7 Қараша, 13:07 434 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Семейлік оқушылар домбырада еркін ойнайтын робот құрастырды

Семейде физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі Бақытбек Орынбаев пен оқушылар Мирас Мұратқанов, Нұрбол Мақтаев домбырада ойнай алатын робот құрастырды. Бұл туралы мектептің баспасөз қызметі хабарлады. 

Өнертапқыштар бұл еңбектерін Абайдың 175 жылдығына арнап отыр. «Әр оқу жылы басталарда алдымызға мақсат қоямын. Ортақ ойымыз жаңа бір туындыны жасап, құрастыру арқылы мектеп оқушыларын шығармашылыққа еліту, олардың қызығушылығын арттыру. Роботқа домбырамен күй тарттыру идеясы біраз уақыт ойда жүрді. Сәті осы уақытта түсіп отырған жобаны жүзеге асыруға толық 1 ай уақыт жұмсадық. Алдымен роботты құрастырып, содан-соң олардың пернені басушы, ішекті қағушы сияқты әрбір бөліктерін жеке-жеке жасадық», –дейді Зияткерлік мектеп мұғалімі, жоба жетекшісі Бақытбек Нұрлыбекұлы.

Күйші роботты құрастырушылардың сөзіне қарағанда, бұған дейін осыған ұқсасы болған. Тек ол бір күйді орындаумен ғана шектелетін. Ал, мына жаңа құрылғы домбырадағы барлық пернені еркін басып, ішекті қалауынша қаға алу артықшылығына ие. Ал егер күйді орындауда қателіктер болса, онда пропорционалды дифференциалдаушы реттегіш арқылы өзі есептеп, реттеп отырады.

Робот домбырада күйді компьютерге енгізілген ноталар арқылы орындайды. Құрастырушылар күйдің орындалу жылдамдығын да қалауынша өзгертулеріне қол жеткізген. Енді қазірдің өзінде жоба дана Абайдың «Торжорға», халық күйі «Қара жорға» мен халық әні «Еркем-айды» орындай алады. Ұстаз бен шәкірттер өз туындыларының кез келген шығарманы нота арқылы орындауға қауқарлы екеніне сенімді.

Естеріңізге салсақ, Бақытбек Нұрлыбекұлы бұған дейін 2018 жылдың түлегі Әділ Ордаев есімді оқушысымен бірлесіп құлтемірге қара жорға билеткен еді. Енді міне тағы бір тың жаңалығымен жұртшылықты таңғалдыруда.

 

Соңғы жаңалықтар