Аты дәрі болғанмен, бағасы удай...
Аты дәрі болғанмен, бағасы удай...
Халық үшін аса қажетті тауардың бірі – дәрі-дәрмек. Бірақ елімізде дәрі-дәрмек төңірегінде шешімін таппай жатқан мәселе көп. Ең өзектісі – дәріхана сөресіндегі препараттардың бағасы қымбат. Тұрғындарды әбден әуреге салған дәрі-дәрмек бағасына қатысты түйткілдің түйіні тарқамай тұрғанына да талай жылдың жүзі болды. Жыл сайын биік мінберлерден көтерілетін бұл мәселенің нақты қашан шешілетіні көпке беймәлім.
Дәрі бағасы қымбаттады
Өткен жылдың басында дәрі-дәрмек бағасы барлық дәріханаларда бірдей болатыны әрі ведомстволық орган тарапынан бақылау орнайтыны айтылған. Бірақ содан бері әлі де дәрілік заттардың бағасы бірқалыпқа түсе қоймады. Елімізге келетін дәрі-дәрмектердің көбі шетелден жеткізіледі. Оны тасымалдау жұмысымен әзірге жекеменшік фирмалар ғана айналысатыны баршаға белгілі. Сондықтан әлгілер дәрілердің бағасына жол шығынын, салықты және өз пайыздарын қосады. Бірақ бүгінге дейін фирмалардың үстемеақысының қандай мөлшерде екенін ешкім бақылауға алған емес. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олардың нарығында бағаны қалыптастырудың нақты әдістері бар. Ел экономикасы үшін маңызды тауар мен қызмет түрлеріне нақты баға қойылып, қатаң бақыланады. Өнімге қойылатын талапта тауар құны әрі кеткенде 30 пайызға дейін өзгереді. Кей мемлекеттерде дәрі-дәрмек бағасы үнемі бақылауда. Мысалы, Түркияда дәрілік заттар құны қатаң қадағаланатындықтан, баға мүлдем төмен. Нәтижесінде, кейбір әлемдік фармкомпаниялар Түркияға дәрі-дәрмектерін жөнелтуден мүлдем бас тартқан. Ал Қазақстанда мемлекеттік тапсырыстан тыс сатып алынатын дәрі-дәрмектердің бағасына қандай да бір реттеудің болмауы салдарынан тұтынушылар зардап шегіп отыр. Сатушы қандай бағаны қаласа, сол бағаны қояды. Ресми деректерге жүгінсек, былтыр қаңтар-қараша айлары аралығында елімізге сырт мемлекеттен 21,7 мың тонна медициналық препарат жеткізіліпті. Сол үшін еліміз экспорттаушыларға 819,4 млн доллар төлеген. Көрші Ресей Қазақстанға 70,9 млн долларға 6,4 мың тонна дәрі-дәрмегін саудалады. Қытайлықтардан 2,6 мың тонна дәрі 9 млн долларға сатып алынды. Германиядан жеткізілген 2,1 мың тонна медициналық препарат 161,1 млн долларға бағаланды. Ал Үндістан біздің елге 1,6 мың тонна дәріні 62,8 млн долларға сатты. Одан бөлек Украинадан – 1,1 мың, Франциядан – 1,1 мың, Беларусьтен – 1,1 мың, Польшадан 746 тонна дәрі-дәрмек сатып алынды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, биылғы шілде айында дәрі-дәрмек 8,7 пайызға қымбаттаған. Ал өткен жылдың шілде айында антибиотиктер, витаминдер, жүрек-қан тамырларына арналған препараттар және анальгетиктердің бағасы 10 пайызға артыпты. Бір айта кетерлігі, соңғы жарты жылда елімізде 53 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі шығарылып, өткен жылмен салыстырғанда өндіріс 23 пайызға өскен. Десе де, бұл сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Мысалы, отандық өндірушілер антибиотиктерге деген сұраныстың 12 пайызын, ал витаминдер мен провитаминдерге деген сұраныстың тек 5 пайызын қамтамасыз етеді. Сондықтан сала шетелдік компаниялар шығаратын импорттық өнімдерге тәуелді. Фармацевтикалық препараттардың қымбаттауы Қызылорда, Ақмола, Алматы және Маңғыстау облыстарында байқалады. Ал сарапшы мамандар бағаның жақын арада төмендемейтіндігін, тіпті қымбатшылықтың жалғаса беретіндігін болжауда. Өйткені фармацевтика саласында баға саясатын қадағалайтын ұйымдардың жұмысы шикі. Олар ешбір бақылау жүргізбегендіктен, кейбір фармацевтикалық компаниялар арқаларын кеңге салып жүр.Бағаны бақылай аламыз ба?
