт жасалғаннан кейін құжаттар бойынша барлығы «Сәтті жұлдыз» АҚ атынан жүреді, жүлде қоры 50 пайыздан кем емес, спорт дамуына табыстың 15 пайызы және 12 пайыз қосымша құн салығы төленеді. Лотерея не тираждық, не лездік болуы тиіс, ал табысы бөлек талқыланады, – дейді Әсемгүл Сыздықова.
Ұтыс па, әлде лотерея ма?
Әлеуметтік желідегі ұтыстың заңды немесе заңсыз екенін анықтау үшін ұйымдастырушының өз сайысына қандай анықтама бергеніне мән берсеңіз болғаны. Егер ұйымдастырушы «лотерея» деген сөзді қолданып, ұтыс ойыны барысында лотерея билеті мен лототронды қолданса және оны өткізу үшін лотерея операторымен келісімшарт жасамаса, бұл ұтыс заңсыз болып есептеледі. Ал «ұтыс ойыны», «конкурс», «байқау» деп атаған ұйымдастырушыларды заң жүзінде жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі олар лотерея болып есептелмейді. Алайда бүгінгі күні әлеуметтік желіде ұйымдастырылып жатқан «ұтыс ойындары» мен лотереяның еш айырмашылығы жоқ. Барлығы да ең алдымен қатысушыларға арнайы билет әзірлеп сатады. Лотерея ойынындағыдай бағы жанған билет иесі жеңімпаз атанып, ұйымдастырушының басты жүлдесін қанжығасына байлайды. Сонда мұның лотерея ойынынан қандай ерекшелігі бар? «Ұтыс» немесе «байқау» деп өткізілген ойынның заңды немесе заңсыз екенін дәлелдеу қиын. Себебі «Лотерея туралы» заңда «егер де басқа компаниялар өз өнімін дамыту мақсатында тұтынушылары арасында ұтыс ойын өткізетін болса, оны «лотерея» деп емес, «ұтыс ойыны», «ойнатылым» деп атауы керек» деп көрсетілген», – дейді Әсемгүл Сыздықова. Ал байқауды өткізген адам сатылымға түскен билеттің қаржысымен оп-оңай қалтасын қампайтып алады да, тапқан табысынан мемлекетке салық төлеу туралы ойына да алмайды. Ендеше, мұны «заңға томпақ келмейді» деп бағалау әбестік емес пе? Бұл табысын жасырумен бірдей емес пе? Оның үстіне, олардың ойындарын қадағалап отырған жан жоқ. Соның салдарынан болар, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенге иек артып жүрген ұтыс ұйымдастырушылар қатары күн санап артып барады.Тоқтау болар күн таяу ма?
Дәл қазіргі сәтте ұйымдастырылып жатқан қомақты ұтыс ойынының бірі – әнші Нұрлан Еспановтан 20 автокөлік байқауы. Байқаудың Instagram желісінде арнайы парақшасы бар. Ұтыс ойынының жүлде қоры да қомақты. 20 автокөлік, 180 құнды бағалы сыйлықтар. Жарнамасы да жер жарады. Тек бұл байқаудың ерекшелігі – түскен табыстан 20-дан аса мүмкіндігі шектеулі жанға қол ұшын беретіні. Алайда көмектің қандай мөлшерде көрсетілетіні бізге де, өзгеге де беймәлім. Байқауға қатысу үшін 10 мың теңгеге билет сатып алуыңыз керек. Біз де байқау парақшасында көрсетілген нөмірге хабарласып, қарапайым желі қолданушысы ретінде ойынға қалай қатысуға болатынын сұраған едік. «Ойынға қатысу үшін 10 мың теңгеге билет аласыз. Бізде билет тез өтіп жатыр. Сол себепті қазір билет алып, тіркелесіз де, ойынға 100 пайыз дайын боласыз» деген жауап жазды. Ал «бұл ойын қаншалықты заң жүзінде ұйымдастырылуда және лотерея операторымен келісімшарт жасалды ма?» деген сауалымызға еш кідірместен «әрине, 100 пайыз заңды» деп жауап берді. Бұдан кейін біз «Сәтті жұлдыз» акционерлік қоғамына қайта хабарласып, олардың сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын білгіміз келген. Алайда компанияның PR-менеджері аталған байқау туралы ешқандай келісімшарттың жасалмағанын ашып айтты. Сонда байқауды ұйымдастырып отырған азаматтар кімді алдап жүр? Халықты ма? Мемлекетті ме? Олар үшін мемлекет алдындағы жауапкершілік деген түсінік бар ма? Әлде заңды белшесінен басып, қара басының қамын күйттегендерге заң жүзінде еш шара қолданылмайтынын біліп, осындай қадамға барып жүр ме? Айналып келгенде мәселенің бәрі заңның солқылдақтығына келіп тіреледі. Өйткені бүгінге дейін лотереяны заңсыз ойнатты деген норма толық анықталмаған. Оның үстіне заңсыз ойнатқан адамдарға ешқандай шара қолданылмайды. Десек те, биыл маусым айында Парламент Мәжілісіне «Лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы түскені хабарланған. Талқыланып жатқан заң жобасында лотерея ойнатудың принциптері мен оны заңсыз өткізгендердің арқалайтын жауапкершілігі қарастырылуда. Сондай-ақ бұл құжатта заңсыз лотерея ойнатуды әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызу ұсынылып отыр. Заңсыз ұтыс ұйымдастырушыларға алғашында ескерту жасалады. Егер ол адам бір жыл ішінде осы әрекетін тағы да қайталаса, ұтыстан түскен пайда тәркіленеді. Одан бөлек жеке тұлғаларға – 200, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 750, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2 000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бірақ бұл заң әлі де нақты бекітілмеді. Қашан бекітілетіні де белгісіз. Дегенмен бір үміт осы өзгерістерде болып тұр. Әйтпесе, мемлекетке салық төлеместен миллиондаған қаржыны қалтасына салып, жұмыр жерді жалпағынан басып жүргендердің әрекетіне тоқтау болмайтын түрі бар.