Алаяқ – Америкада да алаяқ
Ресми статистикаға сүйенсек, өткен жылдың соңына дейін Қазақстанның 947 азаматы шетелде сотты болған. Ал бейресми деректер шетел түрмесінде отырған отандастарымыздың саны 3 мыңнан асып жығылғанын алға тартады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелге арам пиғылмен барғандардың дені пәтер, көлік сатумен айналысып, құзырлы органдар назарына іліккен. АҚШ-та 10 жылдан бері тұратын, сол елде жылжымайтын мүлік саласында қызмет ететін Еркебұлан Кәкімбеков есімді жерлесіміздің айтуынша, мұхит асып, көлденең олжаға кенелуді ойлайтын отандастарымыз көбейген. Сондай алаяқтардың бірінің қармағына жуырда өзі де ілініпті. Айтуынша, Қазақстанға АҚШ-тан бір құжат беріп жібермекші болып, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған. «Түріне қарасаңыз, қазақтың қарапайым қызы. Ойымызда ештеңе жоқ. «Менің атым – Махаббат» деп өзін таныстырды. «Менің досым Қазақстанға кетіп бара жатыр, құжаттарыңызды беріп жіберуге болады» деді. Біз оған маңызды құжатты тапсырып, көмегі үшін 40 доллар бердік», – дейді Е. Кәкімбеков. Алайда бойжеткен сол күні ізім-ғайым жоғалған. Тіпті, құжатты да қайтармапты. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, АҚШ-та түрлі қылмыс жасап, түрмеге жабылған отандастарымыздың қарасы қалыңдаған. «Бүгінгі таңда шетелдегі түзету орнында отырған қазақстандықтардың саны мыңнан астам. Олардың басым бөлігі ТМД, Азия, Африка, Еуропа, Америка елдерінде жазасын өтеуде. Ақшасын бермей кету, шетелге оқуға түсіремін деп ірі көлемде қаржы алып, алдап соғу секілді деректер жиіледі. Негізінен алаяқтықпен айналысатын делдал топтар басым, жекеменшік орталықтар бар», – дейді СІМ Консулдық қызмет департаментінің басқарма басшысы Оңталап Оңалбай. Министрлік қызметкері өткен жылдың соңында АҚШ-та болған алаяқтық деректерінің бірін еске түсірді: елден жырақта жүріп, 34 отандасының шамамен 450 мың долларын заңсыз қалтаға басқан елордалық азамат әлі күнге дейін ұсталмапты. Ол Чикагода логистикалық компания ашып, арзан бағаға көлік сатуды кәсіп еткен. Алайда есепшотына ақша аударылғаннан кейін ізім-ғайым жоғалған. Бүгінде оның қайда жүргені белгісіз. Мамандардың айтуынша, шетелде алаяқтықпен айналысып жүрген отандастарымыз өздерінің арам ойларын жүзеге асыру үшін көбіне оң-солын танымайтын қазақстандық студенттерді пайдаланады екен. «Белгілі бір топтар АҚШ-қа енді ғана оқуға барған жас студенттерді тауып алып, мынадай ұсыныс жасаған: «Біз сіздердің банк аккаунттарыңызға белгілі бір мөлшерде ақша жібереміз, сіздер өз үлестеріңізді алып, қалғанын бізге бересіздер». Мәселен, егер сенің шотыңа 20 мың доллар жіберсе, сен оның 1 мың долларын аласың, қалған 19 мың долларды алаяқтарға беруің керек», – дейді Еркебұлан Кәкімбеков. Алаяқтар жайлы ақпараттарға етіміз үйренді ме, осы күні шеттен жеткен мұндай хабарларға селт етпейтін болдық. Есесіне, жырақтағы отандастарымыз қазір ауыр қылмыс түрлерімен «таңғалдыруға» бейім. СІМ дерегінше, АҚШ-тың Вирджиния штатында біздің бір азаматымыз халықаралық қару тасымалдау айыбы бойынша қамалып, сот шешімін күтуде. Ал Дубайда адам өлтіріп, ұрлық жасады деген айыппен Қазақстанның бес азаматы 15 жылға дейін сотталды. Биылғы жылдың көктемінде Қытайдан тағы бір суыт хабар жетті. Жат жерде жаза басып, жазықсыз сотталған қаракөзіміз Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтара алмай, ел боп алаңдап жүргенде, аспан асты елінде есірткімен тағы бір отандасымыз ұсталды. 6 жылдан бері Қытайда оқып жүрген Қазақстан азаматы Юлия Ходева оқу бітіріп, елге оралуына екі ай қалғанда есірткі сатты деген айыппен түрмеге қамалды. Анасы қызының мұндай әрекетке барғанына сенбей, жазығы жоқ деп жап-жас қызды ел боп жамандыққа қимасақ та, айғақтардың бәрі оның айыбын әшкерелеп тұр. Қаһары күшті Қытай заңына қарсы елшілік не қайран қыла алады? Теріс жолға түсіп, қор болған қыз тағдырының артында ел беделі тұрса, қайтпек керек? Алыс тұрмақ, ағайыныңның өзі атыңа қарап амандасып, беделіңе қарап бет бұратын бүгінгі заманда мемлекет абыройына дақ түсіру болашағымызға бейжай қарау деген сөз емес пе?!.