Елге берерің болмаса да, беделіне нұқсан келтірме...

Елге берерің болмаса да, беделіне нұқсан келтірме...

Елге берерің болмаса да, беделіне нұқсан келтірме...
ашық дереккөзі
Соңғы уақытта National Geographic-тің Instagram-дағы ресми парақшасына Қазақстанда түсірілген суреттерді жиі жариялайды. Көріп қалсақ, бір-бірімізге сілтемесін жіберіп, таныс-тамырға сүйіншілей жөнелеміз. Мұнымыз – қазақтың елі, жері туралы шетелдіктердің білім-білігі артатын болды деп қуанғанымыз. Елдің халықаралық аренадағы имиджін көтеруге бағытталған шараларға там-тұмдап болса да сеп болады деп сенгеніміз. Алайда жалпақ жұртқа Қазақстанның атын танытуға «үлес» қосушылардың арасында алаяқтар мен ұрылардың, бұзақылардың көбейгенін ойласақ, ел беделін биіктетуге жұмсалған миллиондар зая кетпей ме деген күдікті ой оза шабады. Қарап отырсақ, қанша жыл өтсе де, шетелдік әріптестеріміздің әлі күнге дейін еліміз жайлы жазбаларға «Боратты» тықпалай беруінің бір себебі – шетелдік БАҚ-та қазақстандық туристер туралы жағымсыз деректердің жиі қылаң беруінде болса керек. Мәселен, жақында Біріккен Араб Әмірліктерінен жерлес­теріміз жайлы тағы бір жайсыз хабар жет­ті. Дубайдағы мейрамханалардың бі­рін­де ащы суға сылқия тойып алған қа­зақ­стандық туристер төбелес шығарған. Қазақстанның БАӘ-дегі бас елшілігінің мә­ліметінше, мейрамхана қызмет­кер­лерін­ің шағымы бойынша оқиға орнына жет­кен полицейлер төбелес және алко­голь­ді сусын ішу деректері бойынша екі хаттама толтырыпты. Абырой болғанда, қазақстандықтар айыппұлмен құтылған. Жерлестеріміз үшін ұятты болған бас елшілік оларды жергілікті заңға құрметпен қарауға шақырды. БАӘ-де ішімдік ішуге тыйым салынғанын біле тұра, сол елге де­малуға барған қазақстандық азамат­тар­дың дені бұл заңды белінен басатыны ұят-ақ. Осыдан екі жыл бұрын Австрияға саяхаттап барған тағы бір отандасымыз үшін ел боп қызарғанымыз есте. Вена қонақүйлерінің бірінде ішімдік ішіп, тыр жалаңаш шешініп, шу шығарған қазақ­стан­дық жайлы батыстық БАҚ жарыса жазған. Қоғамдық тәртіпті бұ­зып қана қоймай, қонақүй қонақ­тары­ның мүлкіне қол сұққан 33 жастағы азаматтың бей­бас­тығы жат елде Қа­зақ­стан жайлы оң әсер қалдырмасы анық. Оқиғаға куә болғандар, газет-журналдан оқып білгендер бұдан былай еліміз­дің атын естігенде бай тарихымызды, кең-байтақ жерімізді емес, ең әуелі әлгі жер­лесіміздің арсыз­ды­ғын еске түсір­месіне кім-кепіл?! Бір қарын майды шірі­тетін осындай «құмалақтар» қасық­тап жинаған абыройымызды шелектеп төгетіні қынжылтады. Соңғы уақытта шетел асқан қазақ­стан­дықтардың арасында сұғанақ қол­дар да көбейіп барады. Биылғы жылдың көк­темінде Бішкек полициясынан кісі то­наған үш отандасымыз жайлы хабар жетті. Үш ұры көшеде жергілікті тұр­ғын­­­ды тонап, қашып кеткен. Алайда кө­­ліктері жол апатына ұшырап, алысқа ұза­­маған. Тәр­тіп сақшылары жаяу қаш­қан үшеуді қолға түсірмей қоймады. Біш­­кек поли­ция­сының дерегінше, олар­дың бірі – 21-де, екіншісі – 28-де, ал үшін­­ші­сі 29 жаста көрінеді. Заңбұзу­шы­лар­­­дың көлігін тінту кезінде Макаров та­­пан­­­шасының 5 оғы табылған, ал қал­та­ла­ры­­нан 920 доллар көлемінде ақша шық­­қан. Бұл Қырғыз сақшыларының қазақ­стан­дықтардың ізіне алғаш рет түсуі емес. Өткен жылдың шілдесінде жергілікті полицейлер тұрғындардың толассыз шағы­мы­нан кейін Бішкекте бір­не­ше пәтерді тонаған екі азаматты қол­ға түсірген. Ұсталғандардың екеуі де қа­­­зақстандықтар екені анықталды. Қыр­­ғыз Республикасы ҚК 164-бабы («Ұр­лық») бойынша істі болған екеудің жалдамалы пәтерінен 5 ұялы телефон, ірі көлемде ақша, сағат, электрошокер, қолғап, әртүрлі кілттер, зергерлік бұйым­дарға арналған өлшеуіш­тер, долларлар мен сомдар тәркіленген. Біз БАҚ арқылы тарап, көптің құ­ла­ғына жеткен сан түрлі келеңсіз оқи­ға­лардың бірлі-жарымын ғана тілге тиек етіп отырмыз. Ал естімегеніміз, білмегеніміз қаншама. Қазақтың қанша баласы жат жұртта ұрлықпен жан бағатынын, Қазақстанның тағы қай азаматы шетелде «жақсы» атымызды жария қылып жүргенін кім білсін?