Әзірге қолдан қымбатшылық жасаушылардың әрекетіне Денсаулық сақтау министрлігі де тұсау сала алмай келеді. Дегенмен жауапты ведомство қол қусырып отырған жоқ. Биылғы жылдың маусым айында Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова барлық жерде дәрі-дәрмектің бағасы бірдей болатынын мәлімдеген еді. «Барлық дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеу, дәрі-дәрмектерді рецептімен сату және жалған дәріге қарсы күресуге байланысты шараларды күшейту тәрізді мәселелер бойынша кейбір заңнама актілеріне өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістер азаматтардың сапалы дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге, ал бағаларды реттеуді енгізу республикамыздың барлық өңірлерінде бірыңғай баға саясатын жүргізуге мүмкіндік береді», – деген болатын Людмила Бюрабекова. Оның сөзінше, шетелден жеткізілетін дәрілік препараттарды тасымалдауға айтарлықтай қаражат жұмсалады. Одан бөлек дәрі-дәрмектерді тіркеу үшін де кететін шығын бар. Соның нәтижесінде, дәрілік заттардың бағасы қымбат болып жетеді. Министрлік айтып отырған өзгерістерден кейін дәріханалардың кірісі төмендеуі мүмкін. Өйткені олар дәрі-дәрмек бағасына қатысты ережелерді бұзса, жауапқа тартылады. Егер дәріхана бір рет ережеге бағынбаса, айыппұл арқалайды. Ал екінші рет қайталанса, дәріхананың лицензиясы жарты жылға тоқтатылады. Яғни, баға ережелерін бұзғаны үшін 70-тен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл салынып, заң бұзу қайта тіркелсе, фармацевтикалық жұмысты тоқтатуға дейінгі шара қабылданады. Биыл қыркүйек айында «Тұтынушылардың ұлттық лигасы» Алматыдағы дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасын тексерді. Тұтынушылардың құқығын қорғаумен айналысатын ұйым мамандары қаладағы ең ірі әрі танымал дәріханалардағы көп сұранысқа ие дәрілердің бағасын салыстырды. Зерттеушілер өзін әлеуметтік деп көрсететін дәріханаларда өзгелеріне қарағанда баға қымбаттау екеніне көз жеткізіп, таңғалды. Сонымен қатар қалада дәрі-дәрмектің орташа бағасы айтарлықтай жоғары екені анықталды. Мысалы, «Цитрамонның» бағасы 300 теңгеден басталып, 600-700 теңгеге дейін жетеді. «Қаланың орталығындағы дәстүрлі түрде қымбат саналатын, қызмет көрсетуге баса назар аударылған дәріханаларда дәрі бағасы ең арзан болып шықты. Алайда онда сатылатын дәрі-дәрмектің сапасы да күмән тудырарлықтай. Мысалы, лидокаинді сатып алуда, оның 5 үлгісінің үшеуі елімізде тіркелмеген болып шықты. Яғни, олардың құрамы мен сапасын тексеруге келмейді», – дейді ұйымның президенті Светлана Романовская. «Тұтынушылардың ұлттық лигасы» өкілдері қала тұрғындарының азық-түлік тауарларына қарағанда, дәрі-дәрмекке жиі шағымданаты-нын айтады. Көктемде Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров дәрі-дәрмек бағасына қатысты дабыл қақты. «Баға өсу қарқыны бойынша дәрі-дәрмектің құны азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың алдына шығып