Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН – ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ!

ашық дереккөзі

ТҮРКІСТАН – ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ!

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтің «Елбасы және түлеген Түркістан» атты мақаласын оқып, терең ойға қалдым. Шынында да түркі жұртының інжу-маржанына айналған Түркістан тарихы кімді тебірентпеген! Мағжан ақынның «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан Ер Түріктің бесігі ғой...» деген өлең жолдарының әрбір қатарында қаншама тарих бұғып жатыр десеңші. Түркістан бір ғана Алаштың емес, жалпы түркі халықтарының, тіпті Шығыс халықтарының ақ ордасы, астанасы болған десек, қателеспейміз. Иә, киелі шаһар мыңжылдық өркениеттер тоғысқан, тарихи кезеңдердің шежіресін бойына жинақтаған, жүздеген ұлттар мен ұлыстардың бас тоғыстыратын қастерлі мекені.

Мақалада Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шаһардың жаһандық ауқымдағы беделі мен маңызын арттыратын шешімдер мен шараларға тұрақты қолдау жасағаны терең баяндалыпты.

Әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков кезінде «Түркістан үш жүз жылға жуық қазақ хандарының астанасы болған. Онда халқымыздың асыл азаматтары, ең қалаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемесек болмайды. Түркістанда облыс орталығы құрылса жақсы болар еді» – деп жазды. Міне, Өз-аға арманы жүзеге асып, Елбасы Н.Назарбаевтың көне шаһарды облыс орталығы етіп жариялаған тарихи шешімінің арқасында бүгінгі таңда киелі мекен түрленіп, қайта жаңғырып, өркениетке бет бұрды. Қазақтың тарихын жинақтап, қастерлеген көне шаһардың осынау гүлденген, түрленген ғажап дәуірі басталғанына куә болған біз де бақытты ұрпақпыз.

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері