Түгел түркінің төрі – Түркістан
Түгел түркінің төрі – Түркістан
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында қаланың рухани-мәдени орталығында өткен концерттік шараға қатысып, облыс тұрғындарымен кездесті. Одан бөлек Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістан шаһарының құрылыс барысымен танысып, нысандарды аралады.
Түркістанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Craftsman-2019 халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесін тамашалады. Республика деңгейінде алғаш рет ұйымдастырылған шараға елімізбен қатар алыс-жақын шетелден қолөнершілер қатысты. Бұдан басқа, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген Неке сарайына барып, жастармен бейресми кездесу өткізді. Айта кетейік, мұндай арнайы ғимарат Түркістанда бұған дейін болмаған. Екі қабатты, 2 мың шаршы метрлік сарай – Қостанай облысының Түркістанға тартуы. Сондай-ақ Елбасы шаһардағы Халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұғып, орталықтың жұмыс барысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістандағы медиа орталықтың ғимаратына да барды. Орталық еліміздің бас қаласында орналасқан «Қазмедиа» ғимаратынан шағындау болғанымен, мүмкіндіктері бойынша кем соқпайды десе болады. Одан кейін Елбасы қаладағы музыка мектебіне барып, өнер мен мәдениет саласын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралармен танысты. Ал облыс әкімдігінің жаңа ғимаратына бас сұққан Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығын қайта құру жұмыстары бойынша аралық нәтижелерден хабардар болды.
Елбасы шаһарда жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екеніне тоқталды. «Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-і биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірі қатысып жатыр» дей келе, Түркістан қаласының құрылысы мен жандануына көмек көрсетіп, атсалысқандардың бәріне ризашылығын білдірді.
– Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді, – деді еліміздің Тұңғыш Президенті.
Келешекте Түркістан туристік орталыққа айналып, мұнда 5 млн адам саяхаттап келеді деген жоспар бар. Еліміздің астанасын таңдау кезінде де Түркістан ойында болғанын айтқан Елбасы бұл шаһарды облыс орталығына айналдыруды әуелден ойға алғанын жеткізді. –Тәуелсіздік алғаннан кейін әрине, мен тіпті Астананы таңдаған кезде де біраз ойландым, бірақ оған жағдай болмады, өздеріңіз білесіздер. Міне, енді уақыты келді, Түркістан қаласын облыстың орталығы жасап, қайтадан жандандырып, елімізге осы киелі орданы қайтару мүмкіндігі қолымызға тиді. Ендігі жылы көп ғимарат іске қосылып, жылдың ортасында, жарлыққа қол қойғанымызға екі жыл толғанда, бәріміз осы жерде кездесетін боламыз. Талай рет келдім, кесенені жөндеуден өткіздік, университет іске қосылды. Осының барлығының аяғындағы міндет – облыс орталығын салу еді, соған да қол жеткіздік, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарып, жұмыс орындары көптеп ашылатынын сөз етті.
–Түркістанның орналасқан жері – тоғыз жолдың торабы. Қытайдан біз арқылы Еуропаға өтетін дәліз бар. Теміржол бар. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанымызда тағы бір керемет орталық, тарихи қала бой көтеріп отыр. Бұл – бәріміздің қуанышымыз, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев екінші күні жұмыс сапарын қорытындылап, брифинг өткізді. Брифинг барысында Елбасы Түркістан шаһарының бүгінгі келбетіне көңілі толатынын, дегенмен маңызды жұмыстардың әлі де жалғасатынын тілге тиек етті. «Көптеген жаңа нысан бой көтеріп, жастар үшін жұмыс орындары ашылып жатыр. Ауруханалар, мектептер, қонақүйлер, халықаралық әуежай салынады. Су ресурстарымен қамту саласындағы мәселелерді шешу жоспарланған» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті әкімдіктің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары туралы айтты.
– Келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшыларын саммитке шақыруды жоспарлап отырмыз. Егер олар қатысуды растаса, біз оны Түркістанда өткізуіміз мүмкін. Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала – бұл Қазақстанның байлығы, – деді Елбасы.
Әлеуметтік желінің «әуені» әлі де таусылар емес. Соңғы уақытта желідегілердің «желігі» ұтыс ойындарына ауды. Барлығы бірдей жарысып лотерея ойнатып, билет сатуға көшті. Ал аз ақшаға қомақты жүлде алудан үмітті қарапайым халық ұтыс ұйымдастырушыларының бар талабын орындауға әзір. Алайда әлеуметтік желі арқылы ұтыс ойынын ұйымдастыру, лотерея ойнату қаншалықты заңды? Бұл сауал бүгінгі күні бүкіл қоғамды алаңдатып отырғаны хақ.