отыр. Дәрі-дәрмек нарығының қатысушылары бағаны қолдан көтеріп отырғанын байқап отырмыз. Бағаны бірқалыпта ұстайтын механизмдер енгізілгенше, жеткізушілер дәрі-дәрмектің жаңа құнын қалыптастырады. Бұл жағдай шұғыл түрде дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауының объективті және субъективті себептерін анықтауды қажет етеді», – деді Айқын Қоңыров. Оның сөзінше, дәрі-дәрмектің бағасы халық үшін тек әл-ауқаттың ғана емес, сонымен қатар денсаулықтың маңызды көрсеткіші. Бағаның қымбаттауы халықты дәрі-дәрмекке жұмсайтын ақшасын үнемдеуге мәжбүрлейді немесе медициналық препарат қолданудан бас тартуға итермелейді. «Статистика комитетінің мәліметінше, былтыр бір отбасы орта есеппен дәрі-дәрмекке 26 300 теңге жұмсаған. Ал 2019 жылдың алғашқы тоқсанында дәрі-дәрмек пен амбулаторлық қызмет құны күрт қымбаттаған. Халықтың денсаулығын сақтауға жұмсап отырған шығыны медицина қызметкерлерінің жалақысына оң әсер еткен емес. Дәрі-дәрмектің қымбаттауы нарықтағы ойыншыларға ғана пайдалы болып отыр», – деді халық қалаулысы. Естеріңізде болса, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ортақ фармацевтикалық нарығы іске қосылған болатын. Енді Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Армениядағы өндірушілер дәрі-дәрмектерді тіркеп, нарыққа шығару үшін бірыңғай ережелерді қолданады. Жаңа тәртіп нарықты қауіпті дәрілерден тазартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге фармацевтикалық зерттеулерге рұқсат беру, баға белгілеу, бөлшек сауда, мемлекеттік сатып алу және медициналық жарнама салаларын экономикалық одаққа мүше елдердің әрқайсысы бұрынғыдай өздері реттейтін болды. Өндірушілер үшін арнайы өтпелі кезең енгізілген. Яғни, 2020 жылдың аяғына дейін олар өнімді өз елінің ережесі бойынша немесе Еуразиялық экономикалық одақ қағидаттарына сәйкес тіркей алады. Ал тұтынушылар бұл өзгерістерді кейінірек сезеді. Өйткені дәрі-дәрмекті тіркеу мен нарыққа шығарудың арасында 7-10 ай уақыт өтуі мүмкін. Сонымен, дәрі-дәрмекке қатысты қордаланған мәселелер талқыға түскенімен, нәтижесінің қандай болары әлі беймәлім. Тіпті, жұртшылық дәрі-дәрмек бағасының арзандайтындығына және тегін дәрілік препараттар мәселесінің шешілетіндігіне сенуден қалған. Оған себеп те жоқ емес. Талай талқыға түскен дәрі-дәрмек түйткілдерінің түйіні тарқайтын уақыт әлдеқашан жеткен еді. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекет қазынасынан ең көп қаржы бөлінеді екен. Алайда бұл салаға бөлінген қаржының қайтарымы болмай отыр. Жұрт әлі күнге дейін сапалы медициналық қызметке қолы жетпей, әбігерленіп жүр. Қарапайым халықтың жартысы тегін берілетін дәріге қол жеткізе алмай жүрсе, екінші жартысының дәріханадағы дәрілік препараттарды сатып алуға қалтасы көтермей қиналуда. Ал әрбір жиын сайын сынның астында қалатын ведомство басшысы бәрінің қалпына келетіндігін айтып, уәде беруден, жаңа реформа қабылдаудан әрі аса алмай келеді.