Алаяқ – Америкада да алаяқ

Ресми статистикаға сүйенсек, өт­кен жылдың соңына дейін Қазақ­станның 947 азаматы шетелде сотты бол­ған. Ал бейресми деректер шетел түр­ме­сінде отырған отандастарымыздың саны 3 мыңнан асып жығылғанын алға тартады. Сыртқы істер министрлігінің мәлі­ме­тінше, шетелге арам пиғылмен барған­дар­дың дені пәтер, көлік сатумен айналысып, құзырлы органдар назарына іліккен. АҚШ-та 10 жылдан бері тұратын, сол елде жылжымайтын мүлік саласында қызмет ететін Еркебұлан Кәкімбеков есімді жерлесіміздің айтуынша, мұхит асып, көлденең олжаға кенелуді ойлайтын отандастарымыз көбейген. Сондай алаяқтардың бірінің қармағына жуырда өзі де ілініпті. Айтуынша, Қазақстанға АҚШ-тан бір құжат беріп жібермекші болып, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған. «Түріне қарасаңыз, қазақтың қарапайым қызы. Ойымызда ештеңе жоқ. «Менің атым – Махаббат» деп өзін таныс­тырды. «Менің досым Қазақстанға кетіп бара жатыр, құжаттарыңызды беріп жіберуге болады» деді. Біз оған маңызды құжатты тапсырып, көмегі үшін 40 доллар бердік», – дейді Е. Кәкімбеков. Алайда бойжеткен сол күні ізім-ғайым жоғалған. Тіпті, құжатты да қайтармапты. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, АҚШ-та түрлі қылмыс жасап, түрмеге жабылған отандастарымыздың қарасы қалыңдаған. «Бүгінгі таңда шетелдегі түзету орнында отырған қазақ­стан­дық­тардың саны мыңнан астам. Олардың басым бөлігі ТМД, Азия, Африка, Еуропа, Америка елдерінде жазасын өтеуде. Ақша­сын бермей кету, шетелге оқуға түсіремін деп ірі көлемде қаржы алып, алдап соғу секілді деректер жиіледі. Негізінен алаяқтықпен айналысатын делдал топтар басым, жекеменшік орталықтар бар», – дейді СІМ Консулдық қызмет департа­мен­тінің басқарма басшысы Оңталап Оңал­бай. Министрлік қызметкері өткен жыл­дың соңында АҚШ-та болған алаяқтық де­ректерінің бірін еске түсірді: елден жырақта жүріп, 34 отандасының шамамен 450 мың долларын заңсыз қалтаға басқан елордалық азамат әлі күнге дейін ұсталмапты. Ол Чикагода логистикалық компания ашып, арзан бағаға көлік сатуды кәсіп еткен. Алайда есепшотына ақша аударылғаннан кейін ізім-ғайым жоғалған. Бүгінде оның қайда жүргені белгісіз. Мамандардың айтуынша, шетелде алаяқ­­тықпен айналысып жүрген отандас­тарымыз өздерінің арам ойларын жүзеге асыру үшін көбіне оң-солын танымайтын қазақстандық студенттерді пайдаланады екен. «Белгілі бір топтар АҚШ-қа енді ғана оқу­ға барған жас студенттерді тауып алып, мынадай ұсыныс жасаған: «Біз сіз­дер­дің банк аккаунттарыңызға белгілі бір мөл­шер­де ақша жібереміз, сіздер өз үлес­те­ріңізді алып, қалғанын бізге бересіздер». Мәселен, егер сенің шотыңа 20 мың доллар жіберсе, сен оның 1 мың долларын аласың, қалған 19 мың долларды алаяқтарға беруің керек», – дейді Еркебұлан Кәкімбеков. Алаяқтар жайлы ақпараттарға етіміз үйренді ме, осы күні шеттен жеткен мұн­дай хабарларға селт етпейтін болдық. Есесіне, жырақтағы отандастарымыз қазір ауыр қылмыс түрлерімен «таңғал­ды­руға» бейім. СІМ дерегінше, АҚШ-тың Вирджиния штатында біздің бір азаматымыз халықаралық қару тасымалдау айыбы бойынша қамалып, сот шешімін күтуде. Ал Дубайда адам өлтіріп, ұрлық жасады деген айыппен Қазақстанның бес азаматы 15 жылға дейін сотталды. Биыл­ғы жылдың көктемінде Қытайдан тағы бір суыт хабар жетті. Жат жерде жаза басып, жазықсыз сотталған қаракөзіміз Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтара алмай, ел боп алаңдап жүргенде, аспан асты елінде есірткімен тағы бір отандасымыз ұсталды. 6 жылдан бері Қытайда оқып жүрген Қазақстан азаматы Юлия Ходева оқу бітіріп, елге оралуына екі ай қалғанда есірткі сатты деген айыппен түрмеге қамалды. Анасы қызының мұндай әре­кет­ке барғанына сенбей, жазығы жоқ деп жап-жас қызды ел боп жамандыққа қимасақ та, айғақтардың бәрі оның айыбын әшкерелеп тұр. Қаһары күшті Қытай заңына қарсы елшілік не қайран қыла алады? Теріс жолға түсіп, қор болған қыз тағдырының артында ел беделі тұрса, қайтпек керек? Алыс тұрмақ, ағайының­ның өзі атыңа қарап амандасып, беделіңе қарап бет бұратын бүгінгі заманда мемлекет абыройына дақ түсіру болаша­ғы­мызға бейжай қарау деген сөз емес пе?